Білім

БІЛІМДІ БОЛУ МЕКТЕПТЕН БЕ, ӘЛДЕ БАЛАНЫҢ ӨЗІНЕН БЕ?

БІЛІМДІ БОЛУ МЕКТЕПТЕН БЕ, ӘЛДЕ БАЛАНЫҢ ӨЗІНЕН БЕ?

«Оқу білім бұлағы, білім өмір шырағы» деген халықпыз. Қазақ даласында алғаш білім ошақтарын ашқан ағартушы, ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннің де «Кел, балалар оқылық» деп ұран көтеруі тегіннен-тегін емес. 

Қазіргі таңда тәуелсіз елдің ұрпақтары үшін қайда білім аламын десе де жол ашық. Бірақ «қазанның құлағы қайда барсаң да төрт» демекші, көбінесе қол жеткен жерден білім алуға құлшынатынымыз анық. Бұл бағытта мемлекет тарапынан да балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына жақсы жағдай жасалуда. Жылдан-жылға еліміз өркендеп дамыған сайын білім саласы да дамып келеді. Сонымен қатар халық санының өсуіне байланысты қала, аудан, ауылдарда жыл сайын жаңа мектептер салынып жатыр. Міне мұның бәрі де мемлекетіміздің халыққа деген қамқорлығының бір парасы деуге болады. Алайда бәсеке заманы болғандықтан, мемлекеттік оқу орындарымен тең дәрежеде білім беруге ұмтылатын жеке мектептердің де саны артып келеді. Тіпті олар мемлекеттік мектептерден де артық жағдай жасап, балалардың өзін дамытуына, білім қорын көбейтуіне өз ықпалын тигізіп отыр. Мысалы облысымызда да мемлекеттік мектептердегі оқушылардың орын тапшылығын жою мақсатында 2018 жылдан бастап жекеменшік мектептер ашыла бастады. Оған дейін аймақта 3 жекеменшік мектеп жұмыс істесе, 2018 жылы 2 мектеп, 2019 жылы 1 мектеп, 2020 жылы 7 мектеп, 2021 жылы 12 мектеп, 2022 жылы 2 жекеменшік мектеп ашылған. Осы көрсеткіштерден-ақ жеке мектепке деген халықтың сұранысы артқанын аңғаруға болады. Жалпы, қазіргі таңда облыс бойынша 27 жекеменшік мектеп қызмет атқарады. Онда 4 мыңнан астам оқушы білім аула. Алайда жеке мектептерге деген тұрғындардың арасында түрлі керағар пікірлер де аз емес. Бірі «Жекеменшік мектеп ашуды кәсіп көзіне айналдырып алған» десе, енді бірі заманауи үлгідегі жекеменшік мектептердің мемлекеттік мектептерден айырмашылығы жер мен көктей екенін айтады. Біз де халықтың пікіріне құлақ асып, Тараз қаласындағы «ARAI-ELITE» мектеп-гимназиясына барып, білім ордасының тыныс-тіршілігін өз көзімізбен көріп қайттық. Мектептің ашық тұрған кітап формасында салынған ғимаратының өзі адамды баурайды. Іші-сырты түгелдей камералармен жабдықталыпты. Біз ары қарай мектептің бүгінгі деңгейі мен оқушыларды оқыту тәжірибесін білмек мақсатта директорды сөзге тарттық. – Мектеп-гимназия осыдан екі жыл бұрын облыстық мәслихаттың депутаты Арман Еділбаевтің бастамасымен ашылған болатын. Мектебіміз заманауи құрылғылармен толық қамтамасыз етілген. Біз оқушыларды екі тілде, екі ауысыммен оқытамыз. Негізі білім ошағы 1 575 балаға арналған. Қазіргі таңда 1 320 оқушы оқиды. Оқушылар облысымыздың қай аймағынан келсе де, тегін оқиды. Әрі бұл жерде оқып жатқан балалар көбінде қосымшаға да бармайды. Неге? Өйткені берген тапсырманы түсінбеген оқушы кешке дейін мектепте жүріп, ұстаздарынан сабақ алады. Бұл баланың сабаққа толық ілесіп жүруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз төрт қабатты мектептің ішкі қабырғаларын да әртүрлі үлгіде безендіргенбіз. Солардың бірі QR-код арқылы белгіленген кітаптар тізімі. Онда әлем әдебиеті классиктерінің, қазақ әдебиеті алыптарының шығармасының сыртқы макеттері жапсырылған. Балалар қолындағы телефонымен QR-кодын сканерлеу арқылы оқи алады. Оқымаған күннің өзінде қай шығарма кімдікі екенін күнде көріп, есіне сақтап, біліп жүретін болады. Біздің басты мақсатымыз – оқушыға тек сапалы білім беріп қоймай, жан-жақты тұлға етіп тәрбиелеу. Әрі мұғалімдердің де сапасына баса мән береміз және олардың еңбекақыларын да жоғары етуге көп көңіл бөлеміз. Материалдық жағдайы жақсы мұғалім ғана ынта-шынтасымен жұмыс істейді, – дейді «ARAI-ELITE» мектеп-гимназиясының директоры Жанна Мадимарова. 1-8-сыныпқа дейінгі оқушыларға арналған мектептің асханасының өзінде бір мезетте 500 оқушы тамақтана алады. Сонымен қатар оқушылар сыныпта қалай отырғысы келсе, өздері қалауына қарай отырады әрі әр оқушыға арналған кітап, киім салатын шкафқа дейін бар. Жалпы математика мен ағылшын тілдеріне басымдық беретін «ARAI-ELITE» мектеп-гимназиясы оқушыларының да арманы асқақ, алға қойған мақсаты айқын. – Астана қаласынан Таразға келіп, осы мектепте оқып жатқаныма екі жыл болды. Маған бұл мектептің ішкі аурасы, ұстаздарымыздың сабақ беруі қатты ұнайды. Өзім болашақта IT саласының маманы болғым келеді. Әрі мен өзімнің қалауыма сай келетін мектепте оқып жатырмын деп есептеймін, – дейді аталған білім ордасының оқушысы Әбілмансұр Жеңіс. Жекеменшік мектептер де Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Қаржы орталығы арқылы қаржыландырылады. Ендеше «мемлекеттік мектептерден айырмашылығы неде?» деген сұраққа да жауап әртүрлі. Әрине жекеменшік мектептердің бәрі бірдей емес екенін айтатындар да бар. Тіпті кейбір ата-аналар мемлекеттік мектептердің білім сапасы нашар екенін, ондағы мұғалімдер өздерінің қалтасы үшін баланы қосымшаға әдейі бергізетінін айтады. – Баламның үлгерімі жаман емес еді. Бірақ ылғи төрттік алып жүрді. Сөйтіп үйде тағы сабақ үйретемін. Бірақ балада өрлеу болмады. Мән-жайды ұстазына айттым. Ұстазы «Қызыңыз сабаққа ілесе алмай жүр, қосымшаға беріңіз» деді. Мен ол кісінің айтуы бойынша қосымшаға бердім. Бірақ баламның оқуында өзгеріс болмады. Сонымен ақыры баламды қосымшадан шығарып алдым. Демек мұғалімдер қосымшаға берсін деген ниетте ақша табу үшін балаға әдейі 4 қойып отырады. Міне мұның бәрі ақшаның құдіреті, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Мөлдір Болатқанқызы. Бірақ қосымшаға қатысты да қосалқы пікір көп. Дегенмен айналып келгенде жақсы оқу да, жаман оқу да оқушының өзінің ынтасына байланысты екені анық. Тіпті кей балалар ауылда оқып жүріп-ақ талай олимпиаданы бағындырғаны анық. Сондықтан білім ордасы мен білім берушіден емес, басты мәселені баланың оқуға деген ынтасынан көру керек шығар. Ал қосымшаға бару да баланың өзі, болашағы үшін деген пікірде мұғалімдер. Әрине бала біздің болашағымыз болғандықтан, оның алатын білімі үшін, тәрбиесі үшін әрбір ата-ананың жан жүрегінің шырылдауы орынды. Бірақ білім алу тек сабақ оқумен ғана шектелмейтінін де ескерген жөн. Әрі сабағын беске оқитын баланың бәрі толық білімді деуге де келмейді. Өйткені білім алу ол сандық бағамен өлшенбеуі керек. Оның бойындағы тәртіп пен тәрбие, адамдарға деген ілтипатының бәрі сай келгенде ғана, әрі өзінің білгені мен білімін өз өмірінде тиімді пайдалана алған бала ғана нағыз білімді деуге лайық. Сондықтан ұлы ұстаз әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзін де бір уақ жадымыздан шығармағанымыз абзал.

Шапағат ӘБДІР