Әр отбасының орташа табысы 4,2 пайызға артады
Әр отбасының орташа табысы 4,2 пайызға артады
Шаруашылық биыл 50 гектар аумаққа тәтті түбір отырғызған. Ұңғымалар қазып, сол арқылы суару жұмыстарын жүргізуде. Аймақ басшысы қант қызылшасына бөлінетін субсидия көлемінің артып отырғанын айтып, алқап көлемін ұлғайта түсу керектігін жеткізді. Бұдан соң аймақ басшысы Жамбыл ауылдық округінде орналасқан «Жеміс-жидек» және Меркі ауылдық округінде орналасқан «ECO MERKE» шаруа қожалықтарының құлпынай алқабына барды. Біріншісі 10 гектарға, екіншісі 5 гектарға құлпынай отырғызған. «Жеміс-жидек» шаруа қожалығы ағымдағы жылы 10 гектар алқапқа тамшылатып суару жүйесі арқылы құлпынайдың «Альбион» атты тұқымын еккен. Сондай-ақ тағы 10 гектарға таңқурай отырғызуды жоспарлауда. Қожалық бұл жұмыстарды жүргізу үшін өз қаражаты есебінен 90 миллион теңге инвестиция салған. Ал бес гектар алқапта құлпынай өсіруді қолға алған «ECO MERKE» шаруа қожалығы тұқым түрлерін Италия мен Испаниядан жеткізген. Облыс әкімі «Бір ауыл – бір жоба» жобасы бойынша жұмыстарды жалғастырып, алқап көлемін арттыруды тапсырды. Ол үшін мемлекет, жергілікті билік тарапынан барлық тиісті қолдаулар көрсетілетінін атап өтті. Ақарал ауылындағы «Гүлдер» шаруа қожалығы көкөніс, жеміс-жидек сақтайтын қоймасы арнайы мұздатқышпен жабдықталған. Мұнда жылына 1100 тонна өнім сақтауға болады. Құрылысы өткен жылы басталған қойманың барлық жұмыстары бүгінде толығымен аяқталған. Қазіргі таңда қыстық алмалар сақтауға қойылуда. Аймақ басшысы қойма жұмысын оң бағалап, өңірдегі алма өсірушілерді бір кооперативке біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Ол өз кезегінде өнімнің сапасын бақылауда ұстауға, өткеруде тиімді болмақ. Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов осы ауылдық округтегі №5 орта мектеп-гимназиясы мен Ойтал ауылындағы мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын тексерді. Облыс әкімі жауаптыларға құрылыстардың сапалы жүруін әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді. Аудандағы «Меркі қант зауыты» бүгінде өз жұмысын жүйелі түрде жалғастыруда. Қазіргі таңда шаруалар 80 мың тоннадан астам қант қызылшасын өткізіп үлгерген. Аймақ басшысы алдағы жылдары облыстағы қант қызылшасы алқабын айтарлықтай арттырып, зауыттың толық жүктемесінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Ақермен ауылдық округі облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру бойынша пилоттық жобаға еніп отырған аудандағы екінші округ болып табылады. Бүгінгі таңда құжаттарды дайындау, өтінімдерді қабылдау шаралары ұйымдастырылуда. Алдын ала жүргізілген есептеулер бойынша жобаның бірінші бағытына сәйкес 310 аула, екінші бағыт бойынша 137 аула қамтылады деп көзделуде. Жалпы жоба аясында 145 жаңа жеке кәсіпкер өз ісін бастап, әр отбасының орташа табысы 4,2 пайызға артады деп жоспарлануда. Сондай-ақ 27 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Нұржан Нұржігітов құжаттарды дайындауда тұрғындарға барынша көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар ауылдағы әлеуметтік мәселелерді де кешенді түрде шешудің маңыздылығын атап өтті. Бұл орайда ауылдық округ әкімі мен аудан басшылығына артылатын жауапкершіліктің маңызы зор. Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Меркі ауданындағы Ойтал және Сұрат ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Айта кетейік, бұған дейін облыс бойынша түрлі деңгейдегі әкімдердің 1000-нан астам халықпен кездесу жиыны өткен десек, оның 31-і облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылған. №48 жалпы орта білім беретін мектептің акт залында өткен басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты. Кездесуден бұрын аймақ басшысы үш ауысымда оқитын мектептің қызметімен және кеңейту бойынша құрылыс жобасымен танысты. Сондай-ақ мұнда облыс әкіміне аудандағы білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен мәселелер баяндалды. Халықпен кездесуде жергілікті тұрғындар өздерін толғандырып жүрген әлеуметтік, білім беру, денсаулық сақтау саласына қатысты сауалдарын жолдады. Сонымен қатар ауылдықтар жол өткелін салу, суармалы су мәселесін де көтерді. Сауалдарға жауап берген Нұржан Нұржігітов аталған мәселелерді шешу бойынша облыс көлемінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға қысқаша тоқталды. Кейбір келеңсіз мәселелерге қатысты қосымша зерделеулер жүргізілетінін жеткізді. Дәл осындай кездесу Сұрат ауылдық округіндегі мәдениет үйінде де өтті. Алдымен аймақ басшысы ауылдағы тозығы жеткен «Қазпошта» ғимаратының жай-күйін көріп, жаңа ғимарат салу керектігіне назар аударды. Күрделі жөндеуді қажет ететін орта мектептің жұмысымен де танысты. Кездесуде сұраттықтар ауылда атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, ризашылықтарын жеткізді. Бұл ауылдық округ тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту бойынша пилоттық жобаға еніп, жеңілдетілген несие арқылы өз кәсіптерін алға бастыруда. Жобаның бес бағыты аясында табыстарын арттыра түскен ауылдықтар енді интернет мәселесін шешіп беруді сұрап отыр. – Біздің халықпен кездесудегі негізгі мақсатымыз – мәселелерді анықтап қана қоймай, оларды шешу үшін жұмыстар жүргізу. Әлеуметтік мәселелердің барлығы бірден шешіледі дей алмаймыз. Дегенмен оларды таяу жылдары шешуге қатысты жергілікті биліктің есепті жоспары жасалған. Облыстың кешенді даму жоспарына сәйкес, бюджеттің мүмкіншілігіне қарай меселелер кезең-кезеңімен реттеледі. Осы орайда тұрғындардың жергілікті билікке деген сенімі аса маңызды. Біз өзара ортақ жауапкершілікті сезінгенде ғана жетістікке жете аламыз, – деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов. Кездесулерден соң облыс әкімі азаматтармен жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі