Жас офицердің жарасымды отбасы
Жас офицердің жарасымды отбасы
Қару-жарақты көзбен көріп, қолмен ұстап, оны шашып-жинауды меңгерген оқушы одан әрі «әскерилерге тән өзге де ерекшеліктермен жете таныссам» деп ойлайтыны анық. Бұл жасөспірімнің бала күнінен әскери тұлға болуға құлшынысын арттырады. Осындай әскери-патриоттық іс-шаралардың балаға әскери-патриоттық тәрбие берудегі маңызы айрықша. Бұған баса тоқталуымыздың өзіндік себебі де бар. Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміздің әскери салада қызмет етуге таңдау жасауына тәй-тәй басқаннан ат жалын тартып мінер азамат болғанға дейінгі балалық шағының әскерилердің арасында өтуі түрткі болған екен. 1996 жылы Мойынқұм ауданы, Айдарлы ауылында туып-өскен 4 жасар Нұрсұлтан Жөгінің отбасы жұмыс бабына байланысты Қордай ауданы, Отар ауылдық округі аумағындағы «Гвардейский» қалашығына көшіп келеді. 2000-2002 жылдары анасы Бұлбұл Тұртаева «Отар» әскери базасындағы №35748 әскери бөлімінде дәріхана бастығы болып жұмыс істейді. 2002 жылы отбасы Таразға қоныс аударып, анасы №85395 әскери бөлімінің медицина ротасында 18 жыл табан аудармай мейірбике болып еңбек етіп, бұрнағы жылы сол жерден зейнетке шығыпты. Міне, осы жылдар аралығында Нұрсұлтан Мұхтарханұлын анасы Бұлбұл Дәнеқұлқызы қасынан бір елі тастамай, жұмысқа өзімен бірге алып баруының арқасында ол әскерилердің өміріне жастайынан қанығып өсті. Бұл Нұрсұлтанның болашақта офицер болуына ықпал етті. – Менің әскери салаға келуіме ықпал етуші тұлға – анам. Ол кісі мені бала күнімнен әскери бөлімдерге бірге апарып, әскери қызметкерлердің дайындықтарын, қару-жарақтарын көрсетіп, олардың өмір сүру тәртібіне, мәдениетіне ынтықтыра түсті. Олардың киімі маған қатты ұнайтын. Сымдай тартылып, сап түзеген әскерилердің жүріс-тұрысы, әкемнің полиция қызметкері болып еңбек етуі, нағашы атамның Ауған соғысының ардагері болуы секілді көптеген жайттар менің осы салаға деген қызығушылығымды арттыра түсті. Анамның кешке өзінің әскери киімін ретке келтіріп, таңертең жұмысқа кетіп бара жатқанын көріп өстім. 25 жыл еңбек еткенде оның жұмыстан бір сәтке де кешіккенін, сұранғанын көрген емеспін. Одан бөлек, шешем Отанды сүю, елді-жерді қорғау ер азамат үшін бұлжымас парыз екенін жастайымнан санама құйып өсірді. Азаттық үшін халыққа адал қызмет етіп, егемендікке қол жеткізу үшін бабалар жасаған ерліктерді әңгімелеп, тәуелсіздікті қастерлеу қажет екенін, оның қадіріне жете білуге үгіттейтін. Қысқасы, офицер болып, Отан қорғау жолында қызмет ету ең басты құндылық екенін бала күнімнен ұғындым. Менің бойымда патриоттық сезім осылай қалыптасты, – дейді аға лейтенант Нұрсұлтан Мұхтарханұлы. Нұрсұлтан 2014 жылы ҚР Қорғаныс министрлігінің Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға түседі. – Анамның арқасында әскери өмірдің не екенін өз көзіммен көргенім болмаса, шын мәнінде әскери өмірге соншалықты бейім әрі жете қанық болмадым. Оқуға алғаш түскенде бойымнан мен осы кемшілікті байқадым. Өйткені бала кездегі көргенің бір бөлек, ал өзің есейіп, осы салаға қадам басқандағы өмір мүлде бөлек еді. Оқуға қабылданар сәтте бір ай полигонда болдық. Онда болашақ курсанттар «Жас жауынгерлер» курсынан өттік. Бір айдан кейін өзім секілді жас жігіттер сынақтан өтіп барып, курсант атандық. Саптық алаңдағы сан түрлі әдісті, қашықтыққа жүгіруді сол жерде меңгердік. Бұрын бір үйде жалғыз әрі ерке бала болып жылы төсекте ұйықтасам, ол жақта далада, шатырда жаттық. Бұрын «не ішемін, не жеймін» деп ойламаған мен онда топтағы жігіттермен бір нанды бөлісіп жеген кездерім болды. Әлдебір қателік үшін барлығымыз командирдің жазасын алу арқылы темірдей тәртіпке бағынуға бейімделдік. Таңғы сағат 06.20-да ұйқыдан тұрып, кешкі сағат 22.20-да ұйқыға жату секілді күнделікті бір уақыт, бір тәртіпке бағындық. Әр уақытымызда не істеу керектігі жоспарланған. Осы оқу орны, жалпы өмір маған ананы, сүйіп қосылған жұбайыңды, туған-туысты, үлкенді сыйлауды үйретті. Отбасы және Отан үшін берік қалқан бола білуді бойға сіңірдім. Негізінде аталған әскери оқу орнының материалдық базасы мықты жасақталған. Онда біз практикалық жұмысқа толық жақын болдық. Білікті оқытушылардан дәріс алдық. Ол оқу орны маған әскери дайындықтың қол жетпес зор мүмкіндіктерін берді. Төрт жылда әскери әдіс-тәсілдің қыр-сырын жетік меңгеріп, қысылтаяң сәтте батыл, тез әрі оңтайлы шешім қабылдауға, Отан қорғауға физикалық-психологиялық тұрғыдан дайын болуға дағдыланып, лейтенант әскери шенін алып шықтым. Мен оқып жүргенде анам үнемі жігерлендіріп, ұлттық болмысымызға сай тектілік пен асқақ рухты азамат, тәуелсіз елдің тірегі болатыныма сенім білдіретін. Қазір анам 47 жаста. Бар мақсатым – қызметімді адал атқарып, қойылған талаптар үдесінен шығу, анам артқан сенімді ақтау, көңіліне қаяу түсірмеу, – дейді Н.Жөгі. Қазіргі таңда аға лейтенант Нұрсұлтан Жөгі №91678 әскери бөлімінде жинақтық және саптық бөлімінің бастығы болып қызмет етіп жүр. Жары Жанерке Ержановамен көңіл жарастырып, былтыр ғана бас құрапты. Жанерке Ерғалиқызы қазір бала күтімімен үйде отыр. Екеуінің ермегі Аяжан қазір қылығы тәтті қыз болып өсіп келеді. Адамды жауынгерлік ерлік жасауға жетелейтін нақ осы әскери қызмет жолында ар-намысты басқасынан биік қойған адам ғана айрықша құрметке ие болатыны анық. Біз Нұрсұлтандай жас офицерлердің қазақ елінің Қарулы Күштерінің беделін арттырып, абыройын асқақтатынына сенімдіміз. Білімі мен жинаған тәжірибесінің арқасында жалындаған жастық шағын осы салаға арнаған Нұрсұлтан Жөгінің шығар биігі алда екеніне сеніміміз кәміл.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ