«Шу өңірінде жаңа жобалар жетерлік»
«Шу өңірінде жаңа жобалар жетерлік»
– Мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламалар мен жобалар халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларында бұл мәселеге баса мән берілген. Ауыл тұрғындарының жағдайын, өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып айқындалған. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында азаматтардың мұң-мұқтажына, талап-тілегіне назар аударып қана қоймай, олардың түйткілді әрі өзекті мәселелерін шешу көзделген. Тұжырымдама азаматтармен сындарлы қоғамдық диалог жүргізуге негізделген. Президенттің түрлі деңгейдегі шенеуніктерге қойған талабы – осы. Өйткені мемлекетіміз үшін әрбір азаматтың ой-пікірі маңызды. Біздің өңірде де Жолдау жүктеген міндеттер сәтімен жүзеге асырылып келеді. Ең алдымен осы тұжырымдаманы ілгерілету мақсатында халықты аудан әкімдігінің және өзімнің әлеуметтік желідегі парақшамда мейлінше қажетті ақпаратпен қамтамасыз етудеміз. Өңірде жүзеге асырылып жатқан және асырылатын игіліктерден тұрғындар үйінде отырып-ақ хабардар болуда. Сондай-ақ ауданның, облыстың басылымдарына аудан жаңалықтары тұрақты жариялануда. Тұжырымдамада көрсетілгендей, әр саладағы орынбасарларым, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары атқарылған жұмыстарын жариялап отыруды аппараттық кеңесте міндеттеп, тұрғындардың сауалына уақытылы әрі тұшымды жауап беру керектігін жүктегенбіз. Бүгінде бұл жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Сондай-ақ қоғамдық қабылдаулардың қатарын көбейтіп, Президент Жарлығына сәйкес ауылдық округтерде әр тоқсанның қорытындысы бойынша кездесулер ұйымдастырылып, онда сол аралықта атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндап келеміз. – Шу өңірінің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және инвестициялық жобалар туралы не айтасыз? – 2022 жылдың 8 айында ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты. Өнеркәсіп саласында 14669,4 миллион теңгенің, ауыл шаруашылығында 33 411 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Сондай-ақ құрылыс саласында 17 571 миллион теңге игерілсе, тұрғын үй көлемі 19 059 шаршы метрді құрады. Инвестиция көлемі 133,8 пайызға артып, есепті кезеңде 22293,6 миллион теңгеге жетті. 2022-2025 жылдар аралығында ауданда құны 189,1 миллиард теңгеге 148 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Атап өтер болсақ, ауыл шаруашылығы бағытында 6,7 миллиард теңгеге 103 жоба қолға алынбақ. Өнеркәсіп саласында 182,4 миллиард теңгеге 45 жоба іске асырылып, нәтижесінде 809 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Оның ішінде 3,7 миллиард теңгені құрайтын шағын инвестициялық 39 жоба өз жұмысын бастағанда 229 жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар жалпы құны 178,7 миллиард теңгені құрайтын 6 ірі инвестициялық жоба 580 адамды жұмыспен қамтитын болады. – Нақтырақ айтыңызшы, аталған инвестициялық жобалардың игілігін қашан көреміз? – 2023 жылы 3 жобаның тұсауы кесіліп, 80 жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ 2024 жылы 2 жобаның игілігін көреміз деген жоспарымыз бар. Қос жоба 200 адамды жұмыспен қамтиды. Ал 2025 жылы 1 жоба іске асырылып, 300 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Жалпы бюджеттік өтінімге 224 жоба жоспарланып, құны 49 миллиард теңгені құрады. 2023 жылға құны 10,2 миллиард теңгеге 37 жобаның құжаттамалары дайындалды. Бүгінде республикалық бюджеттен алдын ала 23 жобаға қажетті 5,3 миллиард теңге қолдау тапты. Ал 3,8 миллиард теңгені құрайтын 13 жоба 2022 жылдан өтпелі нысандар болса, 1,4 миллиард теңгеге жаңа нысандар (10 жоба) бой көтереді. 2023 жылы қосымша 14 жобаға 5 миллиард теңге бюджеттік өтінім берілді. Жыл соңына дейін қосымша 20 нысанның (11,3 миллиард теңге) мемлекеттік сараптамасы дайын болады деп күтілуде. – Жоспарланған жобалардың бірқатары білім саласына қатысты екен. Жалпы аудандағы білім ошақтарының ахуалы қандай? – Ауданда 114 білім мекемесі (47 мектеп, 55 балабақша, 4 колледж, 7 мектептен тыс мекеме, 1 коррекциялық кабинет) ұрпақ тәрбиесімен айналысуда. Білім саласында 25 жобаны іске асыру жоспарлануда. Атап өтер болсақ, 7 жаңа мектеп, 3 жапсарлас ғимарат салынып, 15 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Бұл игіліктердің жобалық құны 11,1 миллиард теңгені құрайды. Биыл Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин мектебіне жапсарлас салынған ғимарат құрылысы аяқталып, қолданысқа берілсе, Төле би ауылында 905 миллион теңгеге 300 орынды әл-Фараби мектебінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ осы жылы Төле би ауылындағы С.Шәкіров мектебіне жапсарлас мектептің қосымша спортзалының құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 10 миллион теңге бөлінді. Алдағы жоспарларға тоқтала кетер болсақ, 2023 жылы 4 жаңа мектеп, 1 жапсарлас ғимарат құрылысын жүргізу жоспарымызда бар. 2024 жылы 9 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Ал 2025 жылы 6 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Осылайша өңірдегі білім ошақтары толық жаңартылады. Биыл мемлекет пен жекеменшік серіктестіктің аясында аудандағы колледж студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында 120 орынды «Студенттер үй» ашылды. – «Басты байлық – денсаулық» деп жатамыз. Аудан тұрғындарына медициналық қызмет қаншалықты қолжетімді? – Денсаулық сақтау саласында барлығы 32 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта маңызды салада 6 жоба жүзеге асады. Яғни 5 нысанның құрылысы жүргізіліп, 1 нысан күрделі жөндеуден өтеді. Біз шағын ауылдарды да назардан тыс қалдырып жатқан жоқпыз. Мысалы, биыл Еңбек ауылында 5 келушіге арналған медициналық нысан пайдалануға берілсе, Оразалы батыр ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт 44 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізілуде. Ал Шу қаласындағы емханаға қайта жаңғырту жұмыстарын бастадық. Сондай-ақ Төле би ауылындағы 48 орынды балаларды оңалту орталығының құрылысын қазан айында аяқтау жоспарлануда. Жиделі стансасында дәрігерлік пункт құрылысына және Шу қалалық ауруханасын қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттамаларына қаржы қарастырдық. Аспара, Жиделі стансаларына медициналық нысан салу 2024-2025 жылдарға жоспарлануда. Жоғарыда аталған жобалар толық жүзеге асса, медицина саласындағы қажеттілік толық шешімін табады. – Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданда тұрғын үй мәселесі қалай шешімін тауып жатыр? – Тұрғын үй кезегінде 1 844 азамат тіркелген. Бүгінде Шу қаласынан 5 қабатты 80 пәтерлік 3 үйдің құрылысына бюджеттік өтінім берілді. «Жетісу» ықшамауданында көпқабатты пәтерді салуға 2,8 миллиард теңге қажет. Егер республикалық бюджеттен қолдау табатын болса, 240 азамат үймен қамтылатын болады. Сонымен қатар Шу қаласындағы әскери қалашықта күрделі жөндеуді қажет ететін 300 тұрғынға арналған 75 пәтерлі 4 үй бар. Бүгінгі таңда тұрғын үйді жөндеуден өткізіп, пайдалануға берудің басқа да жолдары қарастырылуда. Аталған мәселелер оңтайлы шешімін тапса, тұрғын үй қажеттілігі 540 адамға азаяды. Тұрғын үй мәселесін «Асар» жобасы арқылы да шешуге атсалысудамыз. Биыл «Асар» жобасы аясында 4 үй мұқтаж деп танылған отбасыларға беріліп, жыл соңына дейін 7 үйдің кілтін табыстауды жоспарлап отырмыз. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен 62 маманды үймен қамту жоспарланса, бүгінде оның 42-сі үйге қоныстанды. Сонымен қатар жер кезегінде 6 484 азамат тұр. 2022 жылы Алға ауылында 210, Төле би ауылында 859 азаматқа үй салу үшін жер телімі берілді. Ал Шу қаласынан 1 449 азаматқа жер телімі берілуде. – Осы орайда аудан тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтсеңіз... – Аудандағы 35 елді мекеннің 9-ы ауызсумен қамтылмай отыр. Әрине, бұл тұрғыда біздің де өз жоспарларымыз бар. Таза ауызсумен толық қамту бойынша барлығы 17 жоба анықталды. Биылға 6 елді мекенге (Көкқайнар, Сауытбек, Көктөбе, Еңбекші, Ақтөбе, «Қант зауыты» ықшамауданы) қаржы қаралып, жұмыстар басталды. 2023 жылы Төле би ауылын тіршілік нәрімен толық қамту жоспарлануда. 2024 жылы Шу қаласындағы «Горгаз», «Жайсан» ықшамауданын, Алайғыр стансасына модуль сатып алу жоспарлануда. 2025 жылы Бөлтірік, Жиенбет, Еңбек ауылдары ауызсумен қамтылып, Құлақшын стансасы мен Көкжиек ауылына модуль алынады. Жоспарлағанымыздай жұмыстар аяқталатын болса, ауызсу мәселесі 2025 жылы түбегейлі шешімін табады. – Ал ауылдарды газдандыру мәселесі қалай? – Ауданда 12 елді мекенге газ құбыры жүргізілмеген. Бүгінде Мойынқұм, Еңбек, Жиенбет ауылдарына газ құбыры тартылуда. Биыл Балуан Шолақ, Бәйдібек, Бөлтірік, Далақайнар, Шоқпар ауылдары мен Шоқпар бекетіне магистральді газ құбыры жеткізілуде. Бұл жұмыстар келесі жылға өтпелі екенін айта кеткен жөн. – Аудан көлеміндегі жолдардың жай-күйі қандай? – Әрине, жол қадірін жолаушыдан артық ешкім білмейді. Алғаш жұмысқа кіріскен сәтім ауылдық округтерде жыл қорытындысы бойынша өтетін кездесумен тұспа-тұс келді. Ауылдықтардың басым көпшілігі көшелерге асфальт қажеттігін алға тартқаннан кейін өтініш-тілектерді қағазға түртіп алдық. Биыл жол бойынша 97 жоба дайын болды. Құны 2,7 миллиард теңгені құрады. 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 5 көше, жергілікті бюджеттен 29 көшеге қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Биыл Шу қаласына кіреберістен бастап, Балуан Шолақ ауылына дейінгі 32 шақырым жол күрделі жөндеуден өтуде. Нысан 2023 жылға өтпелі. Сондай-ақ 52 шақырымды құрайтын Шу-Қайнар жолына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. – Мәдениет саласына қаншалықты көңіл бөлінуде? – Өңірде 47 мәдениет ошағы бар. Бірлік және Көккайнар ауылдарындағы клубтар жөндеуді қажет ететін болса, Мойынқұм, Ақтөбе, Алға, Белбасар, Жаңа жол, Абай ауылдарындағы клуб ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Аталған 8 жобаның бесеуі құрылыс, екеуі күрделі жөндеуді қажет етеді. Жобалық құны – 1,2 миллиард теңге. Биыл Қонаев ауылында 180 орынды мәдениет үйінің құрылысы аяқталса, Абай ауылында 100 орынды мәдениет ошағы желтоқсан айында ел игілігіне берілмек. Ақтөбе, Белбасар ауылдарының мәдениет үйінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттарына қаржы қаралып, сараптама қорытындысы алынуда. Жоспарға сәйкес, 2023 жылы Ақсу, Далақайнар ауылында, 2024 жылы Жаңажол ауылында мәдениет үйі бой көтереді деп күтілуде. – Жастар бос уақытын көбіне спорт алаңшалары мен кешендерде өткізеді. Бұл салаға қаншалықты назар аударылуда? – Орынды сұрақ. Өңірде 6 спорт мекемесі бар. Салауатты өмір салтын ұстану мақсатында 18 жоба жоспарланып, 5 нысанның құрылысын жүргізу және 13 спорт алаңшасын орнату жоспарға енгізілген. Биыл Қонаев ауылында спорт кешенін салуға қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Сондай-ақ Төле би мен Қорағаты ауылында 2 спорт алаңшасы салынуда. 2023 жылы Өндіріс, Алға, Ақсу және Бірлікүстем ауылдық округтерінде 4 спорт алаңшасын салу жоспарланған. Сондай-ақ 2024 жылға 5 жоба, 2025 жылға 6 жоба қаралған. Даму жоспарынан тыс қосымша ат спорты ойындарын өткізу алаңын салуға бюджеттік өтінім берілді. – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару қажеттігін айтқан болатын. Бұл жұмыстар қалай жүзеге асырылуда? Сонымен қатар каналдардың да жай-күйіне тоқталып өтсеңіз... – Жайылым жерлерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 91,8 мың гектар алқап жетіспейтіндігі анықталды. Мәселені шешу үшін 5 бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бірінші бағыт – елді мекеннің жайылым жерлерін ұлғайту бойынша аудандық босалқы жер қорынан қосымша 83,3 мың гектар жайылымдық жер учаскелері бекітіліп берілді. Екінші бағыт –елді мекенге жақын 5-7 шақырым радиуста орналасқан жайылым жерлер бойынша 15 ауылдық округтен 104 шаруашылықтың 13,3 мың гектар жайылымдық жері анықталды. Оның ішінде қора-жайларының көлемі 38 гектарды қамтиды. Одан бөлек жайылым жерлерін халық мұқтажы үшін қайтару жұмыстары бойынша 6 683 гектар жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Үшінші бағыт – орман қорындағы 38,9 мың гектар жайылым жерге 5 890 мал басы шығарылды. Төртінші бағыт – ауылдық округ әкімдерімен көлемі 14 988 гектар болатын 146 шаруашылықпен жерлеріне мал жаю жөнінде меморандум жасалды. Бесінші бағыт – игерілмеген жайылым жерлерді қайтару жоспары 6000 гектарды құраған болса, бүгінге 26,8 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар мал басы тіркелмеген 141,2 мың гектар жайылымдық жер анықталып, жер инспекциясына шара қолдану үшін хат жолданды. Ал каналдарды жөндеу жұмыстарына келер болсақ, ПУИД-2 жобасымен 104 шақырымға жуық 12 нысанға қайта жаңғырту жүргізілуде. – Аграрлы аймақ саналатын Шу ауданының қазіргі әлеуеті қандай? Биыл ауыл шаруашылығы саласында қандай жұмыстар атқарылды? – Биыл 130,9 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Есепті жылы егістік көлемі 230 гектарға ұлғайды. Ауыл шаруашылығы саласындағы ауқымды жобаның бірі – «Qyzylsha» ЖШС. Өткен жылы өңірге 4,3 миллиард теңге инвестиция салып, 1 500 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілсе, биыл 5 миллиард инвестиция тартылды. 2021 жылы 7 553 гектарға су үнемдеу қондырғылары қолданылды. Оның 5 792 гектары тамшылатып, 1 761 гектарлары жаңбырлатып суару әдісі арқылы мол өнім ала алды. Биыл бұл көрсеткіш 10 060 гектарға жетіп отыр. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы арқылы Жаңақоғам ауылдық округіне қаржы бөлінсе, 2023 жылы Бірлікүстем ауылдық округін жобаға енгізуді көздеп отырмыз. – Ел ертеңі – жастар. Шулық жастарға қаншалықты қолдау көрсетілуде? – Ауданда 22 741 жас бар. Бүгінде барлық жастардың әлеуметтік паспорты әзірленіп, талдау жүргізілді. Жыл сайын 1000-нан астам жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылуда. Ауданда 66 NEET жас, 148 ерікті жас бар. Еріктілердің қатысуымен «Қамқор», «Саулық», «Білім», «Асыл мұра», «Үміт», «Сабақтастық» жобалары аясында 367 іс-шара өткізіліп, оған 5 382 жас қамтылған. Рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттары бойынша 728 іс-шара өтіп, оған 15 192 жас қатысты. Биыл «Жасыл ел» бағдарламасымен 107 жасқа қаржы қарастырылды. Тіркелген жұмыссыз жастар саны – 371 адам. Ал 1 956 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 821 -і тұрақты ваканттық бос жұмыс орындарына, 15-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 135 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға орналасқан, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 142 жас дипломмен жұмыс жасаса, 18 жас қайтарымсыз грант алды, 15 жас алғашқы жұмыс орнына, 26 жас қысқамерзімді оқытуға жіберілді. – Жұмыспен қамту деңгейі туралы айтсаңыз? – Ағымдағы жылдың 9 айдында 5 609 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Мысалға айтар болсақ, «Жастар тәжірибесіне» – 130, ақылы қоғамдық жұмысқа – 900, әлеуметтік жұмыс орындарына – 70, «Алғашқы жұмыс орнына» 15 адам қабылданса, 256 адамға қайтарымсыз грант берілді. Алдағы уақытта Шу өңірінде атқарылатын жұмыстар жетерлік. Бұл игіліктердің шарапатын жергілікті тұрғындар көретініне сенімдімін. Бастаған жұмыстарды соңына дейін жеткізетін боламыз. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА