Қоғам

МИБ-тің ПИК-тен АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

МИБ-тің ПИК-тен АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Кондоминиум объектісін басқарудың жаңа жүйесіне сапалы көшу мақсатында енгізілген жаңа формаға, яғни пәтер иелері кооперативінен (ПИК) мүлік иелері бірлестігіне (МИБ) немесе жай серіктестікке (ЖС) көшу мерзімі тағы бір жылға (2023 жылдың 1 шілдесіне дейін) ұзартылды. Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында мақұлданған бұл шешім немен байланысты? Заң бойынша әуелде белгіленген уақыттың өзгертілуіне не себеп? Жаңа форматта жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы, қарқыны қандай, тұтастай алғанда науқан қалай өтуде? Біз осы мәселелерді барынша тарқатып көруге тырыстық.

Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің проблемаларын шешіп, мұқтаждарын өтеуде ПИК-тің бәрі бірдей халықтың үмітін ақтап, сенімінен шықпайтыны қоғамда жиі көтерілгені жасырын емес. Бір ғана емес, бірнеше үйді қатарынан қарауына алған кейбір төрағалар тұрғындарға дұрыс қызмет көрсетпейді. Тиісті қызметін ар-ұятына сүйене атқармайтын төрағалар көрсетілмеген қызмет үшін ақша жинайтындығы халықтың ашуын тудыратыны және бар. Кезінде қаралмағандықтан көптеген үйлердің төбесінен жаңбыр тамшылап, еріген қар суы ағып, жылу, су жүйелері шіріп, подъездің алдындағы алаңқайлардан бастап, кондоминиум қарамағына кіретін балалардың ойын алаңдары, басқа да нысандар назардан тыс қалды. Одан бетер, ақша алуға еттері үйреніп, соған құныққан кейбір кооператив басшылары көпқабатты үйлердің төменгі қатарындағы сатылып немесе тұрғындары көшіп кеткен пәтерлерді жекеменшіктің, кәсіпкерлердің иелігіне беріп, жалдау ақысын қалтасына басып алудан да қаймықпады. Онысымен қоймай, оңай жолмен келген олжаны өзінің қажетіне жаратып, жымқырып кеткен жағдайлар да кездесіп жатты. Ал ауладағы балаларға арналған алаңқайларды абаттандырып, жарықтандыруды көптеген кооперативтер жергілікті әкімдіктердің міндетіне санап, ол мәселеге мүлдем бас ауыртпайтын, мойын бұрмайтын болып алды. Ол аздай кооперативке қарасты қанша үй болса да, жиналған қаржы солайымен бір ғана шотқа аударылғандықтан ақшаның қалай, қайда, қандай мақсатқа жұмсалып, жаратылып жатқанын қадағалап, бақылауға мүмкіндік жоқ. Осындай келеңсіздіктер мен күмәнді жайттар тұтастай тұрғын үй шаруашылығын жөнге келтіріп, оны басқару жүйесін қайта құрып, осы салада түбегейлі реформа жасау қажеттілігін туындатты. Келер жылдан бастап жүзеге асырылатын жаңа формат немесе мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) – бір көпқабатты тұрғын үйдің пәтер иелерінен ғана құрылатын коммерциялық емес заңды тұлға. Жай серіктестік (ЖС) – азаматтық шарт негізінде үйге ортақ мүліктерді барлық меншік иелерімен бірлесіп басқару және күтіп-ұстау формасы. Жаңа жүйе ең алдымен тұрғындар қаражатының ашық, яғни жариялы түрде, мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге бұл жүйе тұрғындарға кондоминиум нысанын басқару тәсілін қалауынша таңдау құқығын береді. Заңнама талаптарына сәйкес, МИБ-тер өзінің қызметін «мүлік иелерінің бір бірлестігінде – бір шот» қағидатына сүйеніп жүзеге асырады. Мұның өзі бір үйдегі пәтер иелерінен жинақталған қаражаттың басқарылуын бақылауға мүмкінд ік жасайд ы. Анығырақ айтсақ, МИБ-тің ПИК-тен түбегейлі айырмашылығы да сонда болса керек. Ең қолайлысы бұл жағдайда шотқа түскен ақшаны дұрыс әрі әділ бөлуге, ортақ мүддеге бағытталуына жол ашылады. Заң шығарушы орган осылай болатынына сенім білдіріп отыр. Нақтылай кетсек, ПИК-тің бір ғана шоты, ал қарайтын үйлері көп болды, ал МИБ-те әр үйге дербес шот ашылады. Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиевтың айтуынша, МИБ құру үшін тұрғындар жиналысының хаттамасы, әрбір тұрғын үйдегі пәтер иелерінің оған кіруге берген өтініші, төрағаны таңдау туралы шешімі және бірлестіктің үлгілік жарғысы, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуден өткені үшін бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде ақы төлегенін куәландыратын түбіртек сынды құжаттарды тапсыру қажет екен. Осыдан кейін ғана жаңа құрылым қызметін бастауға құқылы. –  Жасыратын несі бар, қаншама рет  «бұдан былай пәтер иелері кооперативі (ПИК) болмайды, оның орнына меншік иелері бірлестігі (МИБ) немесе жай серіктестік (ЖС) құрылады», деп айтсақ та, тұрғындардың оны бірден құптап, қолдап кетпеуі көп қиындық келтірді. Арасында кері тартатындар да ұшырасты. Осының бәрі істің ілгерілеуіне кедергі келтіріп, қолбайлау болуда, – дейді ол. Тағы бір тоқтала кетер жайт, бұрын ПИК-ті әділет органдарында тіркеу үшін жарғы талап етілмейтін. Ал МИБ жағдайында бұл міндетті түрде қажет. Облыстық әділет департаментінің тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ет у және бақылау бөлімінің бас маманы Жұлдызай Досмырзаева мүлік иелері бірлестігін мемлекеттік тіркеу үшін мүліктің меншік иелері бірлестігін (ММИБ) құру және тіркеу бойынша жиналыс өткізу, ММИБ құрамынан төрағаны 1 жылға, үй кеңесін 3 жылға және тексеру комиссиясын (тексерушіні) 3 жылға таңдау, ММИБ Жарғысын бекіту, халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы мемлекеттік тіркеуге құжаттарды тапсыру қажеттігін түсіндірді. Жиналыс хаттамасында көп пәтерлі тұрғын үйдің орналасқан жері, дауыс беруге шығарылған мәселелер, жиналыстың өткізілетін күні, нысаны, (уақыты, дауыс беру мерзімі), пәтер иелерінің, тұрғын емес үй-жайлардың жалпы саны, тегі, аты, әкесінің аты (егер жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың нөмірлері көрсетіле отырып, жиналысқа қатысатын пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің саны, шақырылған адамдардың, жиналыс төрағасының, хатшысының, үй кеңесі мүшелерінің тегі, аты-жөні, дауыс беру нысаны мен қорытындылары, жиналыс қабылдаған шешім көрсетіледі. Жиналыстың хаттамасына жиналыстың төрағасы, хатшысы, үй кеңесінің мүшелері қол қояды. МИБ -тің төрағалығына кез келген пәтер иесі сайлана алады. Оны жал пы жиналыста меншік иелері бір жыл мерзімге сайлайды. Егер бұрын ПИК-тің өзінде аула сыпырушы, электрик, сантехник, бухгалтер сияқты қызметкерлер штаты болса, енді олармен МИБ төрағасы тапсырыс беруші ретінде келісімшарт жасайды. Келісімшартта орындалатын жұмыстардың көлемі мен түрлері және еңбекақысының мөлшері анық көрсетіледі. Бірлестікті төраға қоғамдық негізде құрылған үй кеңесі мүшелерімен бірлесіп басқарады. Әр кезеңнің өзіне тән ерекшеліктері болатыны заңдылық десек те, жаңа формаға ауысудың машақаты да аз емес сыңайлы. Айталық, осы күнге дейін ешбір мекеменің қарамағына берілмеген, иесіз қалған коммуникациялар, бірде-бір пәтер иелері кооперативінің құрамына кірмеген үйлер жетерлік. Тұрғын үй қорын басқарудың жаңа жүйесіне ауысқанда мұның жайы қалай болмақ? Шынтуайтында кім және қайтіп басқарады, істі қалай жүргізеді? Айтуға оңай көрінгенімен, мүлік иелері бірлестігіне немесе жай серіктестікке көшпес бұрын жылдар бойына қордаланған, өкінішке қарай, әлі де түйіні тарқатылмастан келе жатқан осындай мәселелерді біржақты етіп, түпкілікті шешіп алса жөн болар еді. Қалай дегенде де 1 шілдеден бастап бұрынғы пәтер иелері кооперативтері (ПИК) түгелдей жойылып, көпқабатты тұрғын үйдің бәрі мүлік иелері бірлестігі (МИБ) және жай серіктестік (ЖС) деп аталатын басқарудың жаңа жүйесіне өтуі керек. Алайда тұрғындар үйді басқарудың оңтайлы жүйесіне көшуге асығар емес. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, кездескен қиындық-кедергілерге қарамастан облыста мүлік иелері бірлестіктері институтын енгізу жөніндегі реформаны іске асыру аясында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Кондоминиум нысандарын басқарудың жаңа формасына көшуге байланысты жиын өткізудің кестесі әзірленіп, жол картасы бекітіліпті. Кестеге сәйкес тұрғындар арасында жиналыстар мен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ