ӘРІ БИ, ӘРІ БАТЫР СЕҢКІБАЙ
ӘРІ БИ, ӘРІ БАТЫР СЕҢКІБАЙ
Он төрт, он бес жас шағында әкесінің інісі Ақботаның тілін алмай ұрсысып, оған қол жұмсаған көрінеді. Әрине, бұл жас адамға үлкен мін. Өз қатесін сезінген арлы бозбала Сарыарқадағы Сарысу өзені бойындағы нағашыларына – тама еліне қашып кетеді. Осында Моты бидің ауылында тұрақтап, есі кіре іскерлігімен, батылдығымен жаққан соң, бидің Кенже атты қызына үйленеді. Абыл мен Кенже өз балаларын Қабан, Арыстан, Үрістем, Жолбарыс деп атайды. Тама еліне әке жағынан бөтен төрт ұл өжет, батыл болып өседі. Өздеріне тиіскен құрбыларына есесін жібермейді. Бірақ төрт бөрі аталған бұл бозбалалардың шымбайына «кірмелер» деген сөз қатты батып, ақыры әке-шешесін туған еліне көшуге мәжбүр етеді. Жалғыз кетіп, алтау болып оралған Абылға Ақбота би қара сулы өзеннің бойынан қоныс берген. Міне, Абылдың тұңғышы Қабаннан осы Қарабақыр Шәлке жағасында 1712 жылы Сеңкібай жарық дүниеге келген. Сеңкібайдың әкесі Қабан да батыр, әрі қолы ашық жомарт кісі болған. Сеңкібайдың Қалы, Ақкіс және Есқожа деген бауырлары болды. Сеңкібай батырдың ұрпағы Әмзе Молдақұлұлы Момбаевтың есебіне қарағанда, ол 87 жасқа келіп дүниеден өткен сияқты. Аңырақай шайқасына Сеңкібай батыр 17 жасында қатынасып, ерлік көрсетеді. Демек, Сеңкібай батыр дүниеге 1712 жылы келіп, 1799 жылы өмірден өткен деп шамалаған. Бұл пікірмен жергілікті тарихшылар да келісіп, хронологиялық кезеңге осы шамадағы жылдары өмір сүргенін болжаған. Сеңкібайдың батырлығы өз алдына, сонымен қатар ол жас кезінен-ақ дау-дамайға әділ төрелік айтумен де аты шығып, мәмілегер би, шешен атанғандығы да айтылады. Оған дәлел – Нысанбек Төреқұлдың «Даланың дара ділмарлары» атты кітабында Сеңкібайға қатысты төмендегідей әңгімесі. «…Сеңкібай 13-14 жастағы бозбала шағында туыстарымен бірге Тәшкендегі ағасы Төле биге сәлем беруге барады. Дау үстінен түседі. Бір қырғыз жігіті қазақтың жылқылы байы бесіктегі баласын өлтірді деп айыптап, құн сұрай келіпті. Қырғыздың айтуына қарағанда, бай қалың жылқысын қырғыздың киіз үйіне тақай қаптатып өткізіпті. Қалың дүбірден, шұрқыраған, кісінеген дыбыстан бесіктегі бала шошып, жүрегі жарылып өлді деп дау айтады қырғыз жігіті. Осы әңгімені естіген Сеңкібай елеңдеп, орнында отыра алмай тыпырши береді. Осыны байқаған Төле би Сеңкібайға: – Інім, делебең қозып отырған сияқты, мына дауға билік айтам десең, саған бердім кезекті, – дейді. Сонда Сеңкібай: – Онда мына қосақтаулы бір отар саулықты сауғызып, сүтін бір қазанға пісіріп, талдырып айран ұйытылсын. Қырғыз жігітінің үйінің жанынан шұрқырап өткен қалың жылқы дайын тұрсын, – депті. Төле бидің өзі келіскен соң, таңырқаған жұрт бұл билікке тақ тұрады. Ертеңіне түс қайта жылқылы бай, қырғыз жігіті, Төле би, Сеңкібай және басқа да мүдделі жұрт бір қазан ұйытылған қою айранды ашып көрсе, қалың қаймағы тұтасып тұр екен. Сеңкібай бала үй жанынан қалың жылқыны тағы да шұбыртып айдап өтуді талап етеді. Қазанның қақпағы болса жабулы. Айғырлары арқырап, құлындары шұрқырап, биелері кісінеп, үй жанынан дүркіреп өткенде жер сілікінгендей болады. Шұбырынды шаң басылған соң жиналған жұрт қазанның қақпағын ашып көрсе, ұйыған айранның шынтақ елі, қалың қаймағы төрт жерден қаңырап айырылып кетіпті. Сонда Сеңкібай: – Жас баланың жүрегі, Қатығы қою қаймақ емес пе? Әшейінде теп-тегіс, Шұбырып жылқы өткенде, Қақ айырылғаны айғақ емес пе? Құдайдың кең жері тұрғанда, ауыл үстінен жылқы айдап өткен бай кінәлі. Бала құнын төлесін! – деген екен. Төле би де, жиналған жұрт та Сеңкібайдың әділ билігіне риза болып, бай құнын төлейді…». Енді бірде Сеңкібайдың жақын екі туысы – Жапар деген бай мен Пісібай деген кедей Сеңкібайға жүгіне келеді. Даудың мәнісі Пісібай Жапардың бір өгізін жаздай жалдап, егін салып, астығын базарға сатқан соң майына байға 10 тілла ұсынады. Бірақ Жапар мұны азсынып алмайды. Сеңкібай байға: – Базарда бір өгіз қанша сом тұрады? – деген сауал қояды. – Менің өгізімдей болса 4 тілла, ары кетсе 5 тілла, – дейді Жапар. – Онда сенің талабың қиямет екен. Өгізің бір жылда өгіз тумайды. Саған 4 тілла да жетеді. Бесінші тілла өсімі болсын, – деп, Сеңкібай он тілланың жартысын кедей Пісібайға қайтып береді. Өйткені кедейдің бала-шағасы көп екен. Міне, осындай әділ билік жасаған, туғанына да бұрмаған Сеңкібай ел ағасы атанған. Елдің қамын ойлаған Сеңкібай би Төле атасының ақылымен рулас, аталас ағайындары тұрып жатқан Қаратақыр-Шалке жерінде игілікті іс атқарады. Олар қоныстанған жерге: «Жазда жайлау, қыста қыстауға өте қолайлы, құнарлы жер екен. Өзен жағалағанның өзегі талмайды. Суы– сусын, балығы – бал, әр бұтасының түбінде бір асым ет жатыр», деп сипаттама берген аңызға айналған абыз Төле би Сеңкібайға елді отырықшылыққа айналдырып, егін егіп, бау-бақша өсіруге, алқапты суландыруға ақыл-кеңес береді. Бір рулы елдің биі атанып, атағы алысқа кеткен Сеңкібай осы кезде 34 жаста екен. Ол алыс-жақын жерлерге, көршілес Өзбек елінің қалаларына керуен шығарып, мал және мал өнімдеріне айырбас жолымен қарамағындағы елдің қам-қарекетін жасап, жоғын түгендеп, қажетті тұрмыстық және тұтыну тауарларын алғызып тұрған. Сірә, күнкөрістің қамы болса керек, сондай керуеннің біріне жастары 15-16 шамасындағы үйелмелі-сүйелмелі екі өзбек баласы атқосшы болып ілесе келіпті. Аттары – Сайып және Қайып. Олар өздерінің іс-әрекеттерімен Сеңкібайдың сеніміне кіріп, өз балаларындай болып кетеді. Би оларды үйлендіріп, отау етіп, енші беріп, бөлек шығарыпты. Балалардың қазақ биінің қамқорлығын көргенінен хабардар болған ағайын-туыстары, жақын-жуықтары, нағашылары осында үдере көшіп келіпті. Би оларды да жылы қабақпен қарсы алған. Мақсаты – өзбек ағайындардың бағбандық және диқаншылық өнерлерін пайдалану әрі өз елінің жастарына үйрету. Осында өсіп-өніп, 200-250 түтінге дейін жеткен өзбек ағайындар қала тәртібімен көше-көше етіп үй салып, бау-бақша өсіріп, өңірді гүлдендіріп жібереді. Сеңкібай егіншілік жайын жақсы меңгерген өзбектерге сонау Тектұрмастан бері қарай оман арық (канал) тартқызып, 30-32 шақырым жерден ауылға су әкеледі. «Сеңкібай арығы» атанған осы су жүйесі қазір де 7-8 ауылды суландырып, егіншілікті ағын сумен қамтамасыз етіп отыр. Отырықшылыққа орай кішігірім кентке айналған Сеңкібай ауылында мешіт-медресе, әртүрлі шеберханалар, диірмен, ұста дүкендері мен сауда орындары бой көтерген. Осы бір игілікті істің айғағындай: Сеңкібай – біздің ауыл қамыс қорған, Қамысты жағалайын Жаныс қонған. Атыңнан айналайын, Сеңкібай би, Қазақты өзбекпенен табыстырған, – деген өлең өмірге келіп, тіпті сол кездері әнімен айтылған да заман болған деседі. Өкінішке қарай, «Сеңкібай қорғаны» атанған сол елді мекеннің орны кеңестік кесірлі солақай саясаттың салдарынан ауыл шаруашылығы қажеттілігі үшін тегістеліп кетіпті. Сеңкібайдың би болғанына ауыздан-ауызға көшіп, бүгінгі бізге жеткен мына бір шумақ өлеңнің өзі де дәйек болып тұрғандай: «Би Сеңкібай кешегі, Ерекше ер деседі. Тіл біткеннің шешені, Жауға бермес есені. Аруақты, көшелі, Қазақтың алғыр көсемі». Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген тарихи кітабында Сеңкібай, Шойбек, Саңырық батырлар туралы деректер молынан берілген, олардың жорық жолдарын, жасаған ерліктерін кеңінен ашып көрсеткен. Сеңкібайдың қалмақтармен біздің Жуалы өлкесінің Қос Тұра аталатын жерінің батысындағы алқапта болған соғысы туралы да деректер келтірілген. Мұндағы шайқас жекпе-жектен басталады. Қалмақтар жағынан Ботхишар деген батыры шығады. Ботхишар – өте тәсілқой, көкірегінде кегі, тамырында қаны қатқан, қазақ десе қаны қас, қаніпезер жау болатын. Қазақтар жағынан Төле бидің ұйғарымы бойынша Жоланның Төлеқұласына мінген Өтеген батыр шығады. Жекпе-жекте Ботхишар өлім құшып, Өтегеннің мерейі үстем болады. Бас батыры өлген қалмақтар қаша ұрыс салып, шегіне бастайды. Осы оқиғаны көзімен көрген Қазыбек бек былай баяндайды: «…Ботхишар өлген соң кешке кескілескен ұрыс басталады. Қалмақтар белдесіп күреске түсе алмай, қаша ұрыс салды. Олар бір беткей қашпай, бірнеше бөлініп қашты. Бұл өңір қалмақтан тазара бастады. Жеңіске жеткен Сеңкібай мен Шойбектің, Қылышбектің, Жанкелдінің қолы өз жерімізден кетті ғой дегендей салғырттана бастады. Екі күннен кейін майдан басына келген Төле аға мен Жолбарыс оларды жауды Шудан асыра қууды тапсырады. Сөйтіп, тастүйін болған Сеңкібай, Шойбектер бастаған ұлы жүз қолы қайта көтеріліп, жаудың артына түсті. Қашқан жауды қуа, өкшелей отырып біз Шу өңіріне жеттік…». Бұл айтылғандардан осы өлкені қалмақтардан азат ету жолында Сеңкібай, Шойбек, Қылышбек, Жанкелді батырлар бастаған ұлы жүз қолының рөлі ерекше болғанын көрсетеді. Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырында да қас батырдың бірі ретінде Сеңкібай, Шойбек есімдері аталады. Шойбек батыр 1707 жылы Жуалының Қошқаратасында, яғни Боралдай өзенінің бойында Қостұраның батысында болған шайқаста оның мыңдығы қазақтардың қалмақтан басым түсуіне жағдай жасағаны жөнінде Қазыбек бек Тауасарұлы өте құнды мәлімет қалдырған. «Сеңкібай мен Шойбектің қолы қайта көтеріліп, жаудың соңына түсті. Шойбек, Сеңкібай, Қылышбек қолы қашқан жауды қуа, өкшелей отырып, Шу өңіріне жетті», дейді. Сол жылдары Бұқар жырау Аңырақай шайқасына қатысқан батырлар туралы жырлағанда былай деді: Батырлардың асқары, Қазбекұлы Қасқары, Қаумен, Дәулет, Қасым да. Бақдәулеті басында Сеңкібай мен Шойбек бар, Таңсық қожа Мәмбет бар – деп батырдың ерлігін айтады. 1742 жылдың қоңыр күзінде Төле бидің ұйғарымымен жоңғарлардың тұтқынында жатқан Абылай сұлтанды босатып алу мақсатымен келіссөз жүргізуге Карл Миллер бастаған төрт-бес орыс, шақшақ Жәнібек батырдың Байқұлақ би бастаған туыстары, Төле бидің ет жақын туыстары Сеңкібай мен Шойбек аттанады. Олар үш күн жол жүріп, Жоңғар мемлекетінің Ұрға қаласына жетеді. Оларды үш күн бойы ешкімге жолықтырмай, тек төртінші күні ғана Төле бидің кенжесі Қожабекпен және кепілдіктегі емшектес ағасы Жоланмен жолықтырады. Олар Абылай сұлтанның тұтқынға түскенін естісе де көрмегенін, жолықпағанын айтады… Сеңкібайлар тек бір апта өткеннен соң ғана Абылай сұлтанмен жолығуға мүмкіндік алады. Қалдан-Серен Абылайды қолға түсіргеннен кейін кеңесшілерінің ақылымен жиені Шарышты жекпе-жекте өлтірген кегі үшін өлтірмек те болады. Ойлана келе, тұтқынның арғы атасы Шыңғыс хан екендігін, қырық рулы жоңғарлардың бас иген бабасы екендігін, орыс-жоңғар, қазақ-жоңғар қарым-қатынасының болашағына керек деп шешеді. Сөйтіп, Абылай сұлтан зынданнан шығарылып, тұтқындағы Жолан мен Қожабек те босатылып, ай шамасында жүріп Арқаға жетеді. Бұл тарихи оқиға туралы жазушы Бақтияр Әбілдаұлы «Байзақ датқа» атты кітабында егжей-тегжейлі баяндайды («Мерей», 1995 жыл). Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін жоңғар басқыншыларына қарсы Абылай хан бастаған азаттық айқастарында ерлігімен ерекшелінген Сеңкібай батыр шау тартқан кезінде де халқын отырықшылдыққа үндеп, егіншілікпен айналысуға шақырған. Өзі бас болып Талас өзенінің Тектұрмасқа жақын тұсынан тоған жасатқан, егін еккен. Сеңкібай батырдың ерлігі қалың жұртшылыққа қалмақ батырын жекпе-жекте жеңгеннен соң әйгілі болады. Нарын, орта Бақанас өңіріндегі қазақ жауынгерлері Айнакөл басында жатқан кезде сол жерге жеті мың әскермен Шамал атты қалмақ батыры келеді. Қазақтар мен қалмақтардың алғашқы жекпе-жегіне Сеңкібай мен Қаңғыр атты алып батыр шығады. Сеңкібай батыр Қаңғырды найзасымен түйреп өлтіреді. Сол сияқты Наурызбай батыр Шамалханды, ал Мәмбет батыр Домбауылды жеңеді. Қазақтың жыр сүлейі Сүйінбай, сол сияқты Майкөт, Жамбыл ақындар Сеңкібайға жыр арнаған. Мысалы, Сүйінбай ақын Сыпатай батырдың тойында: Сыпатай Дулаттағы ер кісі еді, Ақылы дариядай төл кісі еді. Жаныстан өтіп кеткен әзиз Төле, Сеңкібай Шойбекпенен тең кісі еді, – деп жырлаған. Академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Нұрпейісов республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Шежіреден – тарихқа, аңыздан – ақиқатқа» деген мақаласында өзге де батырлармен қатар Сеңкібай батырдың да ерліктеріне жоғары баға бере келіп, оның қаздырған каналының әлі күнге ел игілігіне жарап келе жатқанын жазды. 1771 жылы Әбілмәмбет хан қайтыс болған соң Түркістанда хан тағына Абылай отырғанда ханды ақ киізге отырғызып, шыр айналдырған батыр мен сұлтандардың арасында Қойгелді мен Сеңкібай батырлар да болғандығы туралы тарихи деректер бар. Оған Қойгелді батыр туралы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қорында сақталған дастан-жырда да айтылады. Үш жүз қолмен үш батыр, Қияға жолды салады. Ат жүре алмас тастарға, Қарумен қашап мүжіді. Төседі әкеп киізді: Осы жолы ерлерің, Бір пайдасын тигізді: Еңкейістен ары асты, Жау қайда деп байқасты. Жатыр екен қырғыздар, Ар жағында тау асты. Шойыбек, Ақша, Сеңкібай, Ерлікке бәрін жұмылтты. Алды-артына қарамай, Әр жерге отын жинатты. Жеке-жеке арасын, Алшақ қылып таратты. Үрейі қырғыз ұшсын деп, Алаулатып әр тұстан, Түтіндете от жақты. Арт жағы істің белгілі. Жаныс Сеңкібай Қабанұлының қабірі Тараз қаласының іргесіндегі Талас өзенінің жағасында болған. Алайда 1970 жылы «Ровный» совхозының солақай басшылары Сеңкібай мазарын қиратып, орнына егін еккізген. Сол егістік алқап бүгінге «Сеңкібай қорғаны» аталады. Сеңкібай батыр қаздырған 60 шақырымдық канал әлі күнге «Сеңкібай каналы» делініп, елге қызмет етуде.
Дайындаған Назым ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ