Жамбыл жаңалықтары

Мемлекеттік қызметтің мәртебесі артуда

Мемлекеттік қызметтің мәртебесі артуда

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 25 қазан – Республика күні болып белгіленді. Араға 13 жыл салып қайта оралған бұл мерекенің маңызы зор. Тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадам болған айтулы күні Қазақстанның егемендігі туралы декларацияны қабылдадық. Соның нәтижесінде азаттыққа қол жеткізіп, шекарамызды заңды түрде бекіттік. Тәуелсіздік жылдары еліміздің бірқатар салаларында оң өзгерістер орын алып, жетістіктерге жеттік. Әсіресе мемлекеттік қызметке айрықша мән берілді.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 33-бабының 4-тармағымен республика азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы жарияланды, сондай-ақ «мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгіленеді» деп айқындалды. 1999 жылғы 22 шілдедегі «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңының және оның негізінде шығарылған заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануымен отандық мемлекеттік қызметтің мүлдем жаңа даму кезеңі белгіленді. Стратегиялық мақсаттарға тиімді қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында 1998 жылдың 18 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен алғаш рет посткеңестік кеңістікте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды. Агенттік Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін орган ретінде құрылып, мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделінің табысты қызмет етуіне өз үлесін қосып келеді. Уақыт талабымен енгізілген оңды өзгерістер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментіне зор жауапкершілік жүктеуде. Бүгінде департамент облыс көлемінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік қызметті бақылау жөніндегі уәкілетті орган болып табылғандықтан мемлекеттік қызметшінің халыққа сапалы қызмет көрсету, қолайлы жағдайлар жасау және қызмет көрсету процесстерін жетілдіру бойынша жұмыстар атқарып келеді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласының маңыздылығы ескеріле отырып, 2013 жылдың 15 сәуірінде Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңы қабылданған еді. Соған сәйкес, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тізілімі қалыптастырылып, бекітілуі тиіс. Ең алғаш рет мемлекеттік қызметтер көрсету тізілімін қалыптастыру бойынша тапсырма Қазақстан Республикасының Президентінің 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында белгіленіп, сол жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №561 қаулысымен құрамында 132 мемлекеттік қызмет көрсету түрі енгізілген тізілім бекітілген болатын. Сол кезеңде, «е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасы, «е-үкімет» төлемдік шлюзі, «е-нотариат» бірыңғай нотариалдық жүйесі сияқты жүйелер енгізіліп, халыққа электрондық сандық қолтаңбалар беріле бастағаны белгілі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандырумен қатар, «бір терезе» қағидасы бойынша көрсетілетін қызметтер тізімін кеңейту міндеті де айқындалған. Осы орайда бүгінгі күні мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміндегі қызметтер саны 1323 болып бекітілгенін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет алушыларға қолайлы жағдайлар жасау, қолжетімділігін арттыру және мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласында және 10 ауданда «Сервистік әкімдіктер» ашылып, қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, барлық аудандардағы ауылдық округтердің әкімдері аппараттарында 200-ден аса «өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрыштары ашылған. Онда тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға мүмкіндік қарастырылған. Ал 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыс көлемінде электронды түрде көрсетілген мемлекеттік қызметтердің үлесі 50,6 пайызды құраса, 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша электронды түрде көрсетілген қызметтердің үлесі 96,6 пайызды құрап, 46 пайызға артып отыр. Агенттікке және оның аумақтық департаменттеріне мемлекеттік органдармен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуына бақылауды жүзеге асыру функциясы ең алғаш рет 1999 жылғы 23 маусымда қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда көрініс тапқан. Осы уақыттан бастап департамент тарапынан облыс аумағындағы мемлекеттік органдармен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың және мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі талаптарының сақталуына бақылау, яғни тексеру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бақылау жұмыстарының басты мақсаты – мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ оны бұзудың алдын алу. Бұл мәселе өз кезегінде мемлекеттік аппаратты одан әрі дамыту мен оның тиімділігін арттыруға оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысына келер болсақ, 2005 жылдың 1 шілдесінен бастап агенттіктің облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда тәртiптiк кеңестерiн құру мүмкіндігі заңнамалық тұрғыда айшықталды. Аталған институт сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында өзінің тиімділігін әрі өміршеңдігін көрсетті. Мәселен, соңғы жылдары агенттіктің Жамбыл облысындағы әдеп жөніндегі кеңесімен қаралған тәртіптік істер мен құқықбұзушылықтардың профилактикасы бойынша мәселелердің ара салмағы сәйкесінше 25-тен 75 пайызды құрап отыр. Әдеп жөніндегі кеңестің қызметі объективтілік пен әділдік, әдептілік, қоғамдық пікір мен жариялылықты ескеру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қолдану қағидаттарына негізделеді. Кеңестің әрбір отырысы жариялы түрде мүдделі азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдар, құқық қорғау органдарының, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтеді. Азаматтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің, әдеп кеңесінің алдында өзінің құқықтарын жүзеге асырып, мүдделерін қорғауына да жағдай жасалған. Алқалы орган жұмысының объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында оның құрамына мемлекеттік органдардың басшыларынан бөлек мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енгізілген. Агенттіктің Жамбыл облысындағы әдеп жөніндегі кеңесі құрамының 2/3 бөлігі үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдерінен тұрады. Бұл жағдай, пікір алуандылығы мен шешімдерді қабылдауда объективтілікті қамтамасыз етеді. Аталған институт өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін іс жүзінде дәлелдеуде. Департамент қызметінің тағы бір маңызды бағыты – мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша мониторинг және талдау жүргізу. Мұндағы мақсат мемлекеттік аппараттың қызметін жетілдіру және бюрократиялық рәсімдерді еңсеру жөніндегі шараларды әзірлеу болып табылады. Ал бұған қол жеткізу үшін лауазымды адамдардың және мемлекеттік органдардың қайталанатын және артық міндеттерін, функцияларын, сондай-ақ өкілеттіктерін, құзыреттерін, құқықтары мен міндеттерін, артық, шектен тыс, негізсіз талаптарды және шығындарды, алдамшы, жалған және негізсіз, оның ішінде әкімшілік рәсімді жүзеге асыруға байланысты қызметті, құқықтық актілердің, ақпараттық жүйелер мен ресурстардағы қайшылықтарды жою жөніндегі міндеттер қойылады. Мысалы, ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті өңірімізде мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша талдау жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында жұмыс топтарын құрған болатын. Оның құрамына мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енгізілді. Бүгінгі күні еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім беру салалары бойынша талдау жұмыстары аяқталып, жұмыс қорытындысына сәйкес, тиісті ұсыныстар орталық аппаратқа жолданды. Келесі талдау жұмыстары денсаулық сақтау саласы бойынша жүргізілуде. Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызмет ел дамуына маңызды үлес қосуда. Нәтижесінде қоғамдағы ашықтық пен жариялылық салтанат құрып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаюда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса береді.

Шәкір СҰЛТАНХАН, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы