МӘҢГІЛІК БАЛА БОЛЫП ҚАЛМАЙДЫ АДАМ...
МӘҢГІЛІК БАЛА БОЛЫП ҚАЛМАЙДЫ АДАМ...
Мен университетті бітіргелі жыл да болмады. Нақтырақ айтсам, осыдан 4 ай бұрын ғана оқу орныммен қимай қоштассам да ендігі сағынып үлгердім. Тым алаңғасар, болашақтан үміті зор, ұстаздарының артынан қалмай, мазасын алатын меншігіміздегі 4 жыл уақыт расымен де сырғып өте шығыпты. Бұрындары үлкен әжелеріміз «уақыт көзді ашып-жұмғанша өтіп кетеді екен ғой», деп терең күрсінгенін енді түсінгендеймін. Жә, сол уақыттың өзі бір адамның өмір бойына жететіндей көрінеді кейде. Себебі біздің 50 жасқа таяған ата-анамыздың өзі сол қымбат жылдарын әлі де әдемі әңгімелеп, еске алып жүр ғой. Ал менің өзіме мәлім өткен шағым да құр өтпеді. Әлі күнге дейін ең алғаш университет табалдырығын аттаған күн сол қалпында есімде. Мектепте «17 кабинет» деп атайтын оқу сыныптарының «1.1 корпус, 132 аудитория» деп басталып, «1.2 корпус, 421 аудитория» деген атауы-ақ ересек кезеңге өткенімізді сезіндірді. Сосын бір жерде 100-ге жуық студенттің сабақ өтуі әрине алғашында таңдай қақтырды. Біз М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде журналистика мамандығында оқыдық. Тобымызбен бірге алғашқы 2 апта бойы шұбырып, үйректің балапандарындай тізіліп, аудиториямызды таппай, талай адасқан едік. Тіпті бірге отырып ішетін түскі асымыздың орны бөлек. Әңгіме не ішкенімізде емес, бәріміздің бір дастарқан басында, ортақ тақырыпта әңгімемізді таласа айтуымыз. Ал оқу жайы тіпті бөлек. Оқу орнында үлкен жастағы ұстаздар өте көп. Талай жылын осы жолда сарп еткен профессорларымыздың сабағы тым ерекше. Расымен де ересек өмірге адамды бейімдеуде университеттің ықпалы зор. Оның себебі сабақ берген оқытушыларымыз «студент – ізденуші деген мағынаны білдіреді» дегенді баса айтатын. Иә, сол күннен бастап баяғыдай біреудің жетектеуін күтпей, алға ұмтылып, өзіміз дара дамуға тырыстық, тырысып та келеміз. Оқудың қиындығы, жатақханадағы бізге таныс емес тұрмыс, бәріне де үйрендік. Бауыр, дос таптық қой. Менің оқушы кезден жатақханада тұру кіші қалауымның бірі еді. Онсыз студент өмірі мүлде қызықсыз көрінді. Бірақ өз туған жерімде оқығандықтан амалсыз өз үйімнен барып-келіп оқуға тура келген. Бірақ бір мәрте тығылып кіргеніміз бар. Сондай күндердің бірінде аш, енді бірінде жаяу қайтқан кездер жиі болатын. Бірақ қайбір күні қатты қорыққан, қиналған кездеріміз бүгінгі күні тәтті естелігіміз боларын кім білген... Ендігі уақытта «жас маман» деген атты иелендік. Сосын тәжірибе жинақтап, бұл кезеңнен де өтеміз. Пайда болу... өсу... жетілу... Бұл кез келген тіршілік иесіндегі процес, табиғи заңдылық. Сол себепті екі айналып келмейтін әрбір сәтті тиісінше өткізгеніміз абзал.
Гүлнар ТАЙЖАН, «Taraz 24» телеарнасының тілшісі