Жамбыл облысында 400-ден аса жылыжай салынады
Жамбыл облысында 400-ден аса жылыжай салынады
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібі бойынша екі мәселе қаралды. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Жамбыл облысының даму жоспарының жобасы туралы жан-жақты баяндады. Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасымен өңірдегі бірқатар өзекті мәселелерді шешу бағытында әзірленген облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспары жобасы негізгі үш бөлімнен тұрады. Олар: Жеке инвестициялық жобалар, Бюджеттік жобалар, Жұмыспен қамту. Жобаның негізгі мақсаты – әрбір елді мекен бөлінісінде жұмыспен қамтуды көздейтін бюджеттік және бюджеттен тыс инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыра отырып, ауыл халықының табысын арттыру, тұрмыс жағдайын жақсарту.
Бюджеттік жобалар бөлімінде бюджет қаражаты есебінен 2025 жылға дейін құны 624,3 млрд.теңгені құрайтын, 11,3 мыңға жуық жұмыс орнын құруды көздейтін 2130 жоба іске асады деп жоспарланған. Қажеттілікті шешу үшін 92 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 123 нысан күрделі жөндеуден өтетін болады. Бұдан бөлек «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына 20 білім нысанының құрылысы ұсынылған. Сондай-ақ, 95 денсаулық сақтау нысанының құрылысы және 23 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары атқарылмақ. Бұдан бөлек, «Ауылды жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасына 30 денсаулық сақтау нысанының құрылысы ұсынылды. Спорт саласында 37 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілсе, 13 спорт алаңшалары пайдалануға беріліп, 9 күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мәдениет саласы бойынша 26 мәдениет нысаны соғылып, ауыл халқының игілігіне берілмек, 24 тозығы жеткен нысан жөнделетін болады.
Ал, үшінші бағыт – Жұмыспен қамту бөлімі бойынша 2025 жылға дейінгі облысты дамыту жоспарында өңірімізде 83,7 мың жұмыс орны ашылатындығы, оның 27,8 мыңы тұрақты, 56 мыңы уақытша екендігі көрсетілген. Өз кезегінде Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы, Қордай ауданы Қордай ауылдық округінің әкімі Бақыт Сахатов, Меркі ауданы Сарымолдаев ауылдық округінің әкімі Сәбит Бабижанов жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өзге де аудан әкімдері мен басқарма басшыларынан жауаптар алып, нақты міндеттер жүктеді.
Жиындағы екінші мәселе бойынша сөз алған облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсінбаев «NEET» санатындағы жастардың мәселелерін, оларды шешу бойынша ұсыныстарды ортаға салды. Облыс әкімі бұл санаттағы жастармен жалпылама емес, жүйелі, нақты, нәтижелі әрі күнделікті жұмыс жүргізу керектігін, ол үшін басқарма, аудан, ауыл әкімдіктері бірлесе әрекет ету қажеттігін ескертті.