Жаңалықтар

Нұрлан Әуесбаев Қарағанды коммерциялық колледжінің ұжымымен кездесті

Нұрлан Әуесбаев Қарағанды коммерциялық колледжінің ұжымымен кездесті

Бүгінде Қазақстанда оқушы орындарының тапшылығы байқалуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл жөнінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан ҚР президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев  Қарағанды коммерциялық колледжінің ұжымымен кездесу барысында мәлімдеді. Колледж оқытушылары мен студенттерінің алдында сөйлеген сөзінде үміткер білім беру саласында бірқатар мәселелердің барын атап өтті. Мәселен, педагогтерді олардың жұмысына қатысы жоқ шараларға күштеу мәселесі әлі де өз шешімін таппай келеді. Одан бөлек, соңғы жылдары білім беру сапасының күрт төмендеуі байқалуда. Бұл Үкімет жүргізіп жатқан сәтсіз әлеуметтік саясаттың салдары. Сонымен қатар Нұрлан Әуесбаев ұстаздың ерен еңбегін лайықты бағалау қиындығын атап өтті. Кезінде британдық саясаткер Уинстон Черчилль мектеп мұғалімдерінің премьер-министрлердің түсіне де кірмейтін күшке ие екенін айтқан. Адами капиталдың сапасы білім деңгейіне байланысты – бұл экономиканың дамуына тікелей әсер ететін көрсеткіш. Білікті кадрларсыз дамыған мемлекет құру мүмкін емес. Өз бағдарламасында Нұрлан Әуесбаев мектеп орындарының тапшылығы жас ұрпақтың жарқын болашаққа деген үмітін ұрлайтынын әділ атап өтті. Сапалы білім ала алмаған жастарымыз бәсекеге қабілетсіз болып, сәйкесінше жоғары деңгейде өмір сүре алмайды. Сол үшін де, Президенттікке үміткердің пікірінше, білім беру саласына жыл сайын бюджеттен кемінде 5-7%-ы бөлінуі тиіс. Бұл инфрақұрылымды, жабдықты жоспарлы түрде жаңартуға, дәрігерлер мен педагогтердің жалақысын банк қызметкерлері деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді. Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды бағдарламасында олигархиялық экономикадан бас тарту, әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын арттыру, парламенттік-президенттік басқару нысанына көшу секілді тармақтар да бар. Кездесу барысында Президенттікке үміткер ЖСДП және партия жүргізіп жатқан жұмыс жөнінде бөлісті. Өз сөзінде үміткер сондай-ақ неолибералдық идеологияның уақыты өткеніне, әлемнің көптеген елдерінің қазірдің өзінде социал-демократияға көшкендігіне тоқталды.