Жаңалықтар

Жигули Дайрабаев: Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына делдал көптігі себеп

Жигули Дайрабаев: Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына делдал көптігі себеп

Жуырда Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев елордадағы «Шапағат» коммуналдық базарына арнайы барып, сауда нүктесінің тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кандидат осы жерде күнделікті нәпақасын тауып жүрген сатушылармен, жұртшылықпен тілдесіп қана қоймай, өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына да тоқталды. Атқарушы билік мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын төмендетуге тырысқанына қарамастан, қымбаттылық қарқынын тежеу мүмкін болмай тұр. Жигули Дайрабаевпен және оның партияластарымен кездесуде жұртшылық азық-түлік бағасының шарықтап кеткеніне шағымданды. Жигули Дайрабаевтың айтуынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына делдал көптігі себеп.

Көпшілікті алаңдатқан мәселені шешу үшін ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту қажет. Сонымен қатар отандық ауыл шаруашылық өндірісін дамыта отырып, экспортқа да ерекше назар аудару қажет.

Кандидаттың сайлауалды бағдарламасының негізгі тұстарымен танысқан көпшілік, бұдан бөлек өздерін алаңдатқан сұрақтарды қойып, тұшымды жауап алды. Кандидат өз кезегінде ұстанымдары тек белгілі бір бағыттармен шектелмейтінін, осындай кездесулер барысында халық көтерген мәселелер де назарға алынатын  айтты.