Қарақат Әбден қарағандылық сайлаушылармен кездесті
Қарақат Әбден қарағандылық сайлаушылармен кездесті
Қарақат Әбденнің сайлауалды штабы ел аймақтарын аралап, үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. 24 қазан күні ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбден еліміздің индустриялық орталығы – Қарағанды қаласының сайлаушыларымен кездесу өткізді. Қарағанды қаласының «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығында ұйымдастырылған кездесу барысында Қ.Әбден өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кездесуге Қарағанды облысынан 100 жуық көпбалалы ана келді. Тұрғындар отбасы құндылықтарына қатысты мәселелерді көтеріп, рухани, мәдени-әлеуметтік даму төңірегінде сұрақ қойып, нақты өтініштері мен ұсыныстарын айтты. Қарақат Әбден өзі де көпбалалы ана ретінде қазақ отбасыларының мәселелерімен жақсы таныс екенін жеткізді. Сайлауалды штабтың баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұдан бұрын Қарақат Әбден Астана маңындағы Қосшы қаласы мен Қоянды ауылының тұрғындарымен кездескен. Еске салсақ, кезектен тыс сайлау 20 қараша күні өтеді.