Руханият

ШЕРАҒАҢ АУЫЛҒА КЕЛГЕНДЕ

ШЕРАҒАҢ АУЫЛҒА КЕЛГЕНДЕ

Әкеміз Болатбек Қайыпбекұлы туған бауыры, журналист-жазушы Мақұлбек Рысдәулет ағамыз арқылы қазақтың біраз беткеұстар ақын-жазушы, қоғам қайраткерлері, ел-жұртқа аты мәшһүр тұлғаларымен танысып, сұхбаттасқан, дастарқандас болған сәттерінен қызықты да үлгі аларлық әңгіме айтып отыратын.

Солардың бірі де бірегейі Жуалының Мыңбұлағының даңқты перзенті, қазақ журналистикасы мен әдебиетінің қаранары Шерхан Мұртаза атамыз еді. Ол – Жуалының ғана емес, еліміздің мақтанышы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, талантты жазушы, журналистика ісінің шебер ұйымдастырушысы, қазақстандық шығармашыл қауымның үлкен ұстазы. ...Әкей Бақалы ауылының ел ағасы болып 25 жыл, Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы болып 21 жыл қоғамдық қызметке белсене араласты. Сол қызметін атқару барысында Шерхан Мұртазаның 60, 70, 75, 80, 85 жылдық тойларына аудан ардагерлерін бастап барып, қатысып жүрді. Әкемізбен дидарласып, сырласып тұру өміріміздің ең бір қызық та қимас сәттері болып есімізде қалды. Ол кісі ұзақ жылдар бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген, мектеп басшысы болған қазыналы қария. 2002 жылы қазақтың біртуар азаматы Шерхан Мұртазамен кездескенде көңіліне түйгенін және екеуара сұхбатын қызықты әңгімеге арқау етіп еді. – Өткен жылан жылының тамыз айының бас кезі еді, – деп бастады әкей әңгімесін. – Шерхан ағаны Таразда тұратын бауырым қонаққа шақырып, үйіне ертіп келу ауылымыз аралас болған соң маған жүктелді. Таңертең Талапты ауылын бетке алдық. Шерағаң бұл кезде інісі Батырханның үйінде кезекті еңбек демалысында екен. Алатау жағынан машинамен төмендеп келеміз. Үйге беттей бергенде ауладағы тапшанда маңдайы кере қарыс Шерағаңның ауылдастарымен сөйлесіп отырғанын бірден аңғардым. Қасында – мен танитын қарт ұстаз Дүйсенбай Шоңғаров, бауыры Батырхан және сол ауылдың бір азаматы. Сәлем беріп, хал-жай сұрасып, ә дегеннен келген шаруамды айттым. – Иә, білемін, өткенде Мақаң «дәм татыңыз» деп үйіне шақырған... Мен дайындалайын, – деп, жеңіл көтеріліп үйге кіріп кетті. Көп кешікпей Шерағаң мен зайыбы киініп шықты. Шерағаң келіндеріне қарап: – Мына кісіге «Үйге кір» дедіңдер ме? – деді салмақтана. Әйел балалары асып-сасып үлкен кісіге жауап бере алмай күбіжіктеп қалды. Осы сәт Шерағаң сөзін бұрынғыдан да нығарлай түсті: – Үйге кірген жыланға да қазақ ақ құюшы еді ғой, бұларың не, сендер қазақ емессіңдер ме? – Асығыспыз деген соң... Кешіріңіз, – деп, өз қылықтарына өздері ыңғайсызданған олар бізге «Үйге кіріп дәм ауыз тиіңіздер», деп ізет көрсетті. – Ештеңе етпейді, оқасы жоқ, әуре болмай-ақ қойыңыздар, – деп едім, Шерағаң қоймай үйге кіргізіп, бізді жоғары отырғызып, өзі бір шетке жайғасты. Көп кешікпей Мыңбұлақтың сары салқын қымызы келтіріліп, ол сапырылып құйылып, бізге ұсынды. Баппен әзірленген қымыз ішкен сайын таңдайыңнан дәмі кетпестей әсер қалдырды. Шамалы уақыттан соң дастарқанға бата қайырып, үй ішімен қоштасып, жолға шықтық. Машина ескі Орақ-балға ауылының жұртын бетке алып, Шерағаң өзі төсеткен тақ-тақ жолмен зулап келеміз. Шерағаңды сөзге тарттым. – Аға, мына Мыңбұлақта демалысты қалай өткізіп жатырсыз? – Шүкір, туған ауыл топырағына келгелі де біраз күндердің жүзі болып қалды. Таңертеңнен тұрамын, немереміз екеуміз ерттеулі екі атқа мініп, күншығысқа Шонқараға қарай 5-6 шақырым, келесі күні сіздің Бақалы ауылына қарай атпен желе жортып серуен жасап, таза таңғы самал ауамен тыныстап, сергіп қайтамын. Мына орылып жатқан егінжай, шабындық, таудан құлап ағып жатқан Ақсай мен Көксайдың мөлдір де кәусар тау суы не деген керемет табиғат сыйы десеңізші! Осының өзі кісіні жасартады, көңіліңді көтеріп, тасытады емес пе? – деп, айналаға көз тастады. Орақ-балғаға да келіп қалдық. – Бір кездегі қалың ауылдың тек орны ғана қалған, – деп ауыр тыныстады. Шерағаңның осы сөзінен кейін ойға Жүсіп Баласағұнның бір нақыл сөзі орала кетті. Мен тақпақтап айта жөнелдім: – «Болған талай қалалар да, халық та, Уақыт көмді бәрін табытқа. Болған талай ауылыңыз, тайпаңыз, Қазір соның ізін тауып байқаңыз», – деп, – Мына төбе бейіт екен ғой, – дегенім сол еді, ол кісі іштен дұға қайырып, қолын жайып, бетін сипады. – Жақсы айтқан, ұлы ғұлама. Мұндай асыл сөзді жадыңда сақтағанның өзі қасиеттілік. Шынында да бұл жерде небір кесек тұлғалар мен қасиетті ата-бабаларымыз жатыр, – деп терең ойға бір сәт шомғандай болды. – Осындай жер жаннатын тастап, мына Көлбастауға бекер-ақ көшті ғой. Ол көше тар, айналасы егіс, онда бір кездегі орыс-орманның қаз-үйрегі мен доңызы жайлап жатқан сайынан басқа не бар еді, ескі ата қонысын бекер тастап кетті ғой, – дедім мен. Шерағаң: – Есектің арқасының қырындай жерге келіп қыстырылып отырғаны менің де көңілімнен шықпайды. Баукең де талай рет бас шайқаған. Бекершілік болған. Үлкен қателік, – деді жай ғана. – Талапты, Бақалы, тағы басқа Жуалыдағы бірсыпыра ауыл кір жуып, кіндік кесіп, туып-өскен отанында отырып-ақ жаман болған жоқ, – деп мен де заңғар жазушының сөзін қуаттадым. Әңгімемен Көлбастау, Бауыржан Момышұлы ауылдарын айналып өтіп, Ташкент – Алматы жолына түсіп, Таразды бетке алғанда жүріс жылдамдай түсті. – Шераға, сіз бізбен 1999 жылы Мәжіліс депутаттығына кандидат кезіңіздегі кездесуде: «Мына Теріс қасиетті өзен. Өзеннің дені батысқа, солтүстікке қарай ағады. Шығысқа қарай ағатын өзен өте сирек. Мына Теріс шығысқа қарай ағып жатыр, бұл теріс аққан өзен болғандықтан бұны бабаларымыз Теріс деп атаған» деген сөзіңіз естен кетпейді, – дедім тағы бір әңгіменің шетін шығарып. – Бұдан біраз бұрын геолог-тарихшы Әділхан Байбатша осы біздің Жуалы, оның өзені, тау-тасы, табиғаты, Теріс, Күйік, Мыңбұлақ, Құлан, Қаратау, Алатау туралы үлкен ғылыми еңбек жазды. Пікірлері орынды сияқты... – Иә, ол геолог, ғалым жігіт. Көп біледі, жақсы жазды және дұрыс жазды. Туған, өскен жердің тарихын білу – парыз. Сонымен бірге оның топырағының құнарлылығын сақтай білу керек, – деп әңгімесін басқа арнаға бұрды. – Мен бір топырақтанушы ғалымның кітабын оқығаным бар. Алтай тауын бір күні ерекше қою қара бұлт жапсын. «Бұл қандай бұлт?» деп жұрт таңырқанып, түсіне алмай тұрғанда әлгі бұлтыңыз аспаннан қара топырақ болып жауған. Ғалым кейін білгеніндей, Кар теңізінен көтерілетін (Солтүстік мұзды мұхиты) қатты, ызғарлы жел тың өлкесінің топырағының құнарын суырып, шыр айналдыра әуеге көтеріп, оны Алтай тауына жаудырған екен. Ал әлгі аспанға ұшқан гумус (қарашірік) енді 100 жылдан кейін қайта қалпына келеді. Табиғат тепе-теңдігін сақтау дегеніңіз – өмірді сақтау! ...Күйік асуынан өтіп бара жатып, оның осылай аталу тарихы, Айша бибі, Аса, Шөлдала атауы қайдан шыққаны туралы мол мағлұматтар айтқанда, жазушының өзі айтқандай, туған жер тарихын жақсы білетіндігіне көзім жетті. Шерағаң Айша бибі ауылына таяғанда үлкен даңғылдың екі шетіндегі егілген талдардың өртенгенін көріп, қатты қапаланды. – Бұл не деген көрсоқырлық, ауаны тазартып, табиғатқа корек беріп, тіршілікке сая болып тұрған талдарды өртеп жіберу – аса қатыгездік. Бұл талдар енді көктеп, енді дәл осындай болып өскенше қанша уақыт керек болады? – деп бас шайқап, аса бір көңіл құлазытарлықтай реніш байқатты. Осы жүрекке жететін сөзі арқылы тұлғаның табиғат жанашыры екенін аңғардым. Көп ұзамай шақырған үйге де келіп жеттік. Аға отбасымен ағалық мейір-шапағатты көңіл күймен қауышып, аман-саулық сұрасып жатты. Шерағаңнан өзге үлкен ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахмет, драматург Елен Әлімжан, облысқа белгілі азамат Еркінбек Солтыбаев араларында 3-4 сағат ауқымында ел, Отан, халық, ынтымақ, бірлік, ғылым, өнер туралы көп әңгіме айтылып, мәңгі есте қалар сұхбат болды. Осы басқосуда Шерағаңның Жуалыда, Теріс-Ащыбұлақтағы оқушылар лагерінде 1992 жылы аталып өткен 60 жылдық тойы туралы еске түсіргенде Шераға: – Ол той мына отырған, сол кезде ауданның әкімі болған Еркінбектің арқасында соншама ұлан-асыр, есте қаларлық болып өтті, ал алғыс пен рақметті осы Ерекеңе айталық, – деді. Қоғам қайраткерімен ескерткіш болсын деп бірнеше рет суретке түстік. Ол кісі аса бір ризашылық сезімде көңілді отырды. Қайтар сәтінде әрқайсысымызбен мұсылманша төс түйістіріп, жүрегімізге нұр құйып аттанды. Қазақтың ұяты мен абыройы бола білген даңғайыр жазушы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Шерағаңның халқына бергені мол екенін әкейдің ұзақ толғаған әңгімесінен танып-білгендей болдық. Арыстандай айбатты, жолбарыстай жүректі азаматтың туғанына 90 жыл толуы алдында бізге қалам ұстатқан әкей айтқан осы әңгіме еді... Өмірі мен қызметі кейінгі ұрпаққа үлгі Шерхан Мұртаза атамыз біздің Жуалы жерінің түлегі, оның үстіне ұлы тұлға Бауыржан Момышұлымен ағайын-туыс, бір ауылдан екендігінің өзін де тағдырлар үндестігі деп қабылдаған жөн. Шерхан Мұртазаның басылымдардағы мақалаларын, шығармаларын үнемі оқып тұрамыз, әрі оны студенттер арасында әңгіме етіп отыру бізде дәстүрге айналғанын айта кеткім келеді. Халық ұлының отбасы, Отан, ел, ынтымақ, бірлік, бауырластық туралы қанатты сөздерін қойын дәптерімізге түсіріп, жаттап, сөз арасында студенттерге айтып жүру өмір дағдымыз іспетті. Шераға өзінің саналы ғұмырын ұлтының рухы мен намысын көтеруге арнады. Ол «Рух пен намыс – егіз, қазаққа руханият, руханият керек!» – деуден әркез жалыққан емес. Тараз қаласында тұрақты тұрған кезінде орталық мешітке жұма намазға келіп, намазға қатысып, бата беріп, намазхандар ризашылығына бөленгенін де естігенбіз. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар айтқандай, «Кім кішіпейілділік көрсетсе, Алла оның мәртебесін көтереді, өсіреді...», деген. Қазір қаламның заманы болды ғой. Қалам арқылы қоғамды түзеуге де, адамдықты жамандыққа бастауға да болады. Алла Тағала жазу қабілетін нәсіп еткеннен кейін осы нығметті, ерік-жігерді оның разылығы жолында сарп ету керек! Иә, Шерағаң солай етті. Шерағаң қазақ ұлтының өсіп-өркендеп, мына шетсіз-шексіз жұпар жайлауы мен жерұйығына ие болса деп үнемі айтар еді. «Кең байтақ жердегі бір уыс қазақтың рухын өлтірмей, ұрпағын өсіру керек. Бізден кейінгі ұл мен қыз бізден ақылды болсын, намысты болсын! Қазақы болсын, халқын көбейтсін, қазақты әлемге танытатын болсын!» деп басқосуларда бойда қайрат, ойда көз болуын қалар еді. Бірде Түркібасы мен Жуалы шекарасында генерал Тәттібай Дүйсебаевқа ас беріліп, Шерағаңа сөз беріледі, ол кісі: – Ілгеріде Құлыншақ Кемелұлы есімді ақын өткен, шайыр болған. Меккеден қажылық сапардан Қара теңіз арқылы Қырымға келгенде «Ауру таратасың, жұқпалы ауру жұқтырғансың» деп бері өткізбей қойған. Сонда шайыр: Адамзат келер-келер, 100-ге келер, Пендені үйде өлсе де түзге көмер. Құдай-ау, иманымды саламат ет, Ағайын қайда бізді іздеп келер! – депті, біз сіздің рухыңызға бас иіп, іздеп келіп тұрмыз, – деген екен. Сөзді ретімен, қажетті жерінде ұтымды қолдана білер еді һәм әр аузынан шыққан сөз ғибратқа толы болып естілер һәм есте сақталар еді. «Өзің алтын сандықтың үстінде отырсаң да халқыңның өсімі аз болса, бала табуға қабілетті жас әйелдер қысыр жыландай сумаң-сумаң, сидаң жүрсе, құдай ақырын берсін, айналамыз алпауыттар ғой!» деп, халықтың өсуіне ынтызар кейіп көрсетер еді. Рим қаласында бір ескерткіштің тұғырына «Бұл ескерткіштің тұғырын өзім қаладым, мүсінін келешек ұрпақ қалайды» деген сөз жазылған екен. Сол айтқандай, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының бас ғимараты алдына Шерағаның тұғырлы ескерткішінің бой көтергені баршамызды қуантты. ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 11/ІV Қаулысымен Жуалыдағы №1 мектеп-гимназияға, Қордай ауданындағы №6 негізгі мектепке, Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназияға, Шу ауданындағы орта мектепке (бұрынғы Т.Рысқұлов атындағы), Тараз қаласындағы Баспасөз үйіне ұлы тұлғаның есімі берілгенін жоғарыда айттық. Енді Жуалыдағы өзі туған Талапты ауылына Шерхан Мұртаза есімі берілсе, жарасып-ақ тұр. – Қазақтың бағы мен бақыты үшін туған осындай ұл берген тағдырға алғысымызды айта отырып, «Байлыққа белшеңнен батқың келсе, теңіздің суына емес, өз теріңе малшын», дегендей еңбек етейік. «Бұл өткелі мен өтпелісі көп ғажайып өмірден абыройлы болып өткеннен артық бақыт жоқ» деп Әбдісағит Тәттіғұлұлы айтқандай, қалың қазақтың қадірлісі Шерхан Мұртазаның 90 жылдық тойы да жоғары деңгейде тойланды. Ел болып сыйлап, төбесіне көтерген Шерхан Мұртазаның – Шерағаның 90 жылдық тойын тойлаудың өзі бір мерей! Той тойға ұлассын! Рухы пейіште шалқысын! Найкен ҚАЙЫПБЕКОВА, Айсұлу МОЛДАҚҰЛОВА, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушылары Тараз қаласы