Қоғам

Цифрлық құжаттар уақытты үнемдейді

Цифрлық құжаттар уақытты үнемдейді

Қазақтың көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар, Тастан сарай салғызды; Айшылық алыс жерлерден, Көзіңді ашып-жұмғанша, Жылдам хабар алғызды» деп өрілетін өлеңі кім-кімге де терең ой салатындығы сөзсіз. Ақпараттық технология дамып, цифрландыру үдерісі қарқын алған тұста қаншама жылдар бұрын жазылған жыр жолдарының қалай дөп айтылғанына қайран қалып отырмыз.Расында да бүгінгі уақыт ертелі-кеш есінеп жүруді көтермейді. Дүбірге толы дүниеде ептілердің қашанда асығы алшысынан түсетіндігі сөзсіз. Бұл қадам әсіресе құжаттандыру ісінде көп рөл атқарады. Осы орайда мемлекет тарапынан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданып, «Электронды үкімет» порталының тиімділігі үсті-үстіне жетілдірілуде. Мұның бәрі де халық игілігі үшін жасалып жатқан тірліктер. Ал біз осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып жүрміз бе? Цифрлық сауаттылықты қаншалықты меңгердік? Бұл бағытта оқыту-түсіндіру жұмыстары да аз жүргізілген жоқ. Алдағы уақытта да ақпараттық шаралардың жандана түскені керек. Сондықтан да облыстық «AR-AI» газетінің ұжымы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалымен бірлесіп «Азаматтарға арналған ақпарат» атты жобаны қолға алып отыр. Жаңа айдар аясында сала мамандарының құқықтық һәм құжаттардыру бағытындағы құнды кеңестері, уақыт тынысын тап басатын оңды өзгерістер туралы мақалалары оқырман назарына ұсынылатын болады.

Редакциядан

Баспана мәселесі бойынша банктерді жағалайтынымыз жасырын емес. еGov mobile қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» сервисінің арқасында «Отбасы банк» АҚ клиенттері енді қызметтерді жеке басын куәландыратын құжаттың цифрлық аналогы бойынша ала алады. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының басшылығы атап өткендей, цифрлық құжаттарды қазірдің өзінде бүкіл ел бойынша көптеген салаларда қолдануға болады. Бірақ компаниялар өз клиенттеріне қызметтерді пайдалануға ыңғайлы болуы үшін интеграциялар жүргізіп, тиісті жабдықтар сатып алуы маңызды. Осы орайда «Отбасы банк» уақытты үнемдеудің маңыздылығын түсіне отырып, олардың клиенті рәсімдеу кезінде смартфоннан цифрлық құжаттарды пайдалана алуы үшін қажетті цифрлық интеграцияларды жүзеге асырды. Бұл азаматтар үшін де, бизнес үшін де көптеген процестерді жақсарта түскені сөзсіз. «Отбасы банк» клиенттері салым ашу кезінде цифрлық жеке куәлік пен цифрлық туу туралы куәлік сияқты цифрлық құжаттарды пайдалана алады. Жақын арада цифрлық жеке куәлікті кредиттік, кредиттен кейінгі және депозиттен кейінгі операцияларда да пайдалануға болады. «Отбасы банкінде» өз баспанасына 2 миллион қазақстандық ақша жинайды. Тек осы жылы ғана 480 мың адам жаңа депозиттер ашты. Ыңғайлы сервистерді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-дағы әріптестермен берлесіп, біздің бөлімшелерімізге өтініш білдіргендер үшін дамытамыз. Енді олар сандық жеке куәлікті қолдана алады. Мысалы, егер біздің клиент үйінде құжатты ұмытып кетсе, бұл опция өте ыңғайлы. Біз ол клиентке қызмет көрсетеміз», деп атап өтті «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова. Осы процесс іске қосылған сәттен бастап 1200-ден астам адам цифрлық құжаттарды пайдалана отырып, электрондық үкіметтің eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы «Отбасы банк» АҚ қызметтерін пайдаланды. Жаңа қызметті қолдану үшін: • eGov mobile мобильді қосымшасында авторизациядан өтіңіз; • «Сервистер» бөлімінен «Цифрлық құжаттарды» таңдаңыз; • керек құжатты таңдаңыз; • «Қол жетімділікті ашу» батырмасын басыңыз; • банк менеджеріне смартфон экранында көрсетілген алты таңбалы қысқа кодты хабарлаңыз. • Код автоматты түрде жасалады және ешқашан қайталанбайды. Банк менеджері өзінің деректер базасына бірегей қысқа кодты енгізеді және жүйе клиенттің жеке басын куәландыратын құжатты автоматты түрде жүктейді. Клиентті сәйкестендірудің бұл механизмі жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және үшінші тараптардан түскен алаяқтықтың алдын алады. Айта кетейік, қазіргі уақытта eGov mobile мобильдік қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» сервисі 18 құжаттан тұрады, олардың ішінде ең танымалдары: жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, вакцинация паспорты, ПТР тест және туу туралы куәлік. Бүгінгі таңда цифрлық құжаттарды Астана, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау, Түркістан, Тараз қалаларының әуежайларында, «ҚТЖ» АҚ теміржол вокзалында вагонға отырғызу, сонымен қатар банктер мен нотариустардан қызмет алу кезінде пайдалануға болады. Цифрлық құжаттарды пайдалану ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен «Отбасы банк» АҚ ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың арқасында жүзеге асты.

Талғат САЙДАЛИЕВ, Бірыңғай байланыс орталығы бөлімінің қызметкері