Жаңалықтар

БІЗДІҢ бағытымыз – БЕЙБІТШІЛІК

БІЗДІҢ бағытымыз – БЕЙБІТШІЛІК

Сұм соғыстың зардабын ұзақ жылдар, тіпті ғасыр бойы тартқан халықтың бірі – қазақ елі. Сондықтан да халқымыз бейбітшілікті сүйеді және оның қадір-қасиетін өте жақсы сезінеді. Өзінде ғана емес, жалпы әлемде тыныштық болса екен деп тілейді. Тілеп қана қойған жоқ, бұл бағытта мемлекетіміздің атқарып жатқан еңбегінің үлесі де бар.

Атап айтар болсақ, тәуелсіздік алғаннан кейін біз бірден соғыссыз әлемді сүйетінімізді дәлелдеп, өз еліміздің бейбітшілігі үшін және көршілеріміздің тыныштығы үшін бірден 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигонын жаптық. 1992 жылдың 22 мамырында Лиссабон шартына қол қоюы тәй-тәй басқан тәуелсіз елдің қадамын қарыштатты. Бірақ полигонды жапқанымызбен ядролық арсеналымыз саны мен қуаты жағынан ол сәтте біз төртінші орында тұрдық. Бірақ одан бас тарттық. Сөйтіп, ядролық сынақтарға тыйым салу негізінде әлемдік шартқа 1996 жылы алғашқылардың бірі болып қол қойдық. Артынша 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы келісімге де қол қойылды. Міне, бұл біздің Қазақстанның ең дұрыс әрі ықпалды шешімі болып тарих бетіне қатталды. 1992 жылдың 2 наурызында еліміз БҰҰ мүшелігіне 168-ел болып қабылданды. Бұл оқиға бейбітшілікті сүйгіш мемлекетіміздің абыройын асқақтатпаса, аласартқан жоқ. Қысқа күнде қырық құбылып тұрған әлемдік аренада Қазақстан түрлі басымдықтарға тез икемделуге мүмкіндік беретін, өзінің геосаяси, геоэкономикалық мүдделеріне жұмыс істейтін көпвекторлы сыртқы саясат тұғырнамасын таңдады. Көпвекторлы саясат Қытай мен Ресей ортасында орналасқан Қазақстанға әлемнің АҚШ, Еуропа одағы, Жапония сияқты басым державаларымен қатынас жасауға жақсы мүмкіндіктер әперді. Сондай-ақ ар, дін, баспасөз, жиналыс, көзқарастарды ашық айту бостандықтары бекітілген ХVІІІ ғасырдың соңындағы 1789 жылғы «Адам және азамат құқықтарының декларациясы», БҰҰ қабылдаған 1948 жылғы «Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы», 1968 жылы БҰҰ қабылдаған «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт», 1975 жылы Хельсинкиде қабылданған «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қорытынды актісі» сияқты халықаралық гуманитарлық қатынастарды бекітетін құжаттарды Қазақстан Республикасы да басшылыққа алатын және орындайтын болды. Сондай-ақ Қазақстан гуманитарлық салада адам құқықтарын толық сақтайтын, қорғайтын мемлекетке айналуды міндетіне алды. Дамыған, өркениетті мемлекеттер үлгісімен бірінші орынға халықтың мақсат-мұраттары мен құндылықтары қойылды. Халыққа биліктің толықтай есепті болуы, оған қызмет етуі принципі басшылыққа алынды.

БІТІМГЕРШІЛІК – Бұлжымас ҚАҒИДАМЫЗ

Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз әлемге тұрақтылықты, тыныштықты қалайтын мемлекет ретінде танылды. Мысалы, Семей полигонын жауып, ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі Қазақстан бастамалары жаппай халықаралық қозғалысқа ұласып, нәтижесінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады. Міне, бұл дүниені дүр сілкіндірген бастаманың бірі болды. Біздің бейбітшілік бастамамыз бір мұнымен ғана шектелген жоқ. Қазақстанның араласуымен көршілер арасындағы бақталастық пен дау-жанжалдың да бітімге келгені анық. Мәселен, Сириядағы азаматтық қақтығыстарға қатысты мәселені шешу барысында Қазақстан бейбіт келіссөздер жүргізді. Мемлекетіміздің Сириядағы азаматтарын елге қайтару аясында жүзеге асырған «Жусан» операциясы да өзге елдер арасында аса жоғары бағаланды. Ал Иран ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды шешуге Қазақстанның практикалық тәжірибесін пайдаланды. 2013 жылдың ақпан-сәуір айларында кезекті «алтылық» мемлекеттері мен Иран арасында Алматыда кезекті келіссөздер жүргізілді. Бұған да біздің ел мұрындық болып, 2015 жылдың соңында Қазақстан осы жоспарды іс жүзінде жүзеге асыруға тікелей қатысып, атсалысты. Сондай-ақ Тәжік-Ауған шекарасын күзетуге де еліміздің сарбаздары қатысты. Басқа да БҰҰ миссияларын орындауға, жүзеге асыруға жаппай қатысты. Оның бір дәлелі – 2018 жылы 120 жауынгерімізді Ливандағы тыныштықты сақтап, Израил әскерлерін шығару үшін аттандырғанымыз. Міне, мұның бәрі де бітімгершілік мақсатында жүзеге асырған ауқымды шаралар деуге болады. Бір жағынан өз әскерлеріміздің жауынгерлік рухы мен қабілетін шыңдауға арналған жаттығу да бола алды. Сондай-ақ бұрын-соңды халықаралық ұйымның бітімгершілік миссия атқаратын әскерінің қатарына әскер жіберу ісіне кез келген мемлекет араласа бермеген. Алайда соғыссыз, бітімгершілікпен саяси-әлеуметтік мәселелерді шешкісі келетін біздің еліміз осындай халықаралық міндеттемелерді мойнына алуы әлем алдындағы абыройының биіктеуі деп түсіну керек. Жалпы Қазақстан әскері бітімгерлік миссияларына белсенді түрде қатысып келеді. Қазіргі әлемде болып жатқан ауқымды саяси өзгерістер барған сайын бір елмен бір елдің арасын шиеленістіріп, текетіреске әкеп соғып жатқаны да жасырын емес. Міне, осы кезде бейбітшілікті ұстанған ел ғана халқының тағдырын талқыға салмай, аман алып қалмақ. Қару – соғыстың басты құралы. Ал соғыс қаншама халықтың тағдырын ойран етеді. Оны ойлаудың өзі қорқынышты. Сондықтан Қазақстанның бейбітсүйгіштігіне сүйсіне қарайтын ел көп. Әлемде болып жатқан саяси ахуалдарға байланысты да Қазақстанның ұстанымы айқын. Қазақстан ешкіммен территориялық таласы жоқ ел. Сондықтан айналадағы әрбір елдің жеке ішкі ісіне араласпайды. Әрі қандай да саяси ахуалды шиеленістірмей, бейбіт жолмен шешуіне тілектес.

«БІЗ АДАМДАРДЫ ҰЛТЫНА, ТІЛІНЕ, ДІНІНЕ ҚАРАП БӨЛМЕЙМІЗ»

Әлемде сан алуан халық бар. Сонымен қатар қанша халық болса, сонша наным-сенім болады. Дүниедегі төрт үлкен дінді біз жалпылама адамдардың сеніміне байланысты қарастырғанымызбен, біз естімеген талай тармақ бар. Алайда бәрінде бір ұқсастық, ол – бір Жаратушыны іздеу, әйтеуір бір жаратылыстың барына сену. Міне, бұл бағытта Қазақстан зайырлы жолды ұстанды, әрі әрбір адамның наным-сеніміне аса құрметпен қарайды. Адамдарды діни сеніміне, нәсіліне, тіліне қарап бөлуге түбегейлі қарсы. Сондай-ақ нәсілшілдік пен дін өкілдерінің арасындағы алауыздықты жоюға да Қазақстан өз үлесін қосып келеді. Оның бір дәлелі – жақында ғана Астанамызда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі. Бұл дінаралық форумға 50-ден аса елден 100-ден астам делегация мен Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб және басқа да дін көшбасшылары қатысты. Съезд мақсаты – қазіргідей күрделі кезеңде әлемге және елімізге ең бірінші кезекте тыныштық, тұрақтылық, береке-бірлікті ұйытқы етіп, бейбітшілікті сақтау және оны дәріптеу. – Жаһандану – күрделі құбылыс. Елімізде жаһандану жағдайындағы әлемдік үрдістерді нәтижелі еңсеру үшін бірқатар бастамалар жүзеге асырылуда. Ең бастысы, Қазақстан – бейбітшілікті қолдайтын ел. Түркі тілдес халықтар ғана емес, батыстың алпауыт елдері арасындағы бейбіт келісім, ортақ ықпалдастық, әлемдік дамудың жақтаушысы болуда. Жаһанданудың түрлері көп. Мәселен, мәдени жаһандану бүкіладамзаттық құндылықтардың ықпалдасуынан туындайды. Ендеше, бұған жай қарай салуға болмайды. Мемлекетіміздің әлемдік аренада жоғары бедел, озық елдердің қатарында өзіндік орынға ие болуы да ұстанған саяси бағытымыздың дұрыс болуынан. 2003 жылдан бастап Әлемдік діндер көшбасшылары съезінің Қазақстанда ұйымдастырылуы осы сөзіміздің айғағы. Бүгінде айналамыз тыныш болмай тұр. Геосаяси шиеленіс пен санкциялық текетірестер өршіп келеді. Осы ретте Қазақстанның әрбір бастамасы әлемдік ынтымақтастықтың негізін қалау, халықтың өсіп-өркендеуіне жол ашу мақсатын көздейді. Ең бастысы, алпауыт елдер арасында қырып-жоятын қару қолдану секілді адамзатқа зор зиян келтіретін пиғылды болдырмау. Қазақстан бұл ретте де алғашқылардың бірі болып ядролық қарудан бас тартып, әлемдік үндеуін жариялады. Өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін көп ұзамай Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру туралы бастама көтерді. Әлемді шарпыған пандемия да біраз түйткілді мәселелерді, жалпы адамзатқа ортақ дамудың өзекті жайттарын айқындап берді десек те болғандай. Бүгінгі әлем – қарыштап дамыған технологияның заманы. Бұған қоса әлеуметтік маңызы зор мәселелер де көптеп бой көрсетуде. Осы ретте қазақстандық жаһандық бастамалар әлемдік тыныштықты, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып, елімізді саяси аренада бейбітшілікті қалайтын ел ретінде танытты, – дейді Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Тарих және география» кафедрасының меңгерушісі Жамбыл Мырзабеков. Бұған дейін Қазақстанда өткен әлемдік діндер көшбасшыларының съездерінде бірнеше мәселелер қаралған. Мысалы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезі 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өткені бәрімізге аян. – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі 2022 жылдың 14-15 қыркүйегінде Астана қаласында өтті. Бұл кездесу түрлі мәдениеттер мен дін өкілдерінің ынтымақтастықта және бейбітшілікте өмір сүруге деген ортақ ұмтылысын паш ету. 20 елден келген әлемдік діндер мен конфессиялардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Дін лидерлері өз сөздерінде Қазақстан өз ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де дінаралық және конфессияаралық диалог орнатуға баса мән беріп, осы бағытта маңызды жұмыс атқарып келе жатқанын айтып өтті. Жалпы айтқанда, әлем және дәстүрлі дін лидерлері арасындағы келіссөз өзара ынтымақтастық үшін кең болашаққа жол ашып, біздің заманымыздың зорлық-зомбылық, фанатизм, экстремизм және терроризм сияқты теріс көріністерді болдырмауға септігін тигізеді. Ең бастысы – диалог бейбітшілік пен келісім алаңын, үйлесім мен айқындық дәуірін қалыптастырады. Діни көшбасшылар бүкіл адамзатты осы жер шарының болашағы үшін өзара іс-қимыл, бейбітшілік пен келісім, әділеттілік пен жасампаздыққа шақырды, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Дінтану» орталығының бас маманы Бақтияр Алпысбаев.

ЭКСПО-2017 және ЭКОӘЛЕМ

Тәуелсіз Қазақстанның тағы бір үлкен бастамасы – экоәлем құру. Сол арқылы адамзатқа үлгі көрсету. Бұл бағытта «Жасыл көпір» бастамасы көтерілді. Онда табиғи ресурстарды экологиялық жағынан тиімді пайдалану, экожүйелік қызметтерге инвестиция салу, «жасыл» бизнес пен «жасыл» технологиялардың дамуына алғышарттар жасау және өмір сүру деңгейін көтеру қарастырылған. Соның нәтижесінде Астанада халықаралық форум өтті. Аталған конференцияға Еуропалық одақтың, Орталық Азияның және басқа да мемлекеттердің табиғатты қорғау ведомстволарының басшылары, халықаралық ұйымдар мен компаниялардың өкілдері, Қазақстанның мемлекеттік органдарының қызметкерлері, сондай-ақ экологиялық таза энергия мен «Жасыл» даму саласының халықаралық сарапшылары келіп қатысқан болатын. Ал 1995 жылғы БҰҰ-ның Негіздемелік конвенциясының ратификациялануы, 1999 жылғы наурыз айында Киото хаттамасына қол қоюы, және осы хаттама негізінде, пост-Киота кезеңінде 1992-2020 жыл аралығында парниктік газдардың шығарындыларын айтарлықтай азайтты. Кейінгі «Жасыл өсу» кеңсесінің құрылуы да біздің тынысымызды ашып, жасыл әлемге деген ұмтылысымыздың қарқынына қарқын қосты. Біз бұл бағытта тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан-ақ жұмыс істеп келеміз. Соның нәтижесінде біз «ЭКСПО-2017» көрмесінде «Жасыл экономика» идеясын әлемнің өзге елдеріне таратуға да мүмкіндік туғыздық. Міне, бұл біздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі әлемдік бастамаларымыздың бір нәтижесі деуге болады. Жалпы табиғатты ана деп сыйлап, оның әрбір тасы мен ағашына жанашырлықпен, махаббатпен қарау қазақ баласының қанында бар қасиет. Сондықтан да мынау жаратылысты, жердің табиғи байлықтарын аялауды, ауаны таза ұстауда әлем Алашқа қарап бой түзесе, ол таңғаларлық іс емес деп білеміз. Болашақта да тыныштық пен бейбітшілік, таза табиғат, жақсылыққа жәрдемші болу, жамандыққа тосқауыл болу Қазақстанның басты қағидасы болып қала бермек.

Шапағат ӘБДІР