Жамбыл жаңалықтары

ПИЛОТТЫҚ ЖОБАНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

ПИЛОТТЫҚ ЖОБАНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданына жұмыс сапары барысында Жамбыл ауылдық округіндегі «Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының қай деңгейде іске асып жатқанын тексерді.

Атқарылып жатқан жұмыстар туралы ауылдық округ әкімі Айдар Бірімқұлов жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, елді мекен тұрғындарына 2,5 пайызбен жалпы көлемі 704,1 миллион теңге несие берілген. Бүгінде ауылдық округтегі 950 аула үй іргесіндегі жерді тиімді игеріп отыр. Жоба аясында ауылдықтар 4 193 мал сатып алған. Нәтижесінде ауылдықтардың орташа табысы 500 мың теңгеден асып, жұмыссыздар саны 2,5 есеге қысқарған. – Жобаға дейін округте 131 жеке кәсіпкер тіркелсе, несиелендірудің аясында 381-ге көбейді. 83 тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 113 отбасыға азайды. Жобаға 38 атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы қатысты. Жобаға дейін қатысушылардың орташа жылдық табысы артты, – деді А.Бірімқұлов. Облыс әкімі өнімдерді делдалсыз өткеруді ұйымдастыруды тапсырып, жұмысты жүйелей түсуді міндеттеді. – Ет, сүт өнімдерін өткеруде делдалдарсыз, тікелей өткеруді ұйымдастыру қажет. Әрбір пайда ауыл тұрғындарының қалтасына түсу керек. Бұл тұрғыда нақты талдау жүргізіңіздер. Бұл жобаның тәжірибесін Мемлекет басшысының өзі қолдап, ел көлемінде таратуды тапсырып отыр. Осындай игі бастама аясындағы жұмыстарды жүйелей түсу керекпіз. Ауыл әкімі елді мекендегі әр отбасының жағдайынан хабардар болуы тиіс. Мемлекет қолдауын ауылдықтардың сезінуі маңызды. Ол үшін ауыл әкімі барлық жеңілдіктер мен мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіншілігін өзі жете түсініп, халыққа жеткізуі қажет, – деп түйіндеді сөзін Нұржан Нұржігітов. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Сарыбұлақ, Ауқатты ауылдық округтерінің тұрғындарымен де кездесті. Аймақ басшысы атқарылған жұмыстарды, алдағы мақсат-міндеттерді баяндап, халық көтерген сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Одан кейін Нұржан Нұржігітов тосыннан Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектепке барып, жұмысымен танысты. Аймақ басшысы білім ошағының оқу кабинеттерін, спортзалын аралап көріп, асханадағы ас мәзірін, ыстық тамақ сапасын тексерді. Н.Нұржігітов ел болашағы – балалар денсаулығының мықты болуы үшін құнарлы тамақпен қамтылуы аса маңызды екенін ескертті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі