Білім

Солтүстіктегі студенттердің іздеу-сұрауы жоқ па?

Солтүстіктегі студенттердің іздеу-сұрауы жоқ па?

Әу баста ел астанасы Алматыдан Ақмолаға бекерге көшірілген жоқ. Басты мақсат – астананы еліміздің географиялық орталығына көшіру арқылы сырттан төнетін қауіптен сақтану болса, екіншіден, бір кездегі өзге ұлт өкілдерінің КСРО құлағаннан кейін тарихи Отанына қайтуымен селдіреп қалған солтүстіктің халқының орнын толтыру және орыстанған аймақты қазақыландыру. Бұл – ұлт мүддесі үшін қолға алынған игі іс. 

Қазірдің өзінде бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ. Сырттағы көз тігушілерге иен даланың иесіз емес екенін білдіретін қолға алынған ең ауқымды істің бірі – «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы. Бұл солтүстікке оңтүстіктің жастарын тартудың жақсы бір амалы. Бұл бағдарлама 2014 жылы оңтүстіктегі жастардың солтүстікте білім алып, сол жақтан жұмысқа тұрып, тұрмыс құрып, үйлі-баранды болуын көздейді. Солтүстікке оңтүстіктің халқын қоныстандыру мақсатында тұрмысы қиын өңірлер халқын, яғни жұмыс күші жеткіліксіз саналатын Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан секілді облыстарға Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Алматы секілді халық көп шоғырланған облыстардан еңбекке қабілетті отбасыларды «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» арқылы (бұрынғы «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы) көшірудің де түпкі мәні осы. Әулиеата өңірінен солтүстікке көшкен отбасылардың есебін алып, ол жаққа көшіп барғандардың жұмысқа тұрған-тұрмағанын анықтау, баспанамен қамтамасыз етілуін қадағалау ісімен облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы айналысатыны белгілі. Ал дәл осы секілді солтүстікке ілім-білім іздеп кеткен колледж немесе жоғары оқу орындары студенттерін қай мекеме қадағалайтыны белгісіз. Ашығын айтқанда, солтүстікке оқуға кеткен әулиеаталық жастардың бүгінде іздеу-сұрауы жоқ секілді. Біз бұл мәселемен аталған бағдарлама арқылы оқуға кеткен студенттер жайлы метериал дайындау барысында бетпе-бет жолықтық. Облыстық білім басқармасы жылына қанша студент солтүстік және шығыс өңірлерге оқуға түскенін анықтағанымен, осы басқарма да, және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы да жастардың ол жақтағы жағдайы шын мәнінде қандай екенін айтып бере алмады. – «Мәңгілік ел жастары индустрияға!» – «Серпін-2050» жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік жобалардың бірі. Жоба аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастары, өндіріс орындары дамыған, жұмысшы күшіне қажеттілік қалыптасып отырған Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік берілген. Серпін жобасына Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облысы, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары қатыса алады. Жоба биыл 9-жыл жүзеге асырылғалы отыр. Жыл сайын жобаға қатысатын оқу орындарының желісі де артып келеді. Жобаға 33 колледж, 21 жоғары оқу орны қатысады. «Серпін» әлеуметтік жобасы аясында біздің облыстан 2016 жылы – 262, 2017 жылы – 283, 2018 жылы – 224, 2019 жылы – 118, 2020 жылы – 52, 2021 жылы – 128, 2022 жылы 97 студент оқуға түсті. Барлығы – 1 164. Оның ішінде 933-і жоғары оқу орындарына, 231-і колледждерде педагогикалық, техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алуда. Негізінен білім басқармасы колледж және мектеп оқушыларына жауапты. Әйтсе де жылда біз ешкім міндеттемесе де өзге өңірлердің жоғары және арнаулы орта оқу орындарына хабарласып, «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша оқуға түскен студенттерді анықтаймыз. Ал олардың қаншасы оқу бітіріп, жұмысқа орналасқанын немесе оқу бітіріп не бітірмей кері қайтып кеткендерінен біз хабарсызбыз. Менің білетінім, осы жобамен оқуға түскендерге жылына екі мәрте туған жеріне келіп-кету жолақысы төленеді және шәкіртақымен, жатақханамен қамтылаған, – деді облыс әкімдігі білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Алтынай Жайлышева. Біздің мақсат – оңтүстіктегі жастарды тұрғындары аз аймақтарға тартып, сол жерде қоныстандыру. Ал осыны жүзеге асырудың тетіктері неліктен аяғына дейін ойластырылмаған? Кімнің қайда оқып, не істеп жатқанын, жағдайының қалай екенін қадағалауда мәселені облыстық білім басқармасы жастар саясаты мәселелері басқармасына, жастар саясаты мәселелері басқармасы қайтадан білім басқармасына ысыруы «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» керін келтіргендей. Осы орайда біз «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Уәлихан Болатбекті сөзге тартып көрдік. Ол бұл тақырыпта мәселе көп екенін, жақында «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің бір жиынында нақ осы мәселе де қаралғанын сөз етті. – «Мәңгілік ел жастары индустрияға!» – «Серпін-2050» жобасы аясында қандай да бір мекемеге «сен жауаптысың» деген міндеттеме артылған жоқ. Кезінде осы жоба жүзеге асырылып, бағдарлама қолданысқа енгенде облыстық әкімдік бөлінісінде осы іспен айналысу білім басқармасына ысырылған. Негізінде солтүстіктің жоғары немесе арнаулы орта оқу орындары біздің облысқа келіп, оқуға шақыру бойынша жастар арасында үгіт жүргізеді. Оқушылар қызықса барады, қызықпаса өз еркі. Оқушылар білім басқармасына қарайтын болғандықтан, білім басқармасы тек ол жаққа қанша оқушы оқуға түскені жөнінде ғана анықтама жинаумен айналысады. «Жастар рухы» жастар қанатының жол картасындағы индикаторлық көрсеткіш бойынша былтыр 128 бала осы жоба бойынша оқуға түссе, биыл оның саны 100-ге де жетпей қалды. «Бұл неліктен?» дейтін болсақ, ол жақта студенттердің әлеуметтендірілуі өте қиын. Мысалы, бағдарламада оқуға түскен студенттің жатын орны, тамағы, шәкіртақысы қамтылған. Бірақ оқу бітіргеннен кейін бағдарламада көрсетілгендей уәде бойынша берілген жұмыс, оның жалақысы оқу бітіріп тұрған жас маманның көңілінен шықпауы мүмкін. Одан бөлек біздің оңтүстік пен солтүстіктің халықтық болмысы бір-біріне сай келмейді. Сондай-ақ оқу бітірген студентке сол жердің атқарушы билігі жұмыс, баспана тауып беруге міндетті. Ал жас маманды «Сен осы жоба бойынша білім алдың, енді осы жерде белгілі бір мерзім аралығында еңбек ет» деп ешкім күштей алмайды. Сондықтан студенттің онда қалу-қалмау мәселесі өз еркінде. Сол себепті жақында өткен кеңес отырысында біз осы саясатты жүргізуді, яғни солтүстікте жастардың білім алуын насихаттау, түсіндіру облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасына жүктелсе деген ұсыныс білдірдік. Бұл жоба негізінде жастардың халқы аз өңірде оқып, қоныстануын ғана емес, сол арқылы тікелей айтылмаса да аталған аймақтарда халқымыздың тілінің, дінінің мәселелерін реттеуді, қазақыландыруды көздейді. Ал жастардың ол жаққа баруы, жағдайының қандай екенімен білім басқармасы айналысуы тиіс. Өйткені ол жақта оқып жүрген жастардың 60-70 пайызы колледж оқушылары. Сондықтан үгіт-насихат жұмысымен жастар саясаты мәселелері басқармасы, олардың оқып жүргенде жатақханамен, басқа да тиісті көмекпен қамтылуын білім басқармасы, ал оқу бітіргеннен кейін жұмысқа тұруын, баспаналы болуын облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қадағалауы керек, – дейді У.Болатбек. Оның айтуынша, аталған мәселеге жауапты мекемені де, маманды да табудың қиынға соғуы белгілі бір басқармаға жоғары жақтан нақты міндет ретінде осы мәселе бекітіліп берілмегендігінде болып тұр. Осыдан кейін ешкімнің басы артық жұмыспен айналысуға құлқы жоқ көрінеді. Бүгінде студенттердің солтүстіүкке тұрақтау үшін емес, білім игеру үшін барып жатқаны ащы да болса шындық. Оның ішінде бірі жағдай жасалмағандықтан кері қайтса, тағы бірінің білім игеруде осы мүмкіндікті бастапқы жоспары етуі мүмкін. Тіпті солтүстіктегі оқуын бітірмей, орта жолдан тастап, қайтып келіп жатқан студенттер де арамызда бар. Ал бұл жайттан облыстағы аталған басқармалар бейхабар. Сонда болып жатқан жағдайды зерделеп, кемшілікпен кім күресуі керек? Ұзын сөздің қысқасы, «Серпін-2050» жобасы аясында білім алатын студенттердің жағдайын, өзін қадағалайтын бір мекеме ауадай қажет. Өйткені «Менен кетті, саған жетті» деген түсінікпен күн кешу ешкімге опа бермейді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ