Әлеумет

Үштік одақтың үйлесімі

Үштік одақтың үйлесімі

Жуырда Тараз қаласындағы дарынды ұл балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты жоғары сынып аналарының қатысуымен «Wеlcome Paty» – «Қош келдіңіз! Біз үлкен жанұя!» атты іс-шара ұйымдастырды. Осы орайда лицей тәрбиеленушісінің ата-анасы ретінде өзімнің әсеріммен бөліскім келіп отыр.

Жоғары сынып ата-аналары лицейге жаңадан келіп жатқан 7-сынып оқушыларының ата-аналарына үлкен қуаныш сыйлады. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары болды. Адам ойына келе бермейтін тосынсыйлармен бізді баурап алды. Атап айтқанда, қолдарына жанып тұрған қызыл жүрекше балауыз шамын ұстаған аналардың бізді қарсы алуы, оларға естелікке ашықхат сыйлауы, көңілге қуаныш, көзге жас келтіретін сазды әуен, мерекелік дастарқан – барлығы ертегі әлеміне саяхат жасағандай таңғалдырды. Ал кештің ерекшелігі – «Зере» аналар академиясының тұсаукесер таныстырылымы – игі істің, жақсы бастаманың бастауы болды. Мұндағы мақсат лицей мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайту, өзара сыйластық пен жылулыққа толы орта қалыптастыру екендігін жеткізді. «Ата-аналарға арналған мектеп», «Ата-ана – мектеп – оқушы» – «Үштік одақ» жобасы аясында жасалынған жұмыстармен таныстыра отырып, биылғы оқу жылында басымдық беріп отырған бағыттарға тоқталды. Осы мақсатта «Жамбыл инновациялық жоғары колледжі» атынан арнайы команда келіп, лицейімізге сәттілік тілеп, өздерінің ізгі ниеттері мен ыстық ықыластарын білдірді. Мерекелік бағдарлама аясында 7-сынып ата-аналары ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды. Лицейде аналар академиясының құрылуына орай арнайы кубокты сыйға тартты. Бақытты бала – бақытты отбасында өмір сүретіндігін, бала тәрбиесінде ата-ана мен мектеп өз мүмкіншіліктері мен қызметін бірлесе үйлестіргенде ғана толыққанды тұлға болмысы қалыптасатындығын ұғындырды. Әдемі әсер сыйлаған кештен жаңа бір әлемге есік ашқандай күйге түстім. Сондай жылулыққа толы рухани ортаның бастамасымен талай жұмыстардың жүзеге асатынына сенім мол.

Тараз қаласындағы дарынды ұл балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының ата-аналары атынан Луиза Бачаева