Жастар

«Блогер болу үшін табандылық қажет»

«Блогер болу үшін табандылық қажет»

Блогерлік ХХІ ғасырда сәнді де құрметті мамандықтардың біріне айналып үлгерді. Тіпті қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы танымал болуды армандамайтын адам кемде-кем шығар. Табысты блогер болудың қыр-сыры неде? Әлеуметтік желі арқылы қалай пайдаға кенелуге болады? Осындай біршама сұрақтардың жауабын креативті блогер-мобилограф Аяжан Орынбасардан сұрап білдік.– Аяжан ханым, өзіңіз жайлы айтып беріңізші? Блогерлікке қалай келдіңіз?

– Мен тарихы терең Тараз қаласында 1999 жылы дүниеге келдім. Өзім отбасымның ең кенжесімін. Аллаға шүкір, менен бөлек 3 бауырым бар. Әкем музыкант болғандықтан ба, кішкентайымнан өнерге жақын болдым. Тойға барып, ән шырқап, би билегенді өте жақсы көретінмін. 9-сыныптан кейін әншілікке қадам басамын деп ойлаған едім, алайда Жамбыл медициналық колледжіне түсу бұйырыпты. Бірақ тойда ән айтуымды доғармадым, сонымен қатар әр салтанаттың сәнін кіргізер «Асыл-Мұра» би тобын да құрып үлгердім. Ол кезде блогер болуды ойламаған да едім. Бір күні маған Дамир Бейсенбаевтан (қазіргі кезде жұртшылыққа «Dakentiy» лақап атымен танымал) вайн түсірейік деген ұсыныс түсті. Келісіп, не жайлы түсіретінімізді талқылай бастадық. Әрине, танымалдылық бірден келе қойған жоқ, жасырмаймын. Бірақ біздің талмай еңбектенуіміздің арқасында «Instagram»-дағы парақшамызға тіркелушілердің саны күннен-күнге арта түсті. Сабақты ине сәтімен демекші, блогерлікке осылай тап болдым. – Көпшілік блогер болу оңай деп ойлайды. Бұл мамандықтың өзіне тән қандай ауыртпашылығы мен қызықшылығы бар? – Шыны керек, әр жұмыстың өз қызығы мен шыжығы болады. Блогерлікті де бір жұмыс ретінде қарастыру керек. Кейбір адамдар    блогерлікті фотосессия жасап, видео түсіре салу деп ойлайды. Алайда бұл ой бұл мамандыққа мүлдем қарама-қайшы. Әр жазбаның астарында үлкен еңбек пен үздіксіз ізденіс жататынын ескермейтіндер де, білмейтіндер де бар. Содан да болар, түрлі желі платформасында өзін блогер санайтындар, блогер болғысы келетіндер қаптады. Әйткенмен блог жүргізу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін еңбек. Сондықтан осы іспен айналысуға бел шешсеңіз, белсеніп кіріспес бұрын алдымен «Бұл менің қолымнан келе ме? Қандай блогер боламын?» деген сұраққа жауап беру керек деп ойлаймын. Жұмыс барысына келер болсақ, мен күнімді әрдайым жоспармен бастаймын. Оқырмандарыма қандай тақырыптар қызық екенін анықтау арқылы күнделікті контент-жоспар ұсынамын. Қазіргі кезде әр секунд сайын контент жүргізу тәртібі өзгеріп жатқандығын аңғару керек. Мәселен, бұрын әдемі фото жасап, мағыналы мәтін жазу оқырман үшін жеткілікті болса, қазіргі таңда түрлі видео түсіре білу де аса қажет өнер. – Қазіргі таңда блогерліктен бөлек мобилограф ретінде есіміңіз инста-желіде жиі аталады. Бұл салаға қалай келдіңіз? – Әмбебап маман болу заман талабына айналды. Қазір 1 ғана мамандықты игеру аздық етеді. Блогер болу да қырағылықты, тапқырлықты, икемділікті талап етеді. Мобилографияға келмес бұрын мен ең алдымен SMM-ді толықтай игердім. Арнайы курс оқып, білімімді шыңдадым. Кейін тәжірибе жинау мақсатында әртүрлі жобаларды қолға алдым. Менің бұл салаға келгендегі ең алғашқы жобам – «KOTON» түрік трансұлттық киім компаниясының Тараз қаласындағы филиалының «Instagram» парақшасы. Бұл мамандықтың қиындығы мен қызықшылығын осы дүкенде жүріп көрдім десем, артық айтқаным емес. Stories-терді түрлендіріп салу, тұтынушылардың санын арттыру, әдемі пост жүктеу мен видеолар легін түсіру менің міндетім болды. Сонда менің айлығым – 20000 теңге. Таңертең жұмысқа ерте барып, кеш қайтатынмын. Әрине, «Блогерлер осындай мардымсыз ақшаға жұмыс істей ме?» деген сұрақ туындайтын шығар. Блогер ретінде маған жарнама арқылы табыс та түсті, бірақ жаңа мамандықты игеру маған табыстан маңыздырақ болды. Бұл тәжірибе де көп ұзамай өз нәтижесін берді. Қазіргі таңда мобилограф ретінде де табыс табамын. Жансая Аганас, Гүлдана Атабаева сынды Тараз қаласының белді блогерлерімен тұрақты жұмыс істеп, видео түсіруге көмектесетінмін. Тың идеялар әр видео түсірген сайын келетін, түсіруден шаршамайтынмын. Видеоларым жайлы жағымды пікірлер жиі айтылатын. Ауыздан- ауызға жетіп, қазіргі таңда бірнеше киім дүкенімен тұрақты жұмыс істейтін деңгейге жеттім. Құдайға шүкір, кейде тапсырыстарды қабылдауға уақытым да жетпей жатады. Мұның барлығы ерінбей еңбек етуімнің арқасы деп ойлаймын. – Парақшаңыздан мобилография саласында жетістікке жеткен оқушыларыңыз туралы айтып қалдыңыз. Бұл саланы өзгелерге үйрету идеясы қайдан келді? – «Instagram» парақшамды ашқан сайын оқырмандарымнан «Видео түсіруді үйретесіз бе?», «SMM маманы болуым үшін не істеуім керек?» деген сынды хабарламалар келетін. Өзімді білім беру саласында да сынап көрейін деген мақсатта оларға білгенімді үйретіп көрейін деп шештім. Оқушыларым да берген білімімді бірден іліп әкетіп, видео түсіруді тез меңгеріп алды. «Ұстаздан шәкірт озар» деген қазақ халқының мақалы бар ғой, қазір менің оқушыларым менен танымал. Озық инновациялы құралдар бойынша видео түсіріп, халықаралық деңгейдегі адамдармен жұмыс істейді. Оларды мақтан тұтамын! – Жақында тұрмыс құрыпсыз. Келін Аяжан мен блогер Аяжанның айырмашылығы бар ма? Қайын жұртыңыз блогер келінді қалай қарсы алды? – Иә, осыдан 4 ай бұрын Жуалы ауданының келіні атандым. Жұбайым керемет жан, ата-енем де өте жақсы адамдар. Үйде мені келін деп емес қыздарындай көреді, бәрі еркелетеді. Мен де өзімді келін сияқты емес, осы үйдің қызы секілді сезінемін. Үй тірлігіне келер болсақ, барлығын тек бір өзім атқарамын. Үйде үнемі қол ұшын созатын жандар бар. Ал менің жұмысыма келер болсақ, отбасым «Өзіне ұнайтын тірлігі, өзінің кәсібі, жасай берсін» деп мені әрдайым қолдап келеді. – Блогер болғысы келетін жандарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз? – Блогер болу үшін күні-түні ізденумен қатар шыдамдылық  таныту қажет. Адамдардың сөзін елемеуге кеңес беремін. Шаршамай, ерінбей еңбектену керек. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Аяулым ЖАМАНҚАРА