Ажал адам таңдамайды
Ажал адам таңдамайды
Аталған департаменттің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, облыста төтенше жағдайдың алдын алу, жою жөніндегі комиссияның облыстық, қалалық және аудандық отырыстарында шомылу маусымы кезеңіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері тұрақты түрде қаралып келген. Осы департаментпен қоса Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, ішкі саясат, білім басқармасы және облыстық полиция департаменті секілді мүдделі мекемелер суға шомылу кезеңінде адамдардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өздеріне жүктелген нақты міндеттерді мейілінше сәтімен орындаған. Мәселен оқыс оқиғаның алдын алу жөнінде арнайы бекітілген жоспарға сәйкес, білім басқармасы ә дегеннен-ақ барлық жалпы білім беретін мектептерде «Судағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында біркүндік ата-аналар жиналысын өткізген. Оған 30 750 ата-ана және төтенше жағдайлар, ішкі істер органдарының қызметкерлері қатысқан. Одан бөлек, ата-аналармен оқушыларға 12 820 жадынама таратылған. 275 мектепте судың тілсіз жау екенін айғақтайтын, адамды сақтық шараларын ұстануға шақыратын бейнероликтер көрсетіліпті. Сондай-ақ облыс аумағында шомылуға рұқсат етілмеген су айдындарында 310 тыйым салынған белгілер және 42 билборд және ақпараттық стендтер орнатылыпты. Облыс әкімдігі білім басқармасы бекітілген жоспар аясында жазғы демалыс мезгілінде аудандар мен Тараз қаласында орналасқан «Бекзат» демалыс орталығы, №4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, «Дельфин» және Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» бассейні тектес меншік нысанына қарамастан аталған демалыс орталықтары мен бассейн иелерімен 15 келісімшарт (меморандум) жасап, соның арқасында 1 820 оқушы жүзу курстарынан өтіпті. Департаменттің өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің жедел-құтқару жасағының қызметкерлері 330 балаға жүзу дағдыларын үйреткен. Осы тектес «Қауіпсіз жаз» акциясы ұйымдастырылып, облыс аумағындағы білім мекемелерінде 60 интерактивтік сабақ өткізіліп, ол 2 700 оқушыны қамтыған. Сондай-ақ 1985 оқушыны қамтыған 35 сынып сағаты, 2 нұсқаулық ұйымдастырылып, бұл бойынша 150 оқушы тартылған. Облыстың су айдындарында шомылу маусымында рейдтік іс-шараларға 1187 волонтер қатысып, 74 интерактивті сабақ, сондай-ақ бірнеше мәрте тұрғындар арасында жиын өткізілген. Халықтың көп жиналатын орындарында, қоғамдық көліктерде судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары кең ауқымда жүргізілген. Департаменттің азаматтық қорғаныс басқармасы, Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасы және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері сәуір айынан бастап шомылуға қауіпті орындарда судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдар, жергілікті полиция қызметі, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты, «Жібек жолы жастары», «Lider.KZ» және тағы да басқа волонтерлік ұйымдар мен облыстық БАҚ өкілдерінің қатысуымен көпшілік жаппай демалатын және шомылуға қауіпті, рұқсат етілмеген орындарда 1 891 рейд пен патрульдеу ұйымдастырыпты. Рейд барысында Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 364-бабы бойынша 61 адамға ескерту берілсе, 412-бабы бойынша 21 мың 440 теңге сомасында 2 адамға айыппұл салынған екен. Сонымен қоса 440-бап бойынша жауапқа тартылған 183 адам 1 миллион 401 мың 231 теңгенің айыппұлын арқалаған. Сондай-ақ су айдындарындағы қауіпсіздікті сақтау бойынша аумақтық көлік бақылау инспекциясымен бірлескен жоспар аясында шомылу маусымында, су айдындарын патрульдеу кезінде, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 582-бабы бойынша 16 құқық бұзушы азамат анықталып, олардың үстінен хаттама толтырылған. Айта берсек осы тектес суға шомылу маусымында өңірде алдын алу жөнінде атқарылған іс-шарада мін жоқ. Алайда жылдың 9 айында өңірдегі түрлі су айдындарында келеңсіз 4 оқиға тіркелсе, қаза болған 5 адамның екеуі бала болып отыр. Өткен жылдың 5 қыркүйегіне дейін 7 адам суға батса, оның ішінде үшеуі жасөспірім. «Биыл былтырғыға қарағанда адамдардың суға бату көрсеткіші азайды» деп өз-өзімізді жұбатқанымызбен, тіркелген 4 оқиғаның екеуіне жасөспірімдердің қатысы бар болып отыр. Өңірде биыл суда жаппай демалатын орындарда, яғни жеке жағажайлар мен демалыс аймақтары, сондай-ақ табиғи жағажайларда 55 қоғамдық құтқарушы тартылған қосымша 12 бекет құрылған. Оған қоса облыс бойынша 3 құтқару бекеті бар. Сөйте тұра оқыс оқиғаның орын алуына, жекелеген адамдар тарапынан салғырттыққа жол беру қашанғы жалғасады? Біз осы мәселе бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Мақсат Қосыбаевтың пікірін тыңдаған едік. – Қоғам қауіптен қорғанудың мүмкіндігін қарастырмай жатқан жоқ. «Сақтықта қорлық жоқ» дейді қазақ. Өзіңнің де, өзгенің де өміріне немқұрайды қараудың соңы орны толмас өкінішке ұласатыны белгілі. Мысалы, биыл суға шомылу маусымы кезінде адамдардың қаза болуының барлық фактілері жабдықталмаған жерлерде тіркелді. Оқыс оқиғаның орын алуына адамдардың өз өміріне, балаға селқос қарауы, өз күшін жете бағаламауы, адуыны күшті ағысқа түсуі салдарынан дәрменсіздікке тап болуы, дененің, аяқ-қолдың тартылуы себеп болып отыр. Тарқата айтсақ, көктемде Талас ауданы, Қаратау қаласының шетінде бір жас жігіт «Жартас» су қоймасынан дұрыс емес жерден өтіп, абайсызда суға құлап, батып кеткен. Жаз ортасында да Шу ауданы, Бірлік ауылынан 1 шақырым жердегі Шу өзенінің қауіпті жерінде суға түскен кезінде бір бала суға батып кетті. Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылында 7 жастағы бала мен алпыстан асқан ер адам Талас өзеніне батып, қайтыс болды. Ер адам суға ағып бара жатқан немересін құтқармақшы болған. Мойынқұм ауданы, Мыңарал ауылынан 50 шақырым жерде Балқаш көлінен жиырмадағы жас жігіттің мәйіті табылды. Бұл оқиғаға да тұрғынның суға шомылу үшін жабдықталмаған жерді таңдауы себеп болды. Қазір жазғы суға шомылу маусымы аяқталып қойды. Бірақ біз осыған қарамастан оқыс оқиғаның алдын алу жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді әлі тоқтатқан жоқпыз. Өйткені от, су, сел секілді тілсіз жаудан қорғануға дайын болу қай уақытта да артықтық етпейді. Ең бірінші әр адам өзен-көлдердің рұқсат етілмеген жерінде шомылуға әуестенбеуі қажет. Мұндай жерге шомылуға бекерден-бекер тыйым салынбайды. Мәселен ол жер ағысы қатты өзен, канал, су астында балдыр немесе сүңгуге, жүзуге кедергі келтіретін үшкір, қырлы тастары бар көл, тоған болуы мүмкін. Суға шомылуға рұқсат етілген жерге түсетін кезде де адам ол жердің таза, қауіпсіз, шомылуға қолайлы екеніне көз жеткізуі керек. Терлеп тұрып бірден суға түсу де қауіпті. Осы секілді суға шомылудың өзіндік ережелерін сақтаумен қатар, өзен-көлдер немесе каналға жақын орналасқан елді мекен тұрғындары бала-шағаға абай болып, әр адымын қырағылықпен қадағалап отыруы қажет. Жалпы, біздің департамент шомылу маусымы кезеңінде модульдік-каркастық бассейн сатып алу және орнатуды мақсат тұтқан. Департамент тарапынан облыс әкімінің орынбасарына бұл жөнінде ұсыныс хат жолданған болатын. Алайда бұл мәселе осы жылғы жазғы шомылу маусымының соңына дейін шешімін таппады. Алдағы жылы бұл мәселе қайта қаралатын болады, – деді М.Қосыбаев. «Жазмыштан озмыш жоқ» дейді халық даналығы. Әйтсе де жазатайым оқиғаның дені тұрғындардың сақтық шараларын ұстанбауынан орын алған. Негізінде көзсіз ерлікке барудың соңы жақсы емес. Мұндайда ажал адам таңдамайтынын қаперден шығармаған жөн. Егер мәселе шомылу орындарының дұрыс жабдықталмауынан болса онда әңгіме басқа. Сондықтан демалушылардың су айдынының қауіпті орындары мен ерекшеліктеріне баса мән беріп, балаларды көзден бір сәтке де таса қалдырмағаны абзал.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ