Жаңалықтар

Сайлауда заңды сақтау маңызды

Сайлауда заңды сақтау маңызды

Бүгін Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, студенттер, магистранттар, докторанттар және профессор-оқытушылар құрамымен кездесу өтті.

Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады. "Қазақстан Республикасының сайлау заңдылықтарын сақтау – Әділетті Қазақстан негізін қалыптастыру" тақырыбымен өткен кездесуде өзекті мәселелер қозғалды. Жиын барысында профессор, "Адал сайлау үшін" штабының мүшесі Ермек Абдрасулов сайлау процесі мен адам құқығына тоқталды. Штаб мүшесі, "Қазақстан заңгерлер одағы" Астана филиалының төрағасы Серік Беркамалов заңда көзделген азаматтардың сайлау бостандығын қамтамасыз ету кепілдіктері туралы айтып берді. Сондай-ақ ғылым жөніндегі проректор Жанар Ахатова және I курс студенті Бейбарыс Алмағамбетов сөз сөйледі. ҚР Президенттігіне кандидаттардың және олардың сенім білдірілген адамдарының үгіт жүргізу ерекшеліктері, кандидаттардың БАҚ-тағы материалдары мен эфирлерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету тәсілдері аудиторияның үлкен қызығушылығын тудырды.

Бұған дейін хабарланғандай, 27 қыркүйекте еліміздің заңгерлер қауымдастығын шоғырландыру мақсатында "Қазақстан Заңгерлер одағы" республикалық қоғамдық бірлестігінің базасында "Адал сайлау үшін" штабы құрылған еді. Заң ғылымдарының докторанты, аға оқытушы Вилора Тапакова сайлау заңнамасын уақтылы түсіндірудің маңыздылығын атап өтіп, университет қабырғасында өткізілген іс-шараға қатысқан қонақтар мен профессорлық-оқытушылық құрамға алғыс білдірді.