«Жас маман» – жаңа мүмкіндікке бастайды
«Жас маман» – жаңа мүмкіндікке бастайды
Облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Алтынай Жайлышева колледждердің материалдық базасын жетілдіріп, сапалы білім беруге қол жеткізуде «Жас маман» жобасының игілігі мол екенін айтады. Оның айтуынша, облыстағы «Жас маман» жобасына енген колледждердің 8-і қазіргі таңда ақылы негізде қызмет көрсетіп жатса керек. Яғни кондитерлік өнімдер мен аспаздық жартылай фабрикаттар, көрпе-төсек бұйымдары, көлік жөндеу, кран, экскаватор қызметтері, егістік өнімдері секілді қызметтерді тұтынушыларға ұсынып отыр екен. Оның ішінде 2 «Студент өнімі» дүкені және 2 ақылы қызмет көрсету орталығы ашылыпты. Жалпы, биыл табыс табуға бағытталған 8 колледж шамамен 41 миллион теңге табыс табады деп күтілген. – Облыстағы 10 аудан мен Тараз қаласы әкімдерінің жанынан салалық жұмыс берушілер кеңестері құрылып, олардың ұсыныстары негізінде облыстық стратегиялық даму жоспары бекітілді. Ауылдық колледждерге жетекші колледждер тағайындалды. Қазақстан Республикасы Президентінің отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша берілген тапсырмаға сәйкес, облыстағы колледждерді ірі кәсіпорындарға шефтік қамқорлыққа беру жұмыстары қолға алынды. Бүгінде 18 колледж «Қазфосфат», «Имсталькон», «Палацио» кәсіпорындарына және «Шәушен» шаруа қожалығы сияқты ауыл шаруашылығы құрылымдарына бейіндері бойынша беріліп, үшжақты меморандумдар жасалды. Шефтік қамқорлыққа алынған колледждерге кәсіпорындар тарапынан материалдық, тәжірибелік-әдістемелік қолдаулар көрсетілуде. Мысалы, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан Жаңатас көпсалалы колледжіне студенттермен тау-кен қазба жұмыстарын ұйымдастыру үшін 4 гектар жер телімі бөлініп, тәлімгер шеберлер бекітілді. «Шәушен» шаруа қожалығы, «Имсталькон» мен «Палацио» ЖШС тарапынан 3 курстың 68 студентін оқу-өндірістік тәжірибеден өткізу жұмыстары атқарылуда. 12 инженер-педагог осы кәсіпорындарда тағылымдамадан өтуде. Мұнда басты мәселе – заманауи технологияларды пайдалануды игеру, тәлімгер шеберлермен жұмыс тәжірибесін жинақтау, озат студенттерге стипендия төлеу, тұрақты жұмыс орнымен қамту. 2021-2022 оқу жылында 44 колледждің 37-сі (84 пайыз) 57 мамандық бойынша 5611 студентті дуальдық оқытумен қамтып, 8 мың 84 студент өндірістік тәжірибеден өтті. Жалпы, осындай өндірістік тәжірибеден өткен барлық студенттердің саны – 13 мың 695. Жұмыс берушілер есебінен кәсіптік практикада жүрген үздік 35 студентке орта есеппен 60 мың теңгеден еңбекақы төленуде. Биылғы оқу жылына қабылдауда кәсіпорындардың нақты сұранысына сәйкес мақсатты кадр даярлау жұмыстары басталды. «Атамекен» ҰКП-мен бірге «Қазфосфат», «Еврохим», «Имсталькон», «Жамбыл-Гипс», «Шафран», «Тараз-Энерджи», «Палацио» сияқты тағы да басқа компаниялармен, яғни 210 жұмыс берушімен колледж арасында 816 келісімшарт жасалды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ, – дейді Алтынай Жайлышқызы. Осы жобамен білім алушыларға тәжірибе түрінде кәсіпті үйретуге қажетті жабдықтарын алып, ісін ілгерілетіп отырған колледждердің бірі – Құлан агротехникалық жоғары колледжі. Мұнда аталмыш жобаға агроном, технологиялық құралдарды реттеуші және дәнекерлеу ісі, электр газымен дәнекерлеуші мамандықтары қатысыпты. – «Жас маман» жобасы бойынша 2021-2022 оқу жылында «Агроном» мамандығы бойынша «Трактор Deutz Fahr Agrotron6185G», соқа ППО-5/6-35, тренажер Forward Вектор комбайні, тренажер Forward тракторы, шөп оратын агрегат, спектрофотометр – HAXH DR3900, ФПА-2-01 құралдарын алдық. Ал «Дәнекерлеу ісі» мамандығына 23 бұйым алдық. Атап айтсам, 3 жартылай дәнекерлеу аппараттары, 2 тұрақты (ДС) айнымалы (АС) доғалы аргон дәнекерлеу кәсіби аппараты, 5 ММА қол доғалы дәнекерлеу кәсіби аппараты, бір ауамен плазмалық кескіш аппараты, толықтырылған газбен кесушінің жұмыс орны, дәнекерлеу агрегаты, «АЖУР-М»-1, иілгіш прокатты станок, «АЖУР УНИВЕРСАЛ-1д», дәнекерлеу тренажері, лазерлік металл кесу станогы мен 5 дәнекерлеу столы алынды. Қазіргі таңда осы құрал-жабдықтарды дәрістерде, оқу-тәжірибелік сабақтарда, өндірістік тәжірибеде қолданып жүрміз, – дейді колледж директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Райхан Ташыбаева. Қордай ауданындағы №7 Бетқайнар колледжінде аталмыш жоба аясында қажетті құрал-жабдықтарды алумен қатар, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды ашуға да мүмкіндік туыпты. Бұл жөнінде бізге толық мағлұмат берген колледж директорының кәсіптік оқыту ісі жөніндегі орынбасары Бауыржан Жауар: «Жас маман» жобасы аясында алынған құрал-жабдықтарды пайдалану арқылы бүгінде 293 студент оқытылуда. Оның ішінде 143-і «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», 150-і «Тігін өндірісі және киімді үлгілеу» мамандығымен білім алып жүргендер. Білімгерлерге теория сабақтарын оқыту процесін қызықтыру мақсатында замануи виртуалдық тренажерлар, интерактивті тақталар қарастырылған. Өндірістік сабақтарды өткізу үшін колледж МТБ жаңа ауыл шаруашылық техникалармен қамтылды. Олар – трактор Deutz Fahr 6145 W, комбайн John Deere 430, жүгері шабатын жатка Ziegler, дән сепкіш СЗФ 3600, экскаватор погрузчик FA 22-10, тынайтқыш сепкіш РУМ-800, жүк көлігі Камаз 45143, соқа AYDIN PULLUK 4+1, трактор тіркемесі 2ПТС-6, тренажер жаттықтырушы, интерактивті панель. Тігін өндірісі және киімді үлгілеу мамандығы бойынша 19 түрлі JUKI тігін машиналары және жүнді өңдейтін, яғни жуатын, тазалайтын, түтетін, киіз жасайтын машиналар алынды. Осы бойынша колледжде қой жүнінен жасалған көрпелер тігіледі, аймақтың сұранысына қарай әртүрлі киімдер тігіледі. Жаңа техниканы, жабдықтарды, технологияларды, еңбектің озық өндірістік тәсілдері мен әдістерін игеру үшін әріптес кәсіпорындардан кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау процесіне жетекші мамандарды тарту, әлеуметтік әріптестермен практикалық өзара іс-қимыл жасау арқылы оқу процесіне тиімді педагогикалық және технологиялық жетістіктерді енгізу мақсат етілген. Сондай-ақ кадрларды қайта кәсіби даярлаудың, қайта даярлаудың және біліктілігін арттырудың оқу бағдарламаларына ақпаратты енгізе отырып, тиісті саланың жаңа өндірістік технологиялары туралы деректер банкін қалыптастыру көзделген. Сонымен бірге педагог қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында жаңа техниканы, жабдықтарды, технологияларды зерделеу бойынша тағылымдаманы ұйымдастыру да негізгі мақсатымыз. 2022 жылы кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша, Қордай ауданының жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» және «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары бойынша 40 адам жас маман жобасы бойынша алынған құрал-жабдықтар арқылы қысқа мерзімдік курстардан өтті. ҚР «Білім туралы» Заңының 63-бабының шеңберінде №7 Бетқайнар колледжінде 2021 жылы 2 210 400 мың теңгеге, 2022 жылы 1 689 000 теңгенің өнімдері сатылды, 25 тонна арпа жиналып тұр. «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша ауыл шаруашылығы саласында техникалармен қызмет көрсету, жер жырту, бидай, арпа егу, егінді шабу ісін жүргізудеміз. WorldSkills чемпионаттарына қатысу мақсатында оқу-жаттығу лагерлерінің жұмысы ұйымдастырылды. Чемпионаттарға дайындалу үшін барлық мүмкіншіліктер жасалған. №7 Бетқайнар колледжінде «Жас маман» жобасы бойынша еліміздің «Білім туралы» Заңының, ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының, «Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Білім және ғылым министрлігінің №425 бұйрығының негізінде «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандықтары бойынша 2022-2023 жылы колледж базасында құзіреттілік орталықтарын ашу жоспарланып отыр. Құзыреттілік орталығы қызметінің мақсаты – «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Дәнекерлеу ісі», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандықтары бойынша WorldSkills Кazakhstan чемпионаттарына қатысу үшін аймақтық команда мен Қазақстан құрамасына бәсекеге қабілетті қатысушыларды даярлау. Және инфрақұрылымын қалыптастыру, білім беру ұйымдарының өндірістік білім беру оқытушылары мен шеберлері қатарынан сарапшылар қауымдастығын қалыптастыру», дейді. Жоба бойынша тікелей жұмыс жүргізіп отырған жауапты мамандардың айтуынша, бұның расында да еңбек нарығына қажетті жас мамандарды кәсіби даярлауға үлкен септігі тиіпті.
Қамар ҚАРАСАЕВА