Қоғам

МЕРКІ ЖЕРІНДЕГІ БАЛБАЛ ТАСТАР

МЕРКІ ЖЕРІНДЕГІ БАЛБАЛ ТАСТАР

Балбал – ежелгі түрік дәуірінде жиі кездесетін тастан қашап жасалған адам бейнесіндегі ескерткіш. Қазақ даласының барлық аймақтарында кездеседі. «Балбал» – көне түркі сөзі. Түркологтардың пікірінше,«тасты тіп-тік етіп қадап орнатқан белгілер» деген мағынаны білдіреді.

Балбалдың этномәдени жөн-жосығы ежелгі түрік дәуірінде (VI-IX ғғ.) айрықша болды. Ежелгі түркі ғұрыптық кешендерінің көпшілігі қаған, тегін, тархан, чүр, түдүн сынды билік иелерінің және атақты бекзадаларының құрметіне арналып жасалды. Қарапайым халықтарға арналғандары да бар. Балбалдарды Ә.Марғұлан, Л.Р.Қызласов, А.Д.Грач, С.Г.Кляшторный, В.Д.Кубарев, тағы басқа ғалымдар Қазақстан, Тува, Моңғолия жерлерінен тауып зерттеген. Ә.Марғұланның деректері бойынша, ертеректе Қарқаралы, Баянауыл жерлерінде жалпы саны 300-350-ден астам бағанадан тұратын балбал тізбектері кездескен. Қазіргі таңда ЮНЕСКО тізіміне енгізілуге үміткер болып отырған тарихи ескерткіштің бірі – Меркі түркі ғибадатханасы деп аталатын мәдени нысан. Ол еліміздегі орта ғасыр түркілерінің мәдени-ғұрыптық кешені саналады. Бұл орын Жамбыл облысындағы Меркі ауылынан оңтүстікке қарай 38 шақырым қашықтықта орналасқан. Кешен биік таулы үстіртте жатыр. Қасында Меркі өзені ағып жатыр. Ғалымдардың айтуынша, Аралтөбе, Қасқасу, Сандық, Ұлысай, Шайсандық ескерткіштері Меркі (Жетісу) ескерткіш-кешен тобын құрайды. Меркі ғибадатханасы деп аталатын кешен Меркі өзенінің аңғарынан басталып, таулы қыратқа дейін көтеріледі. Оның жалпы аумағы 250 шақырымды алып жатыр. Онда тас балбалдар мен мүсіндер өте көп. Аталмыш кешенді ғалымдар түркілердің мәдени-ғұрыптық танымы бейнеленген бірегей тарихи-табиғи мұра деп бағалайды. Жамбыл облысындағы Шу-Жайсаң кешені жазықта орын тепсе, Меркі-Мыңбұлақ ғибадатханасы Қырғыз Алатауының батыс қыратында тұр. Тарихи кешен Меркі өзенінің жоғары ағысында орналасқан. Ол шамамен 2 700-3 300 метр биіктікті көрсетеді. Бірқатар дерек көздеріне сүйенсек, сол жерде барлығы 64 мүсін орналасқан. Оның 31-інде әйел бейнесі көрініс береді. Бұл ғибадатхана кезінде көптеген ғалымдар мен жиһанкездердің қызығушылығын тудырған. Оны алғаш рет ғылыми негізде орыс ғалымы И.В.Аничков зерттеген. Бұл 1895 жылдың шамасы еді. Ол өз еңбегінде балбалдарды тексергенін жазады. Содан кейін Ташкентке жіберген көрінеді. Оның айтуынша, аталмыш ескерткіштер арқылы түркі әлемінің жандүниесін тану қиынға соға қоймайды. Бұл жөнінде ғалым Айман Досымбаева «Меркі – Жетісу түркілерінің киелі жері» атты кітабында жан-жақты баяндап берген. Сондай-ақ ол жазбасында дәлелді дәйектерді оқырман назарына ұсынған. Аталмыш аумақта ерлер мүсіні кескінделген балбалтастың түрі көп. Тіпті қолына қырғи ұстаған жігіттің бейнесі сомдалған балбал да көзге шалынады. [gallery ids="4260,4261,4262,4263,4264"]