Жамбыл жаңалықтары

«БИЛІКТЕГІЛЕР МОЙЫНҚҰМ ДЕГЕН АУДАН БАРЫН БІЛСЕ ЕКЕН...»

«БИЛІКТЕГІЛЕР МОЙЫНҚҰМ ДЕГЕН АУДАН БАРЫН БІЛСЕ ЕКЕН...»

Өскен өлкесінің өркендеуіне барын салатын, ел қамын ойлайтын азаматтар қоғамда аз емес. Соның бірі – туған ауылының көркеюі үшін еңбегімен де, қоғамдағы кем-кетікті ашық айтып, билікке «халық базынасын жеткізсем» деген ниеттегі күрескерлігімен де Мойынқұм ауданының дамуына айрықша үлес қосып жүрген, іскерлігімен де маңайына танылған Бекболат Өткелбаев. Бұл күнде кәсіпкер ретінде өз бизнесін дамытып қана қоймай, Мойынқұмның дамуына кедергі келтіретін кемшіліктерді жасқанбай айта білген батыл азаматтың ұстанымы тек шындықты көксейді. Онымен сұхбаттасу барысында тың ұсыныстар мен орамды ойларға қанығып, оны қалың оқырманмен бөлісуді жөн көрдік.– Бекболат Жанұзақұлы облыс орталығынан шалғайда орналасқан ауданда жеке кәсіппен айналысу қаншалықты қиынға соқты? Және оны еңсерудегі қадамдарыңызбен бөліссеңіз...

– Мойынқұм ауданында 2006 жылдан бері «Магнит» жеке кәсіпкерлігімен айналысып келемін. Негізі өзім дене шынықтыру пәнінің мұғалімі едім. Бірақ бастыққа бағынбай, емін-еркін еңбек етуді қаладым. Осыдан 10 жыл бұрын жұрт арасында «Бұл ауылдан түк шықпайды, аудан тарқап кетеді» деген сөз тараған. Оған бәріміз де сендік қой кезінде. Сондықтан Астана қаласында 1-2 жыл жұмыс істеп көрдім. Бірақ өз ауылымда еңбек етіп, туған жеріммен бірге өсіп-өнгім келді. Өз ауылыма титтей болcа да көмегім тисе екен деген ниетпен Астанадан қайта оралып, дүкен аштым. Содан бастап салық комитетіндегілер тарапынан жиі тексерулер басталды. Салықшылардың қыспағын әбден көргендердің бірімін. Тиісті салығымды заңды түрде төлеп, жұмыс істемекші болсам, салықтың мамандары «Сен мемлекетке төлеме, одан да маған бер, бұл істі өзім тындырамын» дейтін. Алғашында бір мәрте бұл ұсынысқа да көніп, салықтың ақшасын маманның қолына беріп едім, ол артынан қайта-қайта келе беретінді шығарды. Одан да мемлекетке заңды салығыңды төлеу әлдеқайда арзан әрі дұрыс. Қайта-қайта мазалап қоймаған соң «Салықты заңды түрде мемлекетке төлеймін» дегенім сол еді, «тиісудің» астында қалдым. Ол кезде аудандық салық комитетінде Болысбай Күзебаев, Ғалымжан Ысқақов деген азаматтар бар еді. Әсіресе осы кісілердің қуғынына қатты ұшырадым. Қайта-қайта келіп, айыппұл сала беретін. Ол кезде мен де заңнан онша хабарым жоқ болды, салған айыппұлды төлей беретінмін. Әбден ығырым шықты. Болатбек Асанбеков деген кісі аудандық салыққа басшы болып келді де әлгі екеуіне қосылып, тағы Қалибек деген кісі бар, төртеуінің тиіскені мен болдым. Жоғарыдағыларға шағымдансам, комиссияны Шудан қайтарып жіберетін. Ол кезде жол да нашар еді. Былайша айтқанда, біздің Мойынқұм назардан тыс жатқан өзінше бөлек бір аймақ болды. – Әлеуметтік желілер арқылы ауданыңыздағы кем-кетікті айтып жүргеніңізді білеміз. Мойынқұмның бүгінгі мәселелері қандай? – Жоғарғы биліктегілер Жамбыл облысында Мойынқұм деген аудан барын білсе екен деймін. Бізге көңіл бөлінсе, назар аударылса екен. Басқа аудандарға, ауыл-аймақтарға жасалып жатқан көмектер Мойынқұмға да жетсе екен. Олай дейтін себебім, бүгінгідей ХХІ ғасырда біз әлі күнге газға қолымыз жетпей, бұрынғыша пешке күйелеш-күйелеш болып от жағып, қақаған қыста күйбең тірлікпен қарбаласа үйге көмір тасып жүрміз. Екіншіден, бүгінгідей шағын және орта кәсіппен айналысуға мемлекет бар жағдайды жасаймын деп отырғанда, біздің ауданнан кәсіпкерлік үшін несие алу қиынның қиынына соғып отыр. Яғни былтыр кәсіпкерлігімді кеңейту үшін несие алмақ болып 300-400 мың теңге ақшамды жұмсап, 8 ай жүгірдім. Бәрібір ала алмадым. Бұған дейін мүлдем несие алып көрмегенмін. Шүкір, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлігім, 1000 шаршы метрлік үлкен ғимаратым бар, онда сауда орталығым жұмыс істеп тұр. Осыны кепілдікке қойып, несие алмақ ниетпен банкке бардым, бірақ ала алмадық. Тіпті, ауданымыздың кәсіпкерлік бөлімінің басшысы да көмектесуге кірісті. Дегенмен ештеңе шықпады. Сондағы банк қызметкерлерінің уәжі – «Сіздердің аудандарыңыздан 2-3 ғимаратты кепілдікке алғанбыз, иелері қарыздарын төлемеді, енді ол ауданнан кепілдік алмаймыз» болды. Сонда 2-3 адамның кесірі бүкіл аудан халқына тиюі керек пе? Өз кәсібімді бастағанда да көрген құқайым аз болмады, жемқорлықтың кесірінен келген кедергіні әбден көрдім. Тіпті, шаршап кеткенім соншалық бір күні өзіме қол салуды ойладым. Мүмкін осыдан кейін біздің ауданның халқына биліктің назары түсер, кәсіпкерлерге жөн-жосықсыз тиісу тоқтар деген ой ғой сондағым. Одан да түк шықпасына кейін көзім жетіп, «YouTube» хостинг каналына Мойынқұмдағы өзім көрген былықтар ашық айтылған бейнежазба жүктедім. Мұнымды бейнежазбада аты аталған адамдар жала деп таныды. Қарап қалмады, мені сотқа берді. Сегіз жарым ай соттастық. Екі сатылы соттан жеңіп шықтым. Жеке сот орындаушы тиісе бастады. Оның әрекетінің заңсыздығын дәлелдедім, лицензиясынан айырылды. Дегенмен құрбандықсыз соғыс болмайтыны белгілі. Соттасу кезіндегі шығындарым үшін мініп жүрген көлігімді саттым, кәсібім тоқтады, жүйкем жұқарды. Елордаға бас прокурорға 12 мәрте, облыс орталығына 50-ден астам рет бардым. Әділдікті жергілікті биліктен таппадым, республикалық деңгейде шағымданып, сөзімнің дұрыстығын дәлелдегенде ғана әділеттілікке қол жеткіздім. Бір сөзбен айтқанда, ауданымыз орталықтан алыс болғандықтан жемқорлыққа да, былыққа да батқан болатын. Шүкір, қазір ауданымыздағы салық комитетіне заңды сыйлайтын, өз жұмысын білетін басшы келіп, тынышталдық қой. Ауданда 32 мың халық тұрады. Көрген құқайымнан жиған тәжірибемді бөлісіп, барлық жерлестеріме көмек бергім келеді. Іздене берсең, әділдікке жетуге болатынын айтсам деймін. Ел басындағылар қағазбастылықты жоямыз деп жатыр ғой, біз әлі де одан арыла қойған жоқпыз. Сондықтан да ғаламторға аудандағы кемшіліктерді көрсетіп, жариялаймын. Жасырып-жаба берсек, іс те ілгерілемейді, өзіміз де өркендемейміз. Шүкір, қазір біртіндеп жақсарып келеміз. – Бүгінгі қоғамның бет-бейнесінен не ой түйесіз? Билік басындағыларға қарапайым халықтың бірі ретінде не айтар едіңіз? – Қазір жүргізілген құрылыстың көбінде іс біткеннен кейін сапасыздық шығып жататынын бәріміз көріп жүрміз. Ауданымызда су құбырларын ауыстырғанда да орын алған біраз шикіліктерді әлгінде айтқанымдай, «YouTube» каналына салып, ашық көрсеткенмін. Мұндай олқылықтар бір емес, екі емес, әлі де көрініп жүр ғой. Сондықтан ісінен шикілік шыққан мердігер компанияларды келесіде тендерге қатыспайтындай етіп, тізімнен мүлдем алып тастау керек деп ойлаймын. Сосын, тендерді ұтып алатын компания қолында билігі барлардың таныс-тамыры, туысы болып шығады. Ал енді тапсырылған жұмысты ойдағыдай атқаратындарды өз араларында марапаттау ма, әлде жұмыс сапасы жағынан конкурс ұйымдастырып па, сондай бір ізгілікке ынталандыратын шаралар ұйымдастырылса, басқалар да халық үшін таза еңбек етуге ұмтылар еді. Тағы бір айтқым келіп жүрген жайт – ауданымызға Мәден Мұсаев әкім болған кезде орталықтағы әп-әдемі аудан әкімдігі ғимаратын ауылдың шетіндегі қорымның қасындағы, бұрын өкпе ауруларын емдейтін аурухана болған ғимаратқа көшірді. Ол аурухана кезінде облыстағы халі тым нашар, ажалдың аузындағыларды әкелетін емдеу мекемесі болған. Білуімше, ол ауруханада 10-11 адам қайтыс болғаннан кейін жабылды. Барлық елді мекенде әкімшілік орталықта, тұрғындардың келуіне де ыңғайлы. Туберкулезді емдеуге арналған аурухананың осы күні әкімшілік болып кеткеніне таңым бар. Егер аурухананың даңғарадай ғимараты бос қалады десек, қазір жекеменшіктің ғимаратын жалдап отырған әкімдік бөлімдері бар, соларды орналастырсын. Қайткенде де халық пен билік арасындағы ашықтық үшін де әкім мен орынбасарлары отыратын әкімшілік ауылдың орталығында болуы керек. Бұдан бөлек, облыс әкіміне де айтқым келіп жүрген ұсынысым бар. Күл-қоқыстан тазарту ісін нәтижелі етуге септігі тиер деген ойдамын. Ауылдың сыртынан тұрмыстық қалдықтарын бейберекет төгіп кететіндерді жиі көремін. «Мұның қалай, арнайы қоқыс төгетін жер бар ғой» десем, «Сенің жекеменшік жерің бе?» дейді. Осы әрекетімнен талай мәрте сөз де естідім. Осындайды тоқтату үшін тәртіп сақшыларынан, санитарлық-эпидемиологиялық стансаның, экологиялық бақылау қызметінің және жергілікті әкімшілік, прокуратура өкілдерінен құрылған «WhatsApp» әлеуметтік желісінен арнайы топ құрылса. Әркім өзі кездестірген қоқысты, бей-берекет төккен жағдайларды сонда салып, жариялап отырса. Солай тәртіп бұзған кісіні көп болып анықтап, тиісінше жазалап отырса, мүмкін қоғамдық ортаның тазалығын сақтау мәдениетін қалыптастыра алатын шығармыз деп ойлаймын. – Кәсіпкер ретінде қандай қайы­рым­дылық шаралармен айналысатыны­ңыз­ды білсек... – Халық даналығында «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» дейді. Бергеніңді айтып, жариялауға болмайды. Себебі қайырымдылықты мақтаныш үшін емес, шынайы жанашырлықпен жасайсың ғой. Дегенмен жылда ұйымдастыратын отбасылық дәстүрімізге айналған бір ісімізді айтып кетейін. Жаңадан кәсіп бастауды ойлап жүргенімде, Бірлік деген көрші ауылда Мадияр деген кісінің жылда балалар күнінде балаларға балмұздақ тарататынын естідім. Балаларды қуантқан ісі көңіліме қонды, қатты ұнады. Кейін өзім жеке кәсібімді ашып, тірлігімді тіктеп алғаннан соң осыны отбасымның дәстүріне айналдырдым. Әрине, енді таратқан соң 30-40 балмұздақ берумен шектелгім келмеді. Ақыры жасаған соң барлық баланы қуантсам дедім. Алғашқы жылы 1000, келесі жылы 1500, одан соң 2000, биыл 2500 балмұздақ таратуға дейін жеттік. Себебі аудан орталығына Балаларды қорғау күні соған шамалас 2200-дей бала жиналады екен. Балалар өздері де біліп қалған, сол күні дүкенімнің алдына жиналатын болды. Бұған біз қуанамыз, себебі тегін балмұздақ беруге әлеуметтік жағдайына, басқасына қарап іріктемейміз, дүкеннің алдына келген баланың бәріне береміз. Алғашқы жылы тек балмұздақ берсек, келесі жылы оның қасына тәтті сусын қостық, кейін батутта ойнауларына мүмкіндік аштық. Биыл балмұздақ, тәтті сусынымен қоса, батутта ойнап, балаларға арналған бассейнде шомылуды қостық. Бәрі де тегін. Бала қуанса, риясыз қуанады. Және сол қуанышын есінде өмір бақи сақтайды. Менің әлі есімнен кетпейтін балалығымдағы бір сәт бар. Шамамен 3-4 жасымда болу керек, жолда есек мініп бара жатқан ата мені көріп тоқтап, қағазға әбден жабысып қалған қауынқақ берген, сондағы қуанғаным-ай. Одан бері 40 жыл өтті, әлі есімде сол оқиға. Сондықтан 1 жылдың 365 күнінің бір күнін балалардың қуанышына арнағанға не жетсін?! Және балаға «Жақсы адам бол!» деп ауызша айта бергеннен бұрын, өзің іспен үлгі көрсетуің керек. – Мағыналы әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА, Мойынқұм ауданы