Дін

«Облысқа дінтанушы мамандар өте қажет»

«Облысқа дінтанушы мамандар өте қажет»

Дін – өте нәзік саланың бірі. Бүгінгі таңда елімізде ғана емес, әлемде болып жатқан соңғы оқиғаларға байланысты дін саласы өзекті тақырыптардың біріне айналғаны рас. Осыған орай деструктивті діни ағымдардың ықпалына қалай берілмеу керектігі жөнінде, мемлекет тарапынан конфессияаралық келісімді қолдау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.– Сәкен Сәрсенбайұлы, алдымен облыстағы діни ахуалға тоқталып өтсеңіз?

– Көптеген әлеуметтанушы ғалымдар ХХI ғасырдың алғашқы жылдарындағы әлемдегі ең басты, ықпалды, жаһандық сипаттағы он бағыттың ішінде тілдік патриотизм мен діни қайта жаңару үрдістерін атаған болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз діни қайта жаңғыру жолында қоғамдық өмірдің діни спектрінің күрделенуіне тап болдық. Жаңа діни ұйымдардың, оның ішінде дәстүрлісі де бар, дәстүрлі емесі де бар, яғни түрлі діндер мен ағымдардың қызметі күшейді. Бүгінде біз сол социомәдени шынайылықтың салдарымен күресіп, ахуалды тұрақтандыру бағытында жұмыс істеп келеміз. Бүгінде облыс аумағында 11 конфессиядан тұратын 378 діни бірлестік тіркелген. Оның 332-сі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары. Сондай-ақ 8 православ, 1 католик, 27 протестанттық және өзге де бағыттағы шіркеулер жұмыс атқарады. Діни бірлестіктер арасында конструктивті диалогты кеңейту және конфессияаралық келісімді нығайту мақсатында басқарма жанындағы діни бірлестіктер клубы жұмыс істейді. Клубтың ережесі бекітіліп, мүшелері тізімінің жобасы жасақталды. Клубтың отырысы тоқсанына бір рет ұйымдастырылып тұрады. Жалпы облысымыздағы діни ахуал қалыпты деуге болады. Облыс көлемінде тіркелген діни бірлестіктер арасында заңбұзушылық фактілері, дінаралық қақтығыстар мен текетірестер болған жоқ. – Дін істері басқармасының басшысы лауазымына тағайындалғаныңызға да бес айдың жүзі болды. Білуімізше, еңбек жолыңыз тек дін саласымен сабақтасып өтіп жатқан секілді... – 2007 жылы жоғары оқу орнын бітірген шақта мемлекеттің дін саласындағы саясатын іске асыруға бағытталған Дін істері комитеті енді құрылған еді. Алғашында Дін істері комитеті Әділет министрлігінің құрылымы ретінде құрылды. Бұрын-соңды мұндай мекеме болмағандықтан ба, бұл бағыт қатты қызықтырды. Сол себепті Астана қалалық әділет департаментінде құрылған дін істері бөліміне жұмысқа тұру үшін құжаттарымды тапсырып, конкурс арқылы жұмысқа қабылдандым. Осылайша 15 жылдан бері дін саласындағы түрлі мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеп келемін. Басқарма басшысы болып тағайындалғанға дейін дін проблемаларын зерттеу орталығы басшысының орынбасары қызметін атқардым. – Осы тұста халықтың діни сауаттылығын арттыру және деструктивті діни идеологиялардан сақтандыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарды айтып өтсеңіз... – Діннің өзекті тақырыптары бойынша тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу, оның ішінде халықтың діни сауаттылығын арттыра отырып, радикалды діни идеологиялардың қоғамға тигізер зардаптарын түсіндіру – ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының басты бағыты саналады. Осы мақсатта облысымызда 130 адамнан тұратын 17 ақпараттық топ нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, 1 облыстық, 5 қалалық және 10 аудандық ақпараттық-түсіндіру топтарына тәжірибелі мамандар, теологтар, дінтанушылар, мешіт имамдарымен қатар қоғам белсенділері мен ардагерлер де тартылған. Ақпараттық-түсіндіру топтарымен жыл басынан бері 3 087 іс-шара өткізіліп, 99 мыңнан астам тұрғын қамтылды. Мамандардың біліктілігі мен жұмыстың сапасын арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері үшін шеберлік сыныптары, оқу семинарлары, ғылыми-практикалық конференциялар жиі өткізіліп тұрады. – Қазіргі өзекті мәселенің бірі – ғаламтор кеңістігінде деструктивті діни идеологиялардың таралуы болып тұр. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде? – 2018 жылдан бастап интернет желісіндегі діни топтар мен парақшаларға мониторинг жұмыстарын күшейттік. Басқарма жанындағы дін проблемаларын зерттеу орталығы «КазДрим Технолоджиес» компаниясының «Талдамалық интернет карта» бағдарламасымен жұмыс істеуде. Бұл жоба интернетте діни алауыздық пен араздықты қоздырудың алдын алуға және діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттаушы азаматтардың әрекетін әшкерелеуге арналған. Жыл басынан бері интернет желісінде теріс діни бағыттағы топтарға тіркелген 6 044 тұрғынды ол топтардан шығардық. Сондай-ақ теріс діни материалдарды насихаттайтын топтар мен парақшаларды бұғаттауға арналған «Кибербақылау» бағдарламасымен жұмыс істеп келеміз. Діни экстремистік материалдарды бұғаттау және жою – бұл мәжбүрлі, бірақ басты шара емес. Бұл бағыттағы басты жұмыс ретінде азаматтарымыздың діни экстремизм идеологиясының зиянды әсеріне түспеуі үшін және сыни ойлау деңгейін арттыруға бағдарланған ақпараттық контенттер әзірлеу және таратуды айтсақ болады. Осы мақсатта басқарманың dini.zhambyl.gov.kz, ҚМДБ-ның облыстағы өкілдігінің asyldin.kz сайттарының қызметтері, сондай-ақ «Facebook», «Instagram», «Telegram», «ВКонтакте» және «Tik Tok» әлеуметтік желілеріндегі парақшалардың мүмкіндіктері арқылы қарсы насихаттық жұмыстар тұрақты атқарылуда. Дін проблемаларын зерттеу орталығының жанынан ашылған студия арқылы «YouTube» видеохостингінде «Әулие-Ата» діни танымдық бағдарламасының көрсетілімдері шығарылып тұрады. – Өңірге дін саласының білікті мамандарын тарту мәселелері қалай шешіліп жатыр? – 2014 жылы басқарманың жанынан Дін проблемаларын зерттеу орталығы құрылған, онда бүгінде 3 бөлім бар. Орталық түрлі діни мәселелер мен сұрақтарға діни-құқықтық тұрғыда жауап, кеңес немесе көмек көрсете алады. Басқарма мен дін проблемаларын зерттеу орталығында 18 жоғары білімді дінтанушы, теолог маман жұмыс істейді. Облыста әртүрлі салаларда теологиялық жоғары білімі бар 76 азамат қызмет етуде. Мемлекетіміздің дін саласындағы саясатының жемісті түрде жүзеге асуында дін мамандарының алатын орны ерекше. «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде облысымыздан 108 студент білім алуда. Бұдан бөлек дінтану, исламтану және теология мамандықтары бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде және Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде облысымыздан 22 студент оқиды. Бүгінде облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығына, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдеріне және жастар ресурстық орталықтарына, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне дінтанушы, исламтанушы мамандар өте қажет. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттерде жоғары білімді кадрлардың жетіспеушілігі байқалуда. Өкінішке қарай, жоғары оқу орындарын бітірген азаматтар көбіне үлкен қалаларда қалуды ұйғарады немесе айлығы жоғары басқа салаларға кетіп қалып жатады. Осыған байланысты аталған жоғары оқу орындарымен мамандарды өңірге жұмысқа тарту мақсатында өзара әрекеттесу туралы меморандумдар бекітілген. Дін саласында жұмыс істеуге ниетті бітіруші түлектер болса, жұмысқа орналастыруға барынша көмек көрсетуге дайынбыз. – Дін істері басқармасы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірлескен жұмысы жайында аз-кем айта кетсеңіз? – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – еліміздегі күллі мұсылман қауымының қарашаңырағы, рухани ордасы. Бүкіл мешітті бір орталыққа біріктірген мүфтият қоғамды имандылыққа үндеп қана қоймай, барша ұлттар мен ұлыстарды бірлікке шақырады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Жеті рухани қазық» тұғырнамасында көрсетілген 7 негізгі басымдық (имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік) бүгінгі қоғам үшін аса өзекті қасиет болып отыр. Осы тұғырнамадағы мақсаттарды іске асыру және өңірде рухани құндылықтар мен қоғамдық қатынастарды нығайту бағытында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілдігімен тығыз жұмыс қалыптасқан. Қазақстан қоғамында дін қызметкерлерінің орны ерекше. Сондықтан мешіт имамдары өз уағыздарында дәстүрлі діни құндылықтармен қатар ысырапшылдықтың, даңғазалықтың алдын алу, халыққа отансүйгіштік, ізгілік, бірлік, мейірімділік, еңбекқорлық секілді адамгершілік қасиеттерді дәріптеуге көбірек көңіл бөлулері қажет. Қазіргі заман талабына сай мешіттердің алдында тек қана діни рәсімдер өткізіп, құлшылық жасайтын орын болумен шектелмей, адамгершілік пен бірлікке шақыратын рухани мектеп рөлін атқару міндеті тұр. Қазір мешітке келуші жастардың үлесі артып келе жатқаны белгілі. Мешіт имамдары – жамағат көшбасшысы, халықтың жол көрсетер ақылшысы десек, халыққа, әсіресе жастарға дұрыс жөн сілтеу – имамдарымызға үлкен жұмыс болғалы тұр. Міне, ҚМДБ-ның өкілдігімен бірлесе осы бағытқа да үлкен көңіл аударып жүрміз. – Облыс аумағында жат ағымның жетегінде кеткен азаматтарды қалай анықтайсыздар? Олармен қандай жұмыстар жүргізілуде? Яғни деструктивті діни теріс ағым мүшелері қалай оңалтылып жатыр? – Еліміздің болашағы бүгiнгi жастар десек, кейбір жастарымыздың теріс діни ағымға еріп, саналарының көз алдымызда улануы ойландыратын мәселе. Қазір біз теріс ағым деп кез келген радикалды фанатизмге негізделген, Қазақстанға жат діни ағымдарды айтып отырмыз. Теріс көзқарасты діни ағымдардың кейбір жастардың білім мен ғылымға ынтасын жойып, өзге мәдениет пен теріс құндылықтарды қабылдауына ықпалын тигізетін жағдайлары да жоқ емес. Оған себеп әлеуметтік, психологиялық, рухани жағдай болуы мүмкін. Тіпті еліктеушілік те адасушылыққа алып келеді. Рухани құндылық жұтаң болғаннан кейін кейбір жастарымыз құндылық іздеу барысында теріс ағымға түсіп кетіп жүр. Жастарды теріс жолдан сақтандырудың ең басты жолы – ұлттық мәдениет негізінде тәрбие беру. Ол тек мектеп мұғалімінің жұмысы ғана емес, ең бірінші – отбасылық жұмыс. Ешқандай азаматтың өзін теріс діни бағытта жүрмін деп айтып келмейтіні анық. Сол сияқты жақын туыстары тарапынан да баласының деструктивті діни ағымның жетегінде кеткені туралы хабарлауы сирек кездеседі. Бұл жерде деструктивті діни ағымда жүрген азаматтарды анықтаудың кешенді жұмысы бар. Бұған құқық қорғау органдарының жедел мүмкіндіктері, әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігіндегі мониторинг жұмысы және өзге де шаралар кіреді. Жат ағымның жетегінде кетіп, оның құрбаны атанған облыс тұрғындарымен психологиялық, мемлекеттік дін саласындағы заңның негізгі тармақтарын түсіндіру бойынша оңалту жұмыстары да қарастырылған. Оның және отбасында туындаған мәселелері болса, жергілікті әкімдіктермен бірлесе әлеуметтік көмек көрсету қарастырылған. Басты міндет – зайырлылық принциптерін сақтай отырып, жат ағымның жетегінде кеткен азаматтармен психологтар, теологтар жұмыс істеп, қалыпты өмірге бейімделуіне көмектер көрсету. Бұл бір күнде бітетін шаруа емес, ол қажырлы еңбек пен уақытты қажет ететін кешенді жұмыс. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА