«Электрондық үкімет» төртінші кезеңге қадам басты
«Электрондық үкімет» төртінші кезеңге қадам басты
Қарапайым тілмен түсіндіріп көрейік. Өзіңіз мінсіз деп білетін қоғамды елестетуге тырысыңыз. Мықты денсаулық, жақсы жұмыс, қамсыз тірлік, өмір сүруге қолайлы жағдайлар – бұл тізім ұзыннан-ұзақ жалғаса береді және жеке басымдықтарға байланысты қажетті аспектілермен толықтырылуы да мүмкін. Әйтсе де мұндай қоғамның ажырамас бөлшегі – мемлекет. Азаматтарының қамын ойлайтын мемлекет. Әрбір азаматтың әлеуетін мейлінше жүзеге асыруға мүмкіндік тудыратын мемлекет. Азаматтардың заңды құқығының қорғалуы мен сақталуына кепілдік беретін мемлекет. Азаматтардың мұқтаждығы мен қажеттіліктеріне бағдарланған мемлекет. Арадағы өзара әрекеттестік қарапайым, ұғынықты және қолжетімді болатын, адамдар үшін құрылған мемлекет. Еліміздегі ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың дамуы кем дегенде соңғы екі пікірдің жүзеге асуына кепілдік бере алады. Дәл осы азаматтар мен мемлекеттің өзара әрекеттестігін ыңғайлы, қарапайым, қолжетімді және түсінікті ету үшін электрондық үкімет тұжырымдамасы әзірленді. «Қазақстан Республикасында 2005-2007 жылдары «Электрондық үкіметті» құрудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 10 қарашадағы №1471 Жарлығы «Электрондық үкіметтің» порталын құруға негіз болды. Осылайша «Электрондық үкімет» порталы 2006 жылдан жұмыс істей бастады. Ал оны басқару мен сүйемелдеуге «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы тікелей жауапты. «Электрондық үкімет» құру ісі билік органдарының жұмысын анағұрлым тиімді, азаматтарға қолжетімді ету үшін қажет болды. Бұрындары әрбір мемлекеттік орган өз бетінше «оқшау өмір сүріп», басқаларымен байланысқа түсе қоймайтын, ал азаматтардың алуан түрлі анықтама, растама секілді өзге де қағаздарды жинау үшін толып жатқан инстанциялардан өтуіне тура келетін. Осының барлығы бір ғана қызмет түрін пайдалану үшін толып жатқан мекемелер табалдырығын тоздыруға мәжбүрлейтін. Бүгінде «Электрондық үкімет» жобаларының арқасында ол заман келмеске кетті десе де болады. «Электрондық үкімет» – ақпараттық технологиялар көмегімен ішінара келісушілікті қамтамасыз ететін, мемлекет пен азаматтар арасындағы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігінің бірыңғай механизмі. Мемлекеттік органдарға кезекті қысқартып, анықтама, куәлік, рұқсат құжаттарын және тағы басқаларын алуды жеңілдетуге әрі жылдамдатуға мүмкіндік берген де дәл осы механизм. Басқаша айтқанда, «Электрондық үкімет» деп лицензияны рәсімдеу үшін ЖСН ғана керек болатын (басқа ақпараттың бәрі дағдылы сұранымдар арқылы алынады), коммуналдық қызмет ақылары мен айыппұлдарды онлайн жүйесінде төлеуге болатын, анықтама алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамына жеке куәлік қана талап етілетін ресурсты айтамыз. Мұнда бизнесіңізді өз бетіңізше тіркеуге, немесе «Электрондық үкімет» порталында небәрі 10-15 минут ішінде анықтама алуға, күн-түн демей, кез келген уақытта баланың балабақшаға кезегін көруге мүмкіндік бар. «Электрондық үкімет» құру идеясы алғаш рет он төрт жыл бұрын айтыла бастаған болатын. Осы уақыт ішінде электрондық үкіметіміз қалыптасу мен дамудың іргелі төрт кезеңінен өтті. Ол кезеңдердің қай-қайсысы болса да қазақстандықтардың мемлекетпен өзара әрекеттестігіне көмегін тигізгені сөзсіз. Олардың алғашқысы – ақпараттық кезең. Дәл осы кезеңде «Электрондық үкімет» порталы іске қосылып, ақпаратпен толтырылды. Мемлекеттік органдар, олардың жұмысы мен халыққа көрсететін қызметтері жайлы ақпараттар пайда болды. Оған қоса қызмет көрсету ретке келтіріліп, танысу үшін нормативтік-құқықтық актілер ілінді. Екіншісі – интерактивті кезең. Яғни порталда электрондық қызметтерді тұңғыш рет ұсынуымен есте қалды. Аталмыш кезең барысында порталды пайдаланушылар түрлі мекемелерден кезекке тұруға уақыт жұмсамай-ақ анықтама алу, үйден шықпай-ақ кез келген мемлекеттік органға сұраныс жіберіп, оның мәртебесін қадағалап отыру мүмкіндіктеріне ие болды. «Электрондық үкімет» порталына интерактивті қызметтерді енгізу құжаттарды жинауға кететін уақытты үнемдеуге едәуір көмектесті. Дәл осы кезеңде мекемелік ақпараттық жүйелер, мемлекеттік деректер қоры, электронды түрде лицензиялау және электрондық үкімет шлюзі енгізілді. Бұл кезеңде әрбір қазақстандық порталдан қажетті құжаттар тізімі, мемлекеттік баж салығының мөлшері, өзі жүгінгелі отырған мемлекеттік органның байланыс мәліметтері секілді барлық қажетті ақпараттарын ала алатын. Алғашқы кезеңнің өзінде-ақ қажетті ақпараттың толық көлемінің арқасында инстанцияларға жүгірушілер саны әжептәуір азайды. «Электрондық үкімет» дамуының үшінші кезеңі – транзакциялық кезең. Бұл кезеңде азаматтар мемлекеттік баж салығын, алымдар, айыппұлдар және коммуналдық қызмет ақыларын төлеуге мүмкіндік алды. Егер де осыған дейін қызмет ақысын төлеу үшін банкке бару керек болса, енді онлайн жүйесінде қызметті пайдалануға да, оның ақысын төлеуге де болады. Кәсіпкерлерге транзакциялық кезең шын мәнінде бағалы сыйлық ұсынғандай болды, ол – электронды мемлекеттік сатып алулар болатын. Пайдасы айдан анық – өткізілетін байқаулар мен тендерлердің әділдігі мен ашықтығы артты. «Электрондық үкімет» дамуының бүгінгі, яғни төртінші кезеңі – түрлендірмелі кезең. Бұдан былайғы басты мақсат – азаматтарға қызмет көрсетудің мейлінше жылдамдығы. Дәл осы мақсатқа қол жеткізу үшін интерактивтік және транзакциялық қызметтер қазақстандықтар үшін айрықша маңызға ие кешенді қызмет түрлеріне біріктірілуде. Жыл басынан бері азаматтар 15 минут ішінде заңды тұлғаны тіркеу, жеке куәлік, төлқұжат немесе жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігіне ие болды. Әлеуметтік маңызды қызметтерге айрықша көңіл бөлінеді, міне, сондықтан да олардың барлығы электронды үлгіге ауыстырылды. Құрылғанын уақытынан бері Қазақстан Республикасының электрондық үкіметі қалыптасу мен даму кезеңдерінен өтті, дүниежүзілік қауымдастық тарапынан оң көзқарасқа ие болып, жоғары бағаланды. Халықаралық және республикалық рейтингтердегі жоғары көрсеткіштері мен байқаулардағы ие болған номинациялары осы сөзімізге дәлел. Қазақстандық электрондық үкіметтің даму дәрежесі «дамушы» (emerging leaders) сатысында деп бағалануда және аса табысты үкіметтердің бірі саналады. Осы орайда нақты мысалдар келтіре кетсек. 2013 жылдың 13 мамырында Швейцарияның Женева қаласында WSIS Project Prizes 2013 халықаралық байқауының нәтижелері жария етілген болатын. Байқау ақпараттық қоғам мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі бүкіләлемдік кездесу Форумы шеңберінде өтті. Сонда Қазақстанның электрондық лицензиялау жүйесі (www.elicense.kz) «E-Business» категориясы бойынша ең үздік жоба деп танылды. Байқауға әлемнің 64 мемлекетінің 280 жобасы қатысты. Жоба жетістігінің тарихы Халықаралық электробайланыс одағының ресми ресурсында жарияланды. Еуразия елдерінің бизнес саласы мен кәсіпорындары үшін жыл сайынғы маңызды іс-шаралардың бірі – «Жыл таңдауы-2018» жобасында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ұйымдастыру комитетінің «Инновация, жаңғырту және даму саласындағы жетістіктері үшін» арнайы сыйлығының лауреаты атанды. Мұның бәрі де жүйелі жұмыстың жарқын жемісі екендігі даусыз. Ең бастысы ел игілігі үшін жасалап жатқан осындай дүниелерді біз тиімді пайдалануымыз керек.
Шалқар ЕЛЕМЕС, Халыққа қызмет көрсету бойынша Тараз қалалық №1 бөлімінің басшысы