40 БАЛАҒА АРНАЛҒАН НЫСАНДА 200 ОҚУШЫ БІЛІМ АЛУДА
40 БАЛАҒА АРНАЛҒАН НЫСАНДА 200 ОҚУШЫ БІЛІМ АЛУДА
Аймақ басшысы алдымен «БиномСтройДеталь» ЖШС-нің панелді тұрғын үйлер құрылысы комбинатында болып, жұмысына қанықты. Кəсіпорын темір-бетон бұйымдарын, нақтырақ айтқанда су шаруашылығына қажетті каналдар, көпірлер, мелиоративтік лотоктар мен жеке құрылыс жүргізуге жəне қабырға панелдерін, арақабырғалар (перегород ки) шығарумен айналысады. Комбинат базасында өткен шағын кеңесте «БиномСтройДеталь» ЖШС-нің əлеуетін кеңінен пайдалану, панелді технологиясының тиімділігі мен мүмкіндігін мектеп салуда да қолданып көруге ұсыныстар айтылып, жауаптыларға нақты тапсырмалар берілді. Бұдан соң облыс əкімі Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжіне барды. Оқу ордасының қызметімен, педагог құрамы мен студенттердің жетістігімен танысты. Колледж ғимаратының «А» корпусы сонау 1920 жылы бой көтерсе, «Б» корпусы 1974 жылы салынған. Бүгінде ғимараттың тозығы жеткендігі байқалады десек, оны келер жылы күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, аймақ басшысы «Повстянко Григорий» жеке кəсіпкерлігінің матрас, есік өндіру цехында болып, жұмыстарына сəттілік тіледі. Нұржан Нұржігітов Дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернатына да арнайы ат басын бұрды. Жобалық сыйымдылығы 40 оқушыны құрайтын оқу орнында 200 бала білім алуда. Лицей-интернатын кеңейтуге қатысты құрылыс-жобасымен танысқан облыс əкімі жоба құнының қымбаттығына назар аударып, оны қайта қарау керектігін ескертті. Ал жұмыстарды келер жылдан кешіктірмей бастау бойынша жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі