Президент сайлауы. Жигули Дайрабаев өзінің өңірлік үгіт-насихатын туған ауылынан бастады
Президент сайлауы. Жигули Дайрабаев өзінің өңірлік үгіт-насихатын туған ауылынан бастады
Қазақстан Республикасының Президенттігіне «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан кандидат Жигули Дайрабаев өзінің өңірлік үгіт-насихатын туған ауылынан бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы"Ауыл" ХДПП баспасөз қызметі мәлімдеді. Кампания «Сен біздің ауылдан шықтың» акциясымен ашылды. Жигули Дайрабаев Жамбыл облысы Құлан ауданы Қарақыстақ ауылының ақсақалдарымен, тұрғындарымен, бала күнгі достарымен, сыныптастарымен кездесті. Олар кандидатқа аманат тапсырып, ақ жол тіледі. Жиында ауыл өмірі басты назарда болды. Ауылдықтар заманауи ауылдың қандай болуы керектігін айтты. Кандидат назарын тек өз ауылына емес, өңірлердегі барлық 6000 ауылдық елдімекенге көмектесу керектігіне аударды.
Кандидаттың сөзін ден қоя тыңдаған ауылдықтар, осылайша қорытынды ой түйді. Мерке ауданының құрметті азаматы, ақсақалдар алқасының төрағасы, 73 жастағы Байсейіт Сабырұлы Жылысбаев Жигули Дайрабаевты қазақ салтымен құрбан шалып қонақ етті. «Жілік шағу» дәстүрін өткізді. Кандидат қонаққа барып, халық ортасында болуымен өзінің салт-дәстүрге берік екенін көрсетті. Бұдан кейін Жигули Дайрабаев өзі оқыған мектепке, шопанның көмекшісі болып еңбек жолын бастаған ауылға барды. Туған топырақтан қуат алып, қанаттанған кандидат келесі өңірге аттанды.