Ауыл шаруашылығы

ШАРУАЛАР БАР СУДЫ ПАЙДАЛАНА АЛМАЙ ОТЫР

ШАРУАЛАР БАР СУДЫ ПАЙДАЛАНА АЛМАЙ ОТЫР

Ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін ең өзекті мәселе – су. Тіршілік нәрінің жеткіліксіздігі көбіне мол өнім алуға да қолбайлау болатыны ақиқат. Бүгінде облысымыздағы біраз каналдардың тозуынан, кейбірінің құрылысының сапасыздығынан көптеген шаруа бар суды пайдалана алмай отыр. Осы мәселенің оң шешімін табуы үшін облыстың диқандары су шаруашылығына жауапты мамандармен бас қосып, жағдайды терең талқылады.

Өңірдегі бірқатар каналдар 90-шы жылдардағы тоқырау кезінде талан-таражға түсіп кеткен. Кейін жөнделгендерінің өзі құрылыстың сапасыздығынан көп ұзамай-ақ қайта сыр берген. Міне, осының кесірінен таудан келетін су егіндік алқаптарға жеткенше жерге сіңіп, жүйесіз ағып, шаруалар қажетіне жарата алмай отыр. Ал оның соңы өнімнің аздығына, табыстың көзделген нəтижеге жете алмауына əкелуде. Аталмыш басқосуды ұйымдастырған «Жер Ана» ауыл фермерлерінің қоғамын басқаратын Мария Ибраймова: – Өзім 30 жылдан бері ауыл шаруашылығымен шұғылданып келе жатқан «Мария» шаруа қожалығының иесімін. Егіндік алқапты түлетуге бірден-бір керегі су екені əмбеге аян. Қожалығым Байзақ ауданында орналасқандықтан, алқапты суғаруға көршілес Қырғыз елінен келетін суды пайдаланамыз. Шүкір, су жеткілікті деңгейде бар. Бірақ каналдардың талапқа сай еместігінен біз бар суды пайдалана алмай жүрміз. Ал Базарбай, Сеңкібай, Райс каналдары миллиардтаған теңгеге жөнделді. Бірақ ұзаққа бармай қайта қирады. Зардабын шаруалар – біз көріп отырмыз. Бүгін осы жайттардың жөнін табу үшін ақылдасуға тек шаруаларды ғана емес, су шаруашылығына жауапты мамандарды да шақырып, «дөңгелек үстел» басында талқыладық. Бұл мəселені біздің көтеріп келе жатқанымызға көп болды. Біз қозғамағанда кім қозғайды, судың дұрыс жетпеуінен біздің есіл еңбегіміз нəтижесіз болып жатыр, – деп шаруалардың жанайқайын жеткізді. 

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА