Қоғам

NEET жастармен жұмыс күшеймек

NEET жастармен жұмыс күшеймек

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов төрағалық еткен алқа мәжілісінде бірінші болып облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспары қаралды. 

Бұл бойынша хабарлама жасаған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров бірқатар өзекті мәселелерді шешу бағытында 3 бөлімнен тұратын 2025 жылға дейінгі Жамбыл облысының даму жоспарының жобасы әзірленгенін айтты. Даму жоспары жеке инвестициялық жобаларды, бюджеттік жобаларды және жұмыспен қамтуды жүзеге асыруды көздейді. – Мұндағы мақсатымыз – әрбір елді мекен бөлінісінде жұмыспен қамтуды көздейтін бюджеттік және бюджеттен тыс инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыра отырып, ауыл халқының табысын арттыру, тұрмыс жағдайын жақсарту. Инвестициялық жобалар бөлімі 153 ауылдық округте және 4 қалада ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында 2025 жылға дейін құны 2,16 триллион теңгені құрайтын 1 193 жобаны іске асыра отырып, 13,9 мың жұмыс орнын құруды көздейді. Оның 12,7 мыңы тұрақты, 1,2 мыңы уақытша жұмыстар. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту 10 бағытта жүзеге аспақ. 421 жылыжай кешені салынады. 2022 жылы 382 жұмыс орны құрылмақ. Ал өнеркәсіп саласын дамыту 7 бағытта жүзеге асады. Өңдеу өнеркәсібімен 78 кәсіпорын айналысса, оның 35-і 2022 жылы, тамақ өнеркәсібі өндірісімен 25, қосымша 8 жарық энергетика кешені салынады, 6 балық шаруашылығы, 5 туризм, 1 цифрландыру, 353 өзге де қызмет көрсету бағытында шағын жобалар іске асады. Осы жылы 2 139 жұмыс орны құрылмақ. 2025 жылға дейін жалпы құны 2 триллион теңгені құрайтын ірі 20 жобаны іске асыру жоспарлану­да. Нәтижесінде еңбек өнімділігі 8,9 пайызға артып, 288 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі. Жоспар аясында бюджет қаражаты есебінен 2025 жылға дейін құны 624,3 миллиард теңгені құрайтын, 11,3 мыңға жуық жұмыс орнын құруды көздейтін 2 130 жоба іске асады. Есепті кезеңге өңірімізде халық саны 1 214,5 адамды құрады. Соңғы 5 жылда халық саны 89,1 мыңға (1125,4 мыңнан 1214,5 мыңға дейін 8 пайызға) өскен. Халық саны өскен сайын белгілі салаларда инфрақұрылымға қажеттілік те өсері анық. Қажеттілікті шешу үшін білім саласында 178,4 миллиард теңгеге 215 жоба іске асырылып, 92 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 123 нысан күрделі жөндеуден өтетін болады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 20 білім нысанының құрылысы ұсынылды. Нәтижесінде құрылыс жұмыстарында уақытша 1 095 жұмыс орны, білім нысандарында 1 468 тұрақты жұмыс орны ашылады. Денсаулық саласында 83,2 миллиард теңгеге 118 жоба іске асырылып, 95 денсаулық сақтау нысанының құрылысы және 23 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Құрылыс жұмыстарында 1 165 уақытша жұмыс орны, денсаулық сақтау нысандарында 184 тұрақты жұмыс орны ашылады, – деп мәдениет, спорт саласын дамытудағы жоспарларды да атап өтті. Жиында NEET жастардың мәселелері туралы баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев соңғы адрестік талдау нәтижелері бойынша NEET санатына жататын 3 059 жас анықталғанын айтты. – Бүгінде облыстың 1,2 миллион халқының 258 мыңнан астамы жастар. Жастардың 96 786-сы қалада, 161 378-і ауылдық елді мекенде тұрады. Өңірлік еңбек нарығында жұмыссыздық деңгейі 2022 жылдың 2 тоқсаны бойынша 5 пайыз болса, жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,1 пайызды құрап отыр. 2022-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында 2022 жылдың 1 қазанына жұмыспен қамту органдарының ықпалымен 29 жасқа дейінгі 23 331 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына NEET санатындағы 1 015, пробация тізімінде тұрған 73 жас тартылған, – деген Еркін Құлымбайұлы адрестік талдаулар нәтижесінде анықталған NEET жастардың базасын жүйелендіру және жұмыс сапасын тиімді ұйымдастыру мақсатында жастар саясаты мәселелері басқармасының NEET жастардың автоматтандырылған электрондық деректер базасын әзірлеуді ұсынатынын жеткізді. NEET жастардың автоматтандырылған электрондық деректер базасын іске қосу арқылы олардың барлық деректерін енгізу жұмыстары автоматтандырылады. Яғни Тараз қаласы мен аудандық жастар ресурстық орталықтарында бекітілген мамандар өздеріне берілетін «кілтпен» кіріп, енгізе алады. Әр өңірдің NEET жастармен жүргізген адрестік жұмыстарының шынайы картинасын көруге болады. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту нәтижесін жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтарымен енгізу мүмкіндігі туады. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жиын соңында қала және аудан әкімдеріне NEET жастарды тұрақты бақылауға алуды тапсырып, жастардың қандай бастамалары барын біліп, оларды қолдау керегін баса айтты.

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА