Руханият

Шерхан тойы – халықтың тойы

Шерхан тойы – халықтың тойы

Қазақ әдебиетінің алыбы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы Халық жазушысының еңселі ескерткішінің ашылуымен басталды. Ескерткіш Жамбыл даңғылының бойындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының бас ғимаратының алдында орналасқан. Айтпақшы, жуырда ғана осы оқу ордасына Шерхан Мұртазаның аты берілген.Еңселі ескерткішті облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, танымал қайраткер Амалбек Тшанов, академик Ғарифолла Есім ашты. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Ақиқаттың алдаспаны, намыстың наркескені атанған ардақты Шерағаң саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнаған қарымды қаламгер, қайраткер тұлға еді.

Сөз зергері Шерхан Мұртаза журналистикада тұтас бір буынды тәрбиелеп, таланттарға жол ашқан, өзіндік мектебін қалыптастырған қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі болды. Абыройлы азамат ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аянбай күресті. Жазушының қаламынан туған құнды туындылар уақытпен бірге жасап, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыра берері анық. Оның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды», деп жазылған Президенттің құттықтауында. Өз сөзінде Нұрлан Оразалин, Амалбек Тшанов, Жанғара Дәдебаев және өзге де азаматтар Шерхан Мұртазаның тұлғалық, қаламгерлік, қайраткерлік болмысына тоқталды. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева Шераға рухына арнап өлең оқыса, ақын, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов көпшілікке батасын берді. Ескерткіштің ашылу салтанатынан соң көпшілік жазушы рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Іс-шара «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі көрме павильонында «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен қазақ баспасөзінің даму үрдісі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Басқосуға ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, түрлі жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Алдымен жазушының өмірі және шығармашылығына қатысты көрме көпшілік назарына ұсынылды. Конференция облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің құттықтау сөзімен басталды. Облыс басшысы жазушының рухани мол мұрасы мен құнды туындылары бүгінгі ұрпағының рухын көтеріп, еліміздің баянды болашағына қызмет ете беретінін атап өтті. – Екі мың жылдан астам тарихы бар Әулиеата жері қазақтың маңдайына біткен жұлдыздарды дүниеге алып келген тарихи мекен, текті өңір. Мәселен Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Бауыржан Момышұлы, қазақ руханиятының биік шыңына айналған Шерхан Мұртаза ағаларымыз күллі қазақтың мақтанышына айналған тұлғаларымыз. Бұл конференцияда жазушының көзін көргендер, шекпенінен шыққан азаматтар, үзеңгілес бауырлары ұрпаққа тағылымы мол дүниелер айтатыны сөзсіз. Шерағаңның есімі «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде орналасқан руханият және тарихтану орталығына, Баспасөз үйіне, төрт мектеп пен Халықаралық Тараз инновациялық институтына берілген. Облыс орталығындағы көшелердің біріне де жазушының есімі берілетін болады. Бұл мемлекет және қоғам қайраткерінің сіңірген еңбегіне көрсетілген шағын ғана құрмет. Шерхан Мұртаза халықтың мүддесі үшін өлшеусіз еңбек етті, – деген Нұржан Нұржігітов конференция жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан соң Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі сөз алып, жазушының өмірі және шығармашылық жолы халыққа аянбай қызмет етудің үлгісі екенін атап өтті. – Халық жазушысы, тұтас ұрпақтың ұстазы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық тойы өзінің туған топырағы, алтын бесігі Тараз жерінде тойлануы заңдылық. Мемлекет басшысы арнайы жолдаған құттықтау хатында Шерағаңды қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі, намыстың наркескені, шындықтың шырақшысы деп бағалады. Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі де ыстық ықыласын жолдады. Қазақ баспасөзінің қалыптасуы мен өрлеуі жайында сөз қозғағанда біз Шерхан Мұртаза жайлы айтамыз. Шерхан Мұртаза ел руханиятының дамуына зор үлес қосты. Еліміздің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, мемлекет мүддесі үшін қызмет етті, – деді Д.Қыдырәлі. Сондай-ақ, конференцияда ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтің, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясаттың құттықтау хаттары оқылды. Өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелді, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Уәлихан Қалижан, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың профессоры Ғарифолла Есім, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, жазушы, публицист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әмірхан Меңдеке, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, М.Әуезов атындағы Түркістан облыстық өңірлік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Дария Қожамжарова, белгілі ақын, көсемсөз шебері және аудармашы Мейірхан Ақдәулет, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, ақын Ақұштап Бақтыгереева, облыстық мәслихаттың депутаты, филология ғылымдарының докторы Ерболат Саурықов сөз сөйлеп, Шерхан Мұртазаның сан қырлы қызметі, елдің саяси және қоғамдық өміріндегі түбегейлі өзгерістерге атсалысуы, әдебиет пен журналистиканың дамуына қосқан зор үлесі туралы жан-жақты тоқталды. Конференция барысында халық жазушысының 5 томдық шығармалар жинағы мен оның «Ауылды, сені сағынам...» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Айжан ӨЗБЕКОВА