Болмыс-бітімі бөлек жан
Болмыс-бітімі бөлек жан
Мың тараулы өмір жолында әр адам жаны жайсаң ағалармен, ізгі ниетті інілермен дәмдес болары анық. Сөйте тұра, «басы – сайран, аяғы –ойран» осынау бес күндік жалғаннан кімнің қай уақытта өтетіні беймәлім. Тура көздеп келген қапыл қаза жаны жайсаң, ақылы байтақ талай азаматтардан көз жаздырып кетті. Әрине, әр адам өзінше ерекше. Дегенмен болмыс-бітімі басқаларға ұқсамайтын мінезі өзгешелеу жандар да болады. Сондай абзал жандарды ойлағанда бауырым, Сансызбай Жорабекұлы есіме түседі. Оның дүние салғанына қарамастан, жарқын бейнесі жадымызда сақталады.
Жалпы біз бір ананың құрсағында жатып, бір әкенің кіндігінен тараған үш ұл, үш қыз едік. Бұл күнде ата-анамның тұңғышы, көкем Бақыт, ағам Намат, сіңлім Сәуле мен інім Сансызбай келместің кемесіне мініп кетті. Уақытында болыс атанған бабамыз Есіркептің ұрпағы әкеміз Жорабек жиырма жылдан аса қазіргі Қайыңды кеңшарын басқарды. Ұлы Отан соғысының ардагері. Шымкент қаласындағы ауылшаруашылығы техникумында білім алған. Ал анамыз Теңгекүл Әбілдақызы үй шаруасындағы адам. Жазушы Әбжаппар Жылқышиев 1972 және 1977 жылдары жарық көрген «Балжанның тағдыры», «Мешін жылы» атты еңбектерінде анамызды бас кейіпкер ретінде көрсетеді. Кейіннен автордың өзі еңбек жарыққа шыққан соң анамызға қос кітапты тарту етті.
Расында, біз бәріміз жоғары оқу орындарында білім алдық. Көкем Бақыт Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын тәмамдаса, ағам Намат Алматыдағы политехникалық институттың энергетика факультетінде білім алды. Ал Сәуле болса, сол алып қаладағы халық шаруашылық институтына құжат тапсырып, кенже сіңілім Күләш Қарағандыдағы кооперативтік институтында оқыды. Бауырым Сансызбай көкесі Бақыттың ізімен Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын таңдады. Біздің үйдегі үш ұл да Отан алдындағы әскери борышын өтеген арда азаматтар.
Бұқар жырау бабамыз жырлағандай, «Ақсұңқар құстың баласы ұяда алтау тумас па, Ұяда алтау болса да біреу-ақ алғыр болмас па?!». Бәріміздің арамызда Сансызбайдың орны ерекше еді. Анамыз Теңгекұл оны босанардан екі-үш күн бұрын түс көрген екен. Түсінде үлкен арыстан келіп, анамызды маңында айналып жүріп иіскелеп үйден шығып кетеді. Кейін мұны апам Бүбіайым жорып: «Арыстандай ұл табасың. Арыстан кейпінде келіп жүрген бабалаларың ғой. Аман-есен босанасың», депті. Айтса айтқандай, Алланың қалауымен анам шекесі торсықтай ұлды дүниеге алып келеді. Сөйткен Сансызбай бала күнінен тіл алғыш, мінезі жайдары, бауырмал болып өсті. Үйге қонақ келсе, үлкендердің қолына су құйып, батасын алғанды ұнататын. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап кітап оқуға құмар болды. Бастауыш сыныбында орыс сыныбында оқыған ол кейін туған ана тілінде еркін меңгеріп кетті. Осылайша, мектепті «Алтын белгі» медалімен тәмамдады.
Адамның өмірі ұзақтығымен емес, мән-мағынасымен өлшенбей ме? Менің аяулы бауырым Сансызбай ата-ана алдында перзенттік, туған-туыс алдында – бауырлық, ел-жұрт, халқының алдында –азаматтық, ұрпағының алдында әкелік парызын бар жан-дүниесімен атқарған нағыз азамат екеніне күмән жоқ. Ол үшін халықтың алғысы, бата-тілегінің орны бөлек болатын. Оның асқақ армандары да көп еді. Алайда сұм ажал ақырыдегенін істеді. Жанымдай жақсы көретін бауырымды о дүниеге алып кетті. Жазмыштан озмыш жоқ. Бірақ қоштасқым келмейді...Қара жерге қимас қымбаттым!
Зәуреш ЖОРАБЕКҚЫЗЫ,
ҚР Білім беру саласының үздігі