Руханият

Тәңіршілдік дін бе?

Тәңіршілдік дін бе?

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын! Әуелі дін дегеніміз не? Дін сөзінің мән-мағынасы қандай? Осы тұрғыдан алар болсақ, дін сөзінің араб тіліндегі мағынасы: сыйлық, үкім, есеп, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат, заң, жол, тіпті, кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтиды. Ал терминдік мағынасы: Алла Тағала тарапынан жіберілген иләһи жүйе, заң. Ол адамзат баласының өмір сүруін ретке келтіретін, адамның жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықтарды үйрететін, ақыретте Алланың разылығына кенелтетін, сондай-ақ уәде етілген мәңгілік жәннаттағы қуаныш пен бақытқа жетелейтін жол. Дін – пайғамбарлар арқылы адамдарға жеткізілген Алланың бұйрықтары мен тыйымдарынан тұратындықтан тек уахиге ғана сүйенеді. Діннің ең басты ерекшелігі осы уахи арқылы келуінде. Басқалай болған жағдайда, яғни діннің негізі уахиге сүйенбесе, Алла құзырында иләһи (құдайлық) дін болып саналмайды. Ондай дін «жасанды дін» деп аталады. Алла Тағала адамды Өзін танып, құлшылық ету үшін жаратқандықтан дін жіберді. Бұл діннің негізі «Таухид» сенімінен (Алланы бір деп танудан) тұрады. Ислам дініне дейін Алла өзінің шынайы, дара жолын үйрету үшін әрбір қауымға, тайпаға, ұлтқа елшілер арқылы дін жібергенін қасиетті Құранда баян етеді. Адам Ұлы Жаратушының бар екеніне сенгенімен, Оған қалай құлшылық ету керектігін ақылымен шеше алмайды. Сол үшін діни әмір мен тыйымдар пайғамбарлар арқылы жетіп тұрды. Өйткені адам әртүрлі сылтау мен желеу айтпау үшін әрбір қауымға жеке-жеке елші мен шариғат заңы жіберілді. Құранда бұл жайында: «Бұрынғы пайғамбарлардан кейінгі адамдарға (пайғамбар келсе, біз тәубе етер едік деп) сылтау айтпауы үшін (ізгі жандарды жұмақпен) сүйіншілеуші және (астамшылық еткендерді) ескертуші етіп, тағы да пайғамбарлар жібердік. Алла аса үстем, хикмет иесі», деп айтылған («Ниса» сүресі, 165-аят). Елші келмеген, дін жіберілмеген ешбір қауымның жоқ екендігін Құран былайша баян етеді: «Шындығында Біз сені ақиқатпен (мүминдерге) қуанышты хабар жеткізуші, (кәпірлерді) қорқытушы етіп жібердік. Қауымдардың қайсысына болса да елші жіберілген» («Фатыр» сүресі, 24-аят). «Әрбір үмметтің бір пайғамбары бар» («Юнус» сүресі, 47-аят). Алла қайсы бір қауымға пайғамбар мен шариғат жібермесе, онда ол қауымды ақыретте жазаламайды. Өйткені Алла Өзін танытатын елші мен діни үкімдер жібермесе, адамдар Аллаға қалай құлшылық ету керектігін ақылымен шеше алмай, құлшылық жасаймын деп, Аллаға серік қосуы немесе күпірлік етіп қоюы әбден мүмкін. Сол себепті Құранда: «Пайғамбар жібермейінше біз ешкімді жазаламаймыз», деп анық ескертілген («Исра» сүресі, 15-аят). Демек, Ұлы Жаратушы өзінің дінін жібере отырып, соңында исламмен тәмамдаған. Ал исламнан кейін қияметке дейін ешқандай иләһи дін келмейтіні әмбеге аян. Ислам діні бойынша адамзаттың алғашқы діні – таухид. Себебі, Адам ата адамзаттың алғашқысы, әрі бірінші пайғамбары. Ол Алланың әмірімен таухид (бірлік) дінін уағыздаған. Алла Тағала оған 10 парақтан тұратын Өзінің діни заңдылықтар топтамасын түсірді. Хазіреті Адам (ғ.с.) өзіне жүктелген пайғамбарлық қызметті балалары мен немерелеріне айтып жеткізді. Осылайша жер бетіндегі алғашқы дін пайда болды. Хазіреті Адам дүниеден өткен соң оның ұрпақтары сауатсыздықтан, пендешілікке салынып таухид дінінен ауытқи бастады. Мұның түбі түрлі діни сенімдер мен діндердің пайда болуына әкеп соқты. Адамдар таухид дінінен шығып, өзге нәрселерге табына бастағанда Алла екінші бір елшісін, пайғамбарын жіберіп, пенделерін адасушылықтан тура жолға шақырды. Ислам – Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы иләһи дін. Ислам өзінен алдыңғы иләһи шариғаттардың бәрін толықтырушы әрі кәміл дін болғандықтан, Алла исламнан өзге дінді қабыл етпейтінін мына бір аятта баян етеді: «Күмәнсіз Алланың құзырындағы шынайы дін – Ислам» («Әли Имран» сүресі, 19-аят). Ислам ғұламалары діндерді екі топқа бөліп қарастырады: Алла тарапынан жіберілген сәмәуи (көктен түскен) діндер (иудаизм, христиан, ислам) және Алла тарапынан жіберілмеген жасанды діндер (анимизм, натуризм, тотемизм, буддизм, индуизм т.б.).

Исламға дейінгі наным

Әрине, жоқ. Себебі, тәңіршілдік дін емес, ол – түркі халықтарының исламға дейінгі нанымы. Табынудың басты нысаны – Тәңір. Тәңір (көне түркі тілінде – мықты, ер, құдіретті) – көне түркілердің діни наным-сенімдеріндегі тұлғаланбаған, шексіз күйі есебіндегі аспанмен теңестірілген басты Құдай бейнесі. Тәңірмен қатар Жер-Су құдайы да түркілер үшін табыну объектісі болған. Егер осы айтылған тұжырымды қабыл етсек, онда тәңіршілдікте үш құдай түсінігі бар деген ұғым шығады. Ислам діні келгенге дейін түркілердің діни сенімдерін нақты қалай аталғанын дөп басып айту қиын. Ал кейбір ғалымдар шаманизммен шатастырады. Шаманизм түркілердің діні болған емес, ол жай ғана наным. Түркілер бір құдайдың бар екеніне сенген. Жаратушы тәңір деген осы сенімдері исламның бір құдай түсінігімен ұштасқандықтан түркілер исламды қабылдауда өзге халықтарға қарағанда анағұрлым белсенді болды. Түркілердің бір құдайға деген сенімдеріне қатысты Орхон Енисей жазба ескерткішінен де кездестіруге болады.

Тәңіршілдік қазақ халқының ата діні емес!

Бүгінгі күні кейбір кісілер тарих қойнауына кеткен тәңіршілдікті қайта дін ретінде қалыптастыру қажеттігін алға тартады. Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрді жаңғырту мүмкін болмағанда, дінім – ислам, құдайым – Алла, пайғамбарым – Мұхаммед (с.ғ.с.), қасиетті кітабым – Құран деген халықтың ұмытылған нанымын қайтпек? Әлде Құдайды да жекешелендірмек пе? Түркі халықтарының ешбірі «Біздің ұлттық дініміз, ата-баба дініміз – тәңіршілдік» деп ұрандап жатқан жоқ. Тәңірге сену барша түркілердің исламға дейін ортақ нанымы екенін ескерсек, расында да ақиқат дін болса өзге бауырлас түркі елдері неге жаңғыртуға тырыспайды? Өйткені ол күлкілі әрі надандық. Айталық, Рим империясы пұтқа табынған, парсылар отқа табынған. Дамыған бұл елдер сол байырғы дінін қайта тірілтуге құлықты емес. Құрметті жамағат! Тәңіршілдік – дін емес, тек наным ғана. Жер бетінде қанша ұлт болса, соншама наным бар екенін ескеретін болсақ, наным-сенім дін бола алмайды. Тәңіршілдікті қабыл еткен кісі мұсылман деп аталмайды. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып келді. 751 жылдан бастап, қазақ даласына келген ислам діні қазақ ұлтының төл дініне айналды. Жаратқан Алла Тағала іргемізге амандық, ислам дінімізге беріктік нәсіп етсін. Әртүрлі бүліктен сақтасын!

«Жұма уағызын» жүргізген – облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ержан Аманбаев