АЙШАБИБІЛІК АЛИНА АЙДАРАЛЫ – айтыс өнерінің болашақ жұлдызы
АЙШАБИБІЛІК АЛИНА АЙДАРАЛЫ – айтыс өнерінің болашақ жұлдызы
Алина – Жамбыл ауданы, Айшабибі ауылының тумасы. Қазіргі таңда Айшабибі орта мектебінде 10-сыныпта оқиды. Жас ақын бұған дейін бірнеше мәрте аламан айтыстарда бақ сынап, жүлделі орындардан көрініп келеді. – Анам қазақ, әкем балқар болғандықтан ба, бойыма ақындықтың даруының өзі шынында қызық жағдай. Тегімізден ақындар шықпағанымен, әкем жақтан да, анам жақтан да сөзге шешен кісілер бар екенін үйдегілер үнемі айтып отырады. Айтысқа келуімнің өзі кездейсоқ болды. Негізі өзімді жаратылыстану бағытына бейіммін деп ойлайтынмын. Түрлі ғылыми жобаларға, пәндік олимпиадаларға қатысып жүрдім. Мектебімізде Мерейхан Раймбаев есімді айтыскер оқушы болатын. Бірде Мерейханның айтысын тыңдап, айтысқа қатысу туралы ой қылаң берді. Ойымды оқып қойғандай арада 3 күн өткенде Құралай ұстазым қоңырау шалды. Құралай Кеңсебайқызы Мерейханның жетекшісі болатын. «Алина, айтыс болайын деп жатыр. Айтысып көруге қалай қарайсың?» деген ұсыныс айтты. Сол мезетте іштей қорқыныш болса да тәуекел етіп, келісім бердім. Осылайша ойда, жоқта аудандық «Жыр алыбы – Жамбылым» айтысына қатысып, бірінші орын иеленіп, облыстық кезеңге өттім. Облыстық айтыстан да жүлделі екінші орынды алдым. Сөз додасына Құралай Кеңсебайқызы мен ұстазымның ақын қызы Айман Найзабаева дайындады. Жүлделі орындардан көрінгенімде ұстаздарымның үмітін ақтағаныма қатты қуандым, – дейді Алина Айдаралы. Асылында, ақындар алғашқы өлеңін туған жерге, Отанға, табиғатқа, анаға арнаса, Алинаның ең алғашқы өлеңі бүкіл әлемді дүр сілкіндірген коронавирус індеті жайлы екен. – Ең алғашқы өлеңімді айтысты бастаған кезімде шығарғаным есімде. Айтысқа енді тәй-тәй қадам басқан кезім карантин уақытымен тұспа-тұс келді. Сонда: Пандемия, індет деген, Жайпап барады елімді. Сақтанайық, сақ болайық, Маска тағып жүрейік, Антисептик себейік, деген өлең жолдары жүрегімді жарып шыққан болатын, – дейді Алина. Айтыс өнеріне жаңа қадам басып келе жатқан ақын қыздың ұстаздары аз емес. – Айтыс өнеріндегі алғашқы ұстазым және ұстазым болып қала беретін жан – Құралай Кеңсебайқызы. Одан кейін облыстық айтыста кездескен, қазіргі таңда жетекшілік ететін айтыскер ақын Есет Досалы ағамды айтпай кетуге болмайды. Қолыма домбыра ұстатып, мақамымды тауып берген айтыскер ағам Нұрлыбек Құрмановты да айта кеткенім дұрыс шығар. Ал айтысқа қызығушылығымды арттыра түскен жыр додасы Павлодар қаласында өтті. «Ұлт ұстазы – Ыбырай» атты республикалық оқушылар айтысында жүлделі екінші орын бұйырды. Павлодарда Аспанбек Шұғатаев, марқұм Арман Қани сынды ағаларымыздың батасын алып қайттым. Алматы қаласында өткен «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты республикалық оқушылар айтысының да мен үшін мән-маңызы бөлек. Алматыдағы сөз барымтасында кілең мықтылармен сайысқа түсіп, үшінші орын иелендім, – дейді Алина. Ал ұстазы Есет Досалы шәкірттерінің арасында Алинаның жөні бөлек екенін айтады. Болашақта ақын әпкелері Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысовалардың орнын басатынына бек сенімді. – Айтыс өнерінде бірнеше шәкіртім бар. Қабілет, деңгейлері әртүрлі. Ал айшабибілік Алина Айдаралының жөні бөлек. Бағы да, бабы да шауып тұр. Алинаны 8-сыныпта оқып жүрген кезінде мектептегі қазақ тілінен сабақ беретін ұстазы Құралай Райымбекова таныстырып, «айтыстағы ұстазы болыңыз, сізді таңдап келдік» деді. Күн ызғарлы, суық еді. Қолайсыз ауа райына қарамастан Алинаны ертіп келген Құралай ұстазына риза болдым. Тыңдап көрдім. Өлеңі мінсіз деп айта алмаймын. Бірақ өжет мінезі мен талабына қатты сүйсіндім. Оған дейін бір айтысқа Нұрлыбек Құрманов дайындап көріпті. Айтмұханбет Исақов ағаның да аздап ақыл-кеңесін алған. Алинаның болашағынан үлкен үміт күтемін. Ерінбесе үлкен ақын шығады. Алдағыны Алла біледі. Бірақ Алинаның бүгінгі айтыс өнерінің талантты жас өкілі екені айдан анық, – дейді айтыс ақыны, Алинаның ұстазы Есет Досалы. Біз де талапты әрі талантты жас Алинаның алда әлі талай асуларды аларына бек сенеміз. Оны айтыс өнерінің асқаралы шыңдарынан көруге жазсын.
Айжан ӨЗБЕКОВА