АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ
АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ
Қоғамда бұдан басқа да тұрмыстық, өндірістік жағдайлар мен бұзақылық, лаңкестік әрекетке де қатысты апат түрлері болып тұратыны белгілі. Осының ішінде қар көшкіні, дауыл, сел, су тасқыны, өрт немесе өнеркәсіпке, көлікке және басқа да жағдайларға қатысты табиғи және техногендік сипаттағы апаттардың алдын алу, жою, қауіп-қатерге дайын болудың маңызы айрықша. Мәселен, осы жылдың 9 айында облыс аумағында орын алған төтенше жағдайлар мен оқиғалар аз болған жоқ. Қалыпты тіршіліктің қамтамасыз етілу ырғағы бұзылмас үшін тиісті орындар уақытында төтенше жағдайлардың алдын алу – адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, материалдық шығындардың көлемін азайту, төтенше жағдайлардың пайда болуын едәуір төмендету бағытында кешенді шаралар қабылдағаны белгілі. Төтенше жағдай салдарынан келген материалдық шығындар есептеліп, оның орнын толтыру немесе көлемін азайту және әлдебір жағдайға байланысты құтқару, авариялық-қалпына келтіру жұмыстары да жүйелі атқарылуда. Әйтсе де орын алған техногендік сипаттағы апаттарға аз-кем талдау жасасақ, көбіне оқыс оқиғаның тұрмыстық жағдаймен байланысты екеніне көз жеткіземіз. Мысалы, биыл табиғи және техногендік сипаттағы апаттың 593 оқиғасы тіркеліпті. Бұл өткен жылға қарағанда 86-ға артық. Болған жайттың барлығы да төтенше жағдай критерийіне жатады. Салдарынан 10 мың 482 адам зардап шеккен. Оның ішінде 11 адам қаза тапқан. Ал материалдық шығын 95,17 миллион теңгені құраған. Өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда шығын 290,7 пайызға көбейген. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Мақсат Қосыбаевтың айтуынша, негізінде техногендік сипаттағы төтенше жағдай саны 568 екен. Оның ішінде 95,4 пайызы тұрмыстық және өндірістік өрт оқиғалары болса, қалғаны табиғи апаттар көрінеді. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда техногендік сипаттағы апат 16,8 пайызға, ал табиғи сипаттағы төтенше жағдай 19,04 пайызға көбейген. – Техногендік сипаттағы апаттар көлік апаттары мен жол-көлік оқиғалары, өндірістік және тұрмыстық өрттер мен жарылыстар, өндірістік апаттар және қауіпсіздік ережелерін бұзу, коммуналдық қызмет жүйесінің бұзылуы іспетті тіршілікпен қамтамасыз ету жүйелеріндегі орын алған жайттар. Оның ішінде дені тұрмыстық және өндірістік өрттер. Жыл басынан бері 542 өндірістік және тұрмыстық өрт орын алды. Салдарынан 10 адам зардап шегіп, оның ішінде 4 адам қаза болды. Материалдық шығын 92,5 миллион теңгені құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өрт саны 16,5 пайызға көбейді, зардап шеккендердің саны 13,9 есеге кеміп, қаза тапқандардың саны 7,75 есеге азайды, ал материалдық шығын 3,8 есеге артты. Өрт саны Тараз қаласында төмендеп отыр. Тілсіз жаудың бұл түрі облыс аудандарында алды екі есеге дейін артқан. Жүргізілген талдауға сәйкес өрттің орын алуының негізгі себептері, яғни 38 пайызы абайсызда оттан шыққан. 41 пайызы электр құрылғыларын жөндеу мен қолдану ережелерін бұзу, 5 пайызы қасақана от қою, 6 пайызға жуығы пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзуға қатысты. 6 пайызға жуық өрт баланың отпен ойнауынан шыққан. Өрттердің орын алатын негізгі объектілері әдеттегідей тұрғын үй секторы болып отыр. Бұл барлық өрттердің 65 пайызын құрайды, ал автокөлік құралдарының өртке орануы – 21 пайыз, – деді ол. Табиғи өрттің биыл 4 жағдайы тіркеліпті. Көлікте орын алатын өрттерге келсек, мәселен, осы жылы көктемде Меркі ауданының Меркі ауылында «Shacman» жүк көлігінің кабинасы өртенген. Кабинадан шыға алмай, жүргізушісі жанып кеткен. Тілсіз жау темекі шегу кезінде абайсыздықтан шыққан екен. Тараз қаласындағы Төле би көшесінің соңында да бір «ЗИЛ» жүк автокөлігінің кабинасы отқа оранған. Жүргізушісі 1-2-3-дәрежелі ауыр жағдаймен ауруханаға түскен. Сондықтан жүргізушілер көліктің электр сымдарының оқшаулануына мән беріп, қауіпсіздікті естен шағармауы керек. Сол секілді тұрғын үйлерде де отқа, баланың отпен ойнауына жол бермегені абзал. Мысалы Шу ауданы, Шу қаласы, Қонаев көшесіндегі 4 қабатты тұрғын үйдің 3-подъезі өртенген. Қызыл жалын үй шатырын шарпыған. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы ұйымдастырылып, 130 адам қауіпсіз жерге көшірілген, оның ішінде 30-ы бала. Бағымызға орай, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жаңатас қаласы, 2-ықшамауданында да №6 үйдің шатыры өртенген. Айта берсек осы тектес дерек жетіп артылады. Улы газбен улану жағдайлары да аз емес. Мұндай 5 оқиға қыркүйек айына дейін орын алыпты. Салдарынан бір адам қаза тапқан. Жалпы бес адам зардап шексе, оның біреуі жасөспірім. – Осы жылы Тараз қаласының Горная көшесіндегі табиғи отынмен жылытылатын бір жеке тұрғын үйдің пешінен ақау шығып, зейнет жасындағы ер адам уланып, қайтыс болды. Қалған оқиға бойынша тұрғын үй немесе жеке үйдің моншасында газдан уланғандар дер кезінде ауруханаға жеткізілгенінің арқасында аман қалып отыр. Тұрғындар әрдайым сақтық шараларын ұстанбаса, улы газ бөлмеге тарағанда оның иісін сезбеуі мүмкін. Ұйықтап жатқан адам тұрмақ, үйде газ тараса ояу адамның өзі басы айналып, көз алды бұлдырап, бұлшық еттері әлсірегенде немесе лоқсып-құсқанда өзін жайсыз сезініп, газдан уланғанын түсінуі мүмкін. Ал ұйқыдағы адамды газ одан сайын тұншықтырып, ұйқыға әкетеді. Оның соңы қайғылы жағдайға душар етеді. Сол үшін жылыту маусымы қарсаңында да, басқа уақытта да үйдегі пештерді жөндеп, тексеру маңызды. Барлық түтін жүретін құбырларды кем дегенде екі айда бір мәрте тексеріп отыру керек, – дейді М.Қосыбаев. Қауіпті метеорологиялық және агрометерологиялық құбылыс салдарынан орын алатын апаттарды сөз етер болсақ, жылдың 9 айында 4 оқиға тіркелген. Наурыз және сәуір айларында Тараз қаласында екі мәрте қатты желдің салдарынан (екпіні 28 м/с) электр желілерінде апаттық үзілістер орын алғаны есте. Соның салдарынан тараздық біраз абонент электр қуатынсыз қалған еді. Жел басылғаннан кейін жөндеу жұмыстары жүргізіліп, электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді. Жел, су тасқыны іспетті оқиғалар Меркі, Т. Рысқұлов, Қордай аудандарында орын алған болатын. Қаза болған адамдар мен жоғалғандар жайлы оқиға орын алған жоқ, алайда ғимараттар бүлініп, жануарлар зардап шеккендіктен аталған аудан әкімдіктері жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялауға мәжбүр болды. Бұл табиғи апаттың қоғамға тигізер залалы аз болмайтынын көрсетеді. Сол секілді жазғы суға шомылу маусымында 4 оқиға тіркеліп, 5 адам қаза тапқан. Біз сөз еткен әртүрлі апаттың залалы болмай қойған жоқ. Бастысы облыстық төтенше жағдайлар департаменті дер кезінде құтқару жұмыстарын жүргізгенін айта кетуіміз керек. Осы департаменттің аумақтық бөлімшелері авариялық-құтқару жұмыстарына 3 195 рет шыққан. Нәтижесінде 400 адам құтқарылып, төтенше жағдай аумағынан 595 адам қауіпсіз орынға көшіріліпті. Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі дабылы бойынша мамандар құтқару үшін 2 440 оқиға орнына аттанған. Оның ішінде өрттерге – 557, авариялық-құтқару жұмыстарына – 220, өрт ретінде есепке алынбайтын жану оқиғаларына – 1 604, дәлелденбеген жану оқиғаларына 59 мәрте шыққан. Апаттық жағдай кезінде 260 адам құтқарылып, 563 тұрғын қауіпсіз орынға жеткізілген. Жедел құтқару жасағы 755 мәрте оқиға орнына аттанса, 141 адам құтқарылыпты. 32 тұрғын қауіпсіз орынға көшірілген. Қаза тапқандардың 47 мәйіті шығарылса, оның ішіндегі 10-ы өзен-көл, арық-канал іспетті су айдындарынан табылған. Негізінде табиғи және техногеңдік немесе лаңкестік, бұзақылық секілді кез келген апат түрі адам өміріне қауіп төндіретіні белгілі. Мұндайда қаза тапқандар саны 5-тен 10 адамға дейін артса, тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің бұзылуы 50-ден 100 адамға дейін өссе, төтенше жағдайлар жергілікті болатыны белгілі. Ал біз айтып отырған деректер біртіндеп өссе, көлеміне қарай төтенше жағдай аумақтық, аймақтық, республикалық болып жарияланады. Лайым «мұндай оқиға болмасын» деп тілейміз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Десе де әр адам табиғи зардаптан қорғануға дайын болғаны жөн. Сонымен қатар өндірістік немесе тұрмыстық техникаларды пайдалануда барынша сақтық шараларды ұстанғаны дұрыс. Себебі мемлекеттің де, қоғамның да жалғыз мүддесі – халықтың өмірін, денсаулығын сақтау, аумақтық, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ