Дін

ЗАҢСЫЗ ДІНИ-МИССИОНЕРЛІК ҚЫЗМЕТКЕ ЖОЛ ЖОҚ

ЗАҢСЫЗ ДІНИ-МИССИОНЕРЛІК ҚЫЗМЕТКЕ ЖОЛ ЖОҚ

Кез келген діни ағымның пайда болуында саяси астар бар. Ислам дініндегі ағымдардың бәрі белгілі бір саяси оқиға негізінде пайда болған.

Отандық дінтанушы Г.А.Базарбаеваның пікірінше, «Дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу. Кез келген адамды халықтың, не болмаса қандай да бір ұйымның құрамдас бөлігі ретінде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейімделгіш келетіні белгілі. Тұлға ұйымның арасына қалған сәттен бастап бұрынғы табиғи қалпынан өзгеріп, мүлдем басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән іс-әрекеттер жасайтын болады» деп ой қорытады. Мәселен, діни экстремистік топтардың іс-әрекеттері төмендегідей көрініс табады: Исламға (басқа дінге) үйрету деп экстремистік идеялар таратылады; Діни (исламдық) тәртіп үшін күресуге шақыратын топтар, партиялар ұйымдастырылады; Билік жағынан қарсы әрекет жасалғанда жасырын жағдайға көшеді және өздеріне халықтық мүдделер үшін күресушілер тобын құрайды; Басқа экстремистік ұйымдармен тығыз байланыстар орнатылады және бірігеді, шетел орталықтарымен байланыста болып және олардың көмегімен билікке қарсы джихад (соғыс) жариялайды. Оларға қатаң түрде тосқауыл қойылмаса елдің бірлігі мен бейбіт тіршілігіне нұқсан келетіні белгілі. Біздің қоғамда зайырлылық, демократиялық негіздерге қайшы келетін «Таблиғи жамағат» деген діни ұйым бар. Бұл қандай діни ұйым деген сауал бәрімізді мазалайды. Бұл ұйым Қазақстанда ресми тіркеуден өтпей, іс жүзінде белсенді түрде бейресми қызмет атқарып келді. 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң күшіне енгеннен бастап олардың діни іс-әрекеттері тіпті заңсыз болып саналады. Прокуратура органдарының ұсынуымен 2013 жылдың 26 ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімімен аталған діни ұйымның Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынған. Сонымен қатар 2009 жылдың 7 мамырында Ресей Федерациясы Жоғарғы Сотының шешімімен «Таблиғи жамағат» ұйымы халықаралық діни экстремистік бірлестік деп танылып және халықаралық террористік ұйымдарға қолдау көрсетуге бағытталған деп көрсетілген. Теологиялық жағынан аталған діни ұйым исламның сунниттік бағытын ұстанғанымен, бірқатар ғалым-сарапшылардың пікірінше, оның идеологиясы исламның бірқатар қағидаларына қайшы және радикалдық көзқарастар өте басым. Мамандардың зерттеуінше, «Таблиғи жамағат» атауы «дін тарату қоғамы» деген мағынаны білдіреді. Бұл ұйым 1920 жылы Үндістанда құрылған. Олардың мақсаты – «ислам дініне тың серпін беріп, оның ықпалын арттыру». Ұйым мүшелері негізінен миссионерлік бағытта жұмыс істеуге күш салады. Олар әу бастан саясатқа араласпай, бар күштерін мұсылмандардың діни сенімін күшейтуге арнайды. «Таблиғи жамағат» – қатаң тәртіпке негізделген ұйым. Ұйым мүшелері басшыларына (өздері «әмір» деп атайды) қатаң бағынудың арқасында кәсіби уағызшы болып қалыптасады. Ұйымның белсенді мүшелері жыл сайын бір жылдың 40 күнін дінге арнауы тиіс. Олар айдың үш күнін, аптаның екі күнін және тәуліктің екі сағатын да дін ісіне арнауға міндетті. Азия елдерінде құрамында 10-12 адамы, басқа елдерде 3-5 адамы бар шағын топтар жасақтау арқылы «Таблиғи жамағат» өкілдері әлемнің барлық бөлігінде дін таратуға тырысады. Арнайы дайындалған уағызшылар насихат жұмыстарын екі тараптан жүргізеді. Олардың бір тобы мешіттерде уағыз жүргізсе, екінішісі ауыл-аймақты аралап, үйлерге кіріп уағыз айтады. «Таблиғи жамағат» діни ұйымның орталығы – Дели қаласы. Сонымен қатар Пәкістанның Карачи, Лахор қалаларында да үлкен орталық филиалдары бар. «Таблиғи жамағаттың» негізін қалаушы – тегі үнді Мәулана Мұхаммед Ілияс. Ол Үндістанның Шаранфур аймағына қарасты Кандахла ауылында 1886 жылы дүниеге келген. Сондықтан «Кандахлауи» деп аталып кеткен. Қазіргі таңда Қазақстанда сепаратизм, экстремизм және терроризм проблемалары жоқ емес. Олардың тарапынан туындаған қауіп ойдан шығарылған емес, нақты және шынайы өмірлік қауіп болуы мүмкін.

Бақтияр АЛПЫСБАЕВ, дінтанушы-магистр