КІРІСІ БАРДЫҢ ІРІ ІСІ БАР
КІРІСІ БАРДЫҢ ІРІ ІСІ БАР
Мемлекеттік бюджет жоспарының есепті мерзімде орындалуы 117,6 пайыз немесе 13 209,4 миллион теңге артық түсім түскен. Өсу қарқыны – 123,7 пайыз. Осы тектес республикалық және жергілікті бюджет секілді қазына қоржынын қампайтатын тағы да басқа қаржы көздеріне қатысты межеленген жоспарлардың орындалуында бір қарағанда өсім болғанымен, жекелей алғанда кейбір аудан немесе басқарма тарапынан жіберілген кемшіліктер бар болып шықты. Мәселен алғашқы жартыжылдықта республикалық бюджеттің жоспары Т.Рысқұлов, Шу және Талас аудандарында тиісті деңгейде орындалмаған. – Шу ауданында облыстық бюджет бойынша жоспардың орындалуы 96,4 пайыз, яғни бұл ауданда меже 39,3 миллион теңгеге кем. Аудандық бюджеттің өсу қарқынын сөз етсек, Қордай ауданымен қатар, тағы да Шу ауданы тиісті межеге қол жеткізе алмады, – деді Уалихан Құланқадырұлы. Осы тектес кемшіліктерді бүге-шігесіне дейін жіпке тізбелеген аталған департамент басшысының міндетін атқарушы салық және төлемдерді әкімшілендіру кезінде жүргізілген жұмыстар мен қосымша резерв жайын да баяндай отырып, кейбір мекемелерде дұрыс ақпарат алмасу жүргізілмейтініне, уәкілетті орган өз бетінше ай сайын ақпарат беруге міндетті бола тұра мәлімет департаменттің ресми сұрауынсыз берілмейтініне қынжылды. – Аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктері қаулылар негізінде жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелеріне берілген құқық белгілейтін құжаттар туралы және жер учаскелерін сату және жалға алу құқығын сатып алу бойынша өткізілген конкурстар (аукциондар) туралы, белгіленген нысаналы мақсаты өзгертілген жер учаскелері туралы ақпарат беруі керек. Бұл тұрғыда тиісті тараптарға хат жолданған, бірақ жауап берілмеді, – деді У.Әлібеков. Тиісті ақпаратты ұсынбағандар арасында облыс әкімдігі жер қатынастары, құрылыс, облыстық полиция департаментінің миграциялық полиция басқармасы секілді басқа да мекемелер бар. Бұдан кейін облыс әкімдігі қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Батырхан Әкек төртінші деңгейлі бюджеттердің, ауылдық (аудандық маңызы бар қала) округ әкімдеріндегі кірістердің биылғы қаңтар-шілде айларындағы орындалуы барысын сөз етті. Өз кезегінде Нұржан Молдиярұлы облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушыдан Қордай және Шу аудандарында аудандық бюджеттің қарқыны өткен жылмен салыстырғанда неліктен төмен екенін сұрады. Ол белгілі бір кәсіпорындардың табысына қарай салықтан түсетін түсім де құбылып отыратынын жеткізді. Сонымен қатар аймақ басшысы кейбір аудандарда жеке салық, табыс салығы, мүлік салығы іспетті салық түрлерін ауылдық округтері көп аудан және өзге де олқылықтарға қатысы бар тиісті басқарма басшыларынан жауап алды. Басқарма басшыларының арасында пайдаланылуға берілген жер учаскелері, нысан немесе жаңадан салынған нысанға қатысты ақпараттарды жинақтау секілді істерді атқаруда «Бұл іспен айналысу біздің міндетімізге жатпайды» деп судан құрғақ шыққысы келгендер болды. Н.Нұржігітов сол салаға қатысы бар басқарманың мәліметті ауылдық округтерден сұрату арқылы ақпаратты кірістер департаментіне жинақтап беруі керек екенін, атқарылар жұмыстың игілігі облыс халқына қажет болғандықтан, аталған департаментпен бірлесе жұмыс істеу қажеттігін баса ескертті. – Мен осы жиында бір байқағаным, кейбір басқарма басшылары бұл іс-шара жоспарын әлі көрмеген де. Басқармалар осындайға жол бергеннен кейін аудандық деңгейде бұл іспен кім айналысып жатқаны белгісіз. Аталған іс-шара жоспарын барлығыңыз алып танысыңыздар. Онда кімнің неге жауапты екені анық көрсетілген. Ақпар атты о бл ыс бойын ша мемлекеттік кірістер департаментіне міндетті түрде көрсетілген мерзімде беріңіздер. Межені орындауға күш салыңыздар. Нақ осы тақырыпта 9 айдың қорытындысы бойынша жиын өтеді. Сол кезде сіздерді тағы бір тыңдаймыз. Меже 100 пайыз орындалуы тиіс. Бұл межені орындауға мүмкіндік те, әлеуетіміз де жетеді. Себебі барлығы алдын ала есептелген, меженің орындалуына негіз бар, – деген Нұржан Молдиярұлы жауаптыларға арнайы тапсырма берді.
Н.БОЛАТҰЛЫ