Қоғам

Керімбай мектебінде өткен керемет кеш

Керімбай мектебінде өткен керемет кеш

Тараз қаласындағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназияда Республика күні ерекше форматта ұйымдастырылды. Бұл мерекені Отанымызға деген құрметті арттырып, елдігімізді танытуды, патриоттық сезімді нығайтуды көздейтін атаулы күн деп білеміз. Сондықтан да өскелең ұрпақ тәлім мен білім алып жүрген киелі орын саналатын мектепте жан-жақты атап өтуді ұйғардық. Ұжымымыздың ізденімпаз ұстаздарының еңбегімен бұл күні бірнеше іс-шара өткізілді.

«Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбымен ұйымдастырылған іс-шарада балаларды кітап оқуға ынталандыруға басымдық беріліп, көркем әдебиетке деген білім алушылардың, жастардың қызығушылығын арттыру, мәдени және оқу құзыреттілігін дамыту, азаматтық және рухани адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мақсат етілді. Сондықтан жергілікті қаламгерлерден Қамар Қарасаеваны, белгілі айтыскер ақын, мектебіміздің түлегі Дидар Апбасовты және Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақтолқын Құлекееваны, мектептің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ағзам Темірғалиұлын қонаққа шақырдық. Жас тілшілеріміз меймандарды қызықты әрі мағыналы сұрақтарымен қарсы алып, кітапханада өткен «Асыл сөзді іздесең кітап оқы» атты тренингте де жақсы сұхбат құрды. Онда меймандар оқушылармен бірге кітап оқуға шақыратын психологиялық ойынға қатысып, балаларға өздері оқыған мәні терең кітаптары жайлы әңгімеледі. Бұдан соң 4-сынып оқушыларының Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін жан-жақты талдаған «дөңгелек үстеліне» барған қонақтарымыз оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, ашық пікірлесті. Одан кейін мектеп оқушыларының «Зияткер жастар» парламентінің этностильді дәлізінде өткізген интеллектуалдық ойындарын тамашалап, «Республика күнін тойлаудың жаңа механизмін ұсынады» атты дебатқа қазылық етті. Айта кетейік, белсенді оқушылардан құралған дебат қозғалысының «Атамекен» интеллектуалдық пікірсайыс клубының мүшелері – облыстық, республикалық пікірсайыстардың жеңімпаздары. Мерекелік іс-шара «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбындағы патриоттық ән, күй, бимен құралған концертке жалғасты. Өнерпаз оқушылардан жинақталған 100 домбырашыдан құралған «Керімбай сазы» оркестрін және 100 бишісі бар «Балауса» бишілер тобын мақтанышпен айтқым келеді. Мерекелік шараның қорытындысында сөйлеген мектеп директоры Мұрат Тұрысбек: – Оқушыларымызбен «Оқуға құштар мектеп» арнайы жобасын жүзеге асырып отырмыз. Америка ғалымдарының зерттеуінше, 1960-80-жылдарда өмірге келгендер – Х, 1980-2000 жылдарда дүние есігін ашқандар У, 2000 жылдан кейінгілер жоғары Z ұрпақтары саналады екен. Яғни Z ұрпақтары белсенді, мултимедиялық тәжірибелі, алайда агрессивті болып келеді. Сол себепті біз балаларды мейлінше кітап оқытып, белсенділіктерін білім алуға пайдалансақ, ұтарымыз көп болады. Әсіресе әдеби кітаптарды оқытумен агрессивтерін жеңуге де көмегі тимек. Мәні терең мейрамымызды да тек мерекелік концертпен шектемей, кітап оқуға шақыратын іс-шаралармен толықтырғанды жөн көрдік, – деп, кері байланыс ретінде меймандарға жас тілшілерге берген сұхбаттарын LED экранда назарларына ұсынып, ұстаздармен түскен суреттерін үлкен форматта тарту етті.

Қарлығаш ҚАПАРОВА, №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары