Татулық тамыры тереңде
Татулық тамыры тереңде
Әулиеата өңіріне қоныс аударған ұйғыр халқы содан бері аянбай еңбек етіп, шама-шарқынша Қазақстанды өркендету мен дамытуға өз үлестерін қосып келеді. «Елге ел қосылса – құт» деп білетін жергілікті халық ұйғыр ағайынды да өзекке теппей, қиын-қыстау заманда барын бөлісіп, бауырына басты. Тағдыр талайымен Жамбыл жеріне қоныстанған бауырлас ұлт осылайша бақытын қазақ елінен тапты. Бүгінде жамбылдық ұйғырлар аталмыш мерейтойды кең көлемде атап өтуді ұйғарыпты. Осыған байланысты кеше Достық үйінде «Қазақстан – біздің өміріміз және тағдырымыз» атты республикалық конференция өтті. Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен және облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің қолдауымен өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, облыстық ішкі саясат басқармасы, «Қазақстан ұйғырлары» республикалық орталығының басшылары, Ұйғыр драма театры мен «Рухсара» би ансамблінің әртістері, ұйғыртанушылар, ғалымдар, суретшілер, Ассамблея мүшелері, республикалық «Жигит бещи», Аналар кеңесінің өкілдері, Ұйғыр жастар одағының басшысы, облыстағы этномәдени бірлестік төрағалары, облыстық ҚХА мүшелері қатысты. Басқосуда қолданбалы өнер және тұрмыстық бұйымдар көрмесі, ұйғыр суретшілерінің, ұйғыр жазушыларының кітаптарының көрмесі ұсынылды. Сондай-ақ Достық үйіне экскурсия жасалып, көпшілікке облыстық ұйғырлар мұражайының көрмесі, кітаптар мен музыкалық аспаптар, М.Қашқари атындағы этномәдени бірлестіктің кеңсесі таныстырылды. Бұдан кейін қатысушылар өңірдегі ұйғырлардың өмірі мен қызметі туралы деректі фильм мен М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің 15 жыл ішіндегі атқарған жұмысы туралы бейнероликті тамашалады. Жамбыл облыстық М.Қашқари атындағы ұйғырлар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Мухабат Турдыева іс-шара мақсаты бірлікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту, мәдениетаралық диалогтың қазақстандық моделінің жетістіктерін көрсету, ұйғыр халқының мәдени мұрасы арқылы жастардың бойына этностың құндылықтарын насихаттау, мәдени дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жандандырып, келешек ұрпаққа мұра ету және олардың бойында патриотизмді қалыптастыруды көздейтінін айтады. – Осы жиынға еліміздің әр өңірі мен Қырғыз Республикасынан да ат терлетіп келген құрметті қонақтар қатысып отыр. Мен барлықтарыңызға Жамбыл облысы ұйғырларының осы қуанышын бөліскендеріңізге өз алғысымды білдіремін. Қазіргі таңда мұнда ұйғырлардың үшінші-төртінші ұрпағы өмір сүруде. Олар қазіргі таңда еліміздің ауыл шаруашылығы, мәдениет, білім секілді барлық саласында еңбек ету арқылы үлкен жетістіктерге жетіп, мемлекетіміздің экономикасының қарышты дамуына үлес қосуда. Менің жалғыз арманым мен мақсатым – еліміздегі халықтар достығын дәріптеп, тұрақтылық пен бірлік жолында аянбай еңбек етіп, Қазақстанның өркендеуіне үлес қосу. Барлығымыз еліміздің патриоты бола отырып, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» қимылдасақ, талай белесті бағындыратынымыз анық, – деді жиында алғаш болып сөз алған М.Турдыева. Бұдан кейін сөз алған Қазақстан халық Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов ұйғырлардың Әулиеата жеріне қоныстанғанына 60 жыл толуын атап өту бір ғана өңір емес, республика бойынша айтулы, маңызды оқиға екенін атап өтті. – Осы жылдың тамыз айында менің қатысуыммен Алматы қаласында ұйғырлардың үлкен жиыны өтті. Сол кезде ауқымды мәселелер қаузалып, сындарлы шешімдер қабылданды. Қазір де сондай бір іс-шараның куәсі болып отырмыз. Әрине, бұл бүкіл түркі этномәдени бірлестіктерінің даму тарихы жүйелі қалыптасып келе жатқанын бейнелейді. Жалпы алпыс жыл деген қысқа мерзім. Алайда осындай қысқа уақытта М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі барлық қиындықтардан сәтті өтіп, облыс пен елдік деңгейдегі өрелі істерге етене араласты. Осы орайда елімізде этномәдени тұтастықты қалыптастыру жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға шексіз алғыс білдіремін, – деген М.Әзілханов бірқатар этномәдени бірлестік белсенділеріне ҚХА марапатын табыс етті. Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев ұйғырлардың Әулиеата өңіріне қоныс аудару тарихы мен мәдениетіне, елдің тұтастығына сіңірген еңбегіне қысқаша тоқталды. Сондай-ақ облыста қазіргі уақытта 75 этномәдени бірлестік жұмыс істесе, оның 31-і қоғамдық аккредиттеуден өткенін, өңір бойынша этносаралық қатынасты нығайту бойынша бірлік пен келісімді сақтау жайында осы жылдың өткен мерзімінде 907 іс-шара өткенін тілге тиек етті. – Басына қиын күн туған халықтардың арасында қазақтан ерекше қамқорлық көрген ұлттың бірі осы – ұйғыр этносы. Әлбетте, оларға қазақы ортаға келген алғашқы жылдарда қиын болды. Өйткені тіл білмеу, жатжұрттық сезім, сіңіп кету дағдылары үлкен кедергі келтірді. Дегенмен бұл қиындықтар уақыт өте келе, ұйғыр бауырластарымыздың үлкен еңбекқорлық пен шыдамдылық қасиеттерінің арқасында Қазақстанды ортақ Отан санап, Қазақ елін өркендету ниетіне ұласты. Бүгінде әулиеаталық ұйғыр этносы өзіндік тарихи-рухани құндылықтарын дамытып, оны болашақ ұрпақтарының бойына сіңіріп отырған белсенді қоғамдық бірлестік. Қазіргі уақытта өңірдің ішкі келісіміне, татуластығына үлес қосып отырған Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің жұмысы жемісті деуге болады. 15 жылдан бері бірлестікті Турдыева Мухаббат Абрдрахманқызы басқарып келеді, – дей келе, Еркін Құлымбайұлы меценат Полат Сеитовтің кеудесіне «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты. Бірқатар азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасы және алғыс хатымен марапатталды. Бұдан кейінгі сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Закиржан Кузиев ұйғырлардың бүгінде төл театры, ұйғыр тілінде мектебі бар екенін сөз ете отырып, осындай жағдай жасап берген мемлекетке ұйғырлардың алғыстан басқа айтары жоқ екенін меңзеді. Жұртшылықты бірлікке, ынтымаққа бастайтын ой қозғай отырып, М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің бірді-екілі мүшесіне ҚР Парламенті Мәжілісінің Құрмет грамотасын табыс етті. Жиында бірқатар тарихшы-ғалым, ұйғыртанушы, профессорлар ұйғырлардың тарихы жайында сыр шертті. Жұрт назарына «М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігіне» жетекшілік жасағандар туралы «Өмірде өзіндік із қалдырған» атты бейнеролик ұсынылғаннан кейін тілек-ниет сөзін облыстық «Әулие ата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары, ҚХА мүшесі Айгүл Қабиева жалғады. Сонымен қатар Республикалық ұйғыр этномәдени орталығының Құрметті төрағасы Ахметжан Шардинов және қәзіргі төраға Шаймардан Нурумов көпшілікке ақжарма тілегін бейнеқұттықтау арқылы жеткізді. Салтанатты іс-шара соңы «Біз Қазақстанның біртұтас халқымыз» атты концерттік бағдарламаға ұласты.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ