Қоғам

Оңалту орталығының оңды тірлігі

Оңалту орталығының оңды тірлігі

Қоғамның әлсіз өкілдеріне барынша көмек көрсетіп, жан жылуын мейіріммен сездіріп жүрген әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі ерен. Сол қалтқысыз қызметтің бағаланғанының белгісі – елімізде қазан айының соңғы жексенбісі Әлеуметтік қызметкерлер күні деп белгіленгені. Бұл мереке 2011 жылдан бері аталып келеді.

Осы кәсіби мереке қарсаңында облысымыздағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жан-жақты ем алып, ортаға бейімделуіне қызмет көрсетіп жүрген облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығына бардық. Ондағы қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ем алып жатқан науқастардың хал-жайын білдік. Орталықтың директоры Қарлығаш Бекбазарованың айтуынша, орталық медициналық-әлеуметтік мекеме болып саналады. Мұнда 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар азаматтарға 8 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. – Орталықтың басты мақсаты – мүгедектерді ортаға, қоғамға бейімдеу. Ешкім де мүгедектіктен сақтандырылмайды, яғни ертең нендей жағдайға душар боларын ешкім білмейді. Бұрын инфаркт 65-70 жастан кейінгілерде кездессе, қазір 35 жаста шалдығатындар да бар. Соның салдарынан бір жақ аяқ-қолы істемей қалады. Міне, осындай жағдайға шалдыққан кісілерді осы орталықта қоғамға бейімдеп, күнделікті өзіне-өзі қызмет көрсете алатындай етіп, ұмытқан дағдыларын қайта қалпына келтіруге үйретеміз, жаттықтырамыз. Әлеуметтік медицина дегеніміздің өзі дәрі-дәрмексіз емдеу дегенді білдіреді. Мысалы, физио кабинеттер, сәулемен емдеу, массаж арқылы ем-шараларын жүргіземіз. Және қаламыздағы доктор Бубновский орталығындағы емдік жаттығуларға апарып тұрамыз. Оған апарып-әкелуге 1 инватакси және шағын автобусымыз бар. Жан-жақты, кешенді ем жүргізілгендіктен жылжыған уақытпен бірге денсаулығы жақсарып кететінін көріп жүрміз. Бізге науқас алдымен 45 күнге келеді, егер жағдайының жақсарғаны сезілсе, 3-4, тіпті 6 айға дейін жатады. Мұнда тек оңалтумен ғана шектелмей, науқастарға қазіргі «Электронды үкіметті» қолдану жолдары да үйретіледі. Компьютерлік класымыз бар, сол жерде азаматтар өзіне-өзі қызмет көрсетіп, қажетті құжаттарын алу, кезекке тұру жолдары үйретіледі. Бірақ әлі де осындай орталық барын білмейтіндер бар. Бізге Мойынқұм, Сарысу аудандарынан келген кісілер осыған дейін 600-800 мың теңге жұмсап, Алматыға, Бішкекке, Ташкентке барып ем алғандарын айтып, алайда өз облысымызда осындай орталық барын білмегендерін жеткізді. Жаз айларына қарағанда қыста бізге келуге кезек күтетіндер көбейеді. Бұл орталығымыз қазір 70 орындық. Сұраныстың көптігіне байланысты жаңа 150 орындық, еуростандарттық ғимарат Тараз қаласының 14-ықшамауданынан салынып жатыр. Ол жерде бассейн, әлгінде айтқанымдай, доктор Бубновксий орталығындағыдай жаттығу жабдықтарымен жасақталады. Барлық қажетті қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік туады, – дейді Қарлығаш Жалғасқызы. Тұрмыстық бөлменің нұсқаушысы Айгүл Нұржанқызы келген науқасты алдымен нендей істерді өзі атқаруға мүмкіндігі барын бақылап, осыдан кейін емдеу-сауықтыру бойынша іс-әрекетке көшетіндерін айтады. Мысалы, кез келген адам өзінің тамағын әзірлеп, шай, кофесін қайнатып, тамақтанғаннан соң ыдыстарын жуып, жинауы, киімдерін кір жуу машинасына салып, кейін жайып, үтіктей білуі керек екен. Осында келген әр адам өзіне қажеттіні өзі жасап үйренетін көрінеді. Бұл бөлмеде үйдегі тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар. Осы бөлмеде өз шайын өзі демдеп ішіп отырған 2-топтағы мүгедек Қиясхан Ауғанбаев осы орталыққа екінші рет келіп отырғанын айтты. Алғашында жүріс арбасымен (ходунки) келген, қазір балдақпен жүре алатын жағдайға жеткен. Ал әлеуметтік-еңбек бағытымен науқасты аурудан арылуға жәрдемдесетін Жанар Нарынбаева бұл орталыққа келген адамдарға қызметкерлер мүгедек деп қарамайтынын сөз етті. Мұнда еңбекпен шұғылданумен қоса өзіне бір кәсіпті үйреніп кететіндерін айтқан емделуші Жамал Омарованың сөзіне сүйенсек, оның орталыққа келіп жүргеніне 10 жыл болыпты. Мұндағы барлық қызметкерлердің биязы, мәдениетті екеніне, бір-бірімен жағымды қарым-қатынас жасап, ісмерлікті үйрететіндеріне іштей дән риза. Орталыққа келген науқаспен әңгімелесу арқылы көңіл күйін бағамдап, соған қарай түрлі әдістермен күйзелістен арылуына көмектесетін психолог Назгүл Асылбекова: «Психологтың бөлмесінде жасанды бұлағымыз бар. Қаралушыны өз ойымен оңаша қалдырған сәтте бұлақты қоссам, сылдырлаған судың сазды дауысын тыңдау да жанының жадырауына әсер етеді. Аквариумдағы балықтармен сөйлестіремін. Йогалық жаттығулар жасатып, өз ойымен жұмыс істетемін. Құмға сурет салу арқылы ішкі құбылыстарын анықтап, сөйлесіп, сырласа отырып жанына батқан жараны жазуға әрекет етеміз», дейді. Тағдырдың сынағына түсіп, тәнінің жаралануымен жанын да жабырқатқан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бабын тауып, өмірге құштарлығын арттырып, қоғамға бейімдеуге барын салып жүрген қызметкерлердің ісіне біз де риза болдық. Нағыз алғысқа лайық қызмет иелеріне біздің де айтарымыз – тек алғыс.