Жаңалықтар

Бұл мүмкіндікті көп күттім, сайлауалды бағдарламам дайын – Қарақат Әбден

Бұл мүмкіндікті көп күттім, сайлауалды бағдарламам дайын – Қарақат Әбден

Президент сайлауына кандидат Қарақат Әбден БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

  «Бүгін өмірімде маңызды қадам жасадым. Президенттікке кандидат ретінде тіркеліп, куәлік алдым. Осы орайда маған қолдау танытқан жандарға алғыс айтамын. Сондай-ақ, менің штабым және кәсіби әлеуметтік жұмысшылар бірлестігіне ризашылығым шексіз. Бүгінде сайлауалды бағдарламам дайын. Таяуда көпшілікке таныстырамын», - деді Қарақат Әбден ОСК-да өткен баспасөз мәслихатында. Сондай-ақ, кандидат үгіт-насихат жұмысының дайындық барысына тоқталды. «Иә, үгіт-насихатқа дайындалуға уақыт аз. Дегенмен заң бар. Саясаткер кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Еліміздің барлық өңірінде штаб жұмыс істейді. Барынша тырысамыз. Сайлауалды үгіт-насихат жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырамыз, оған сенімдімін. Мен бұл мүмкіндікті көп күттім. Себебі мен алға қойып отырған мәселелер жоғары деңгейде қаралуы керек. Менің әйел кандидат ретінде тіркеліп, трибунада сөйлеп тұрғанымның өзі біраз дүниеден хабар береді. Елімізде гендерлік тепе-теңдік бар. Әрине, жеңіске ұмтыламын және өзіме сенімдімін», - дейді ол. Бұған дейін хабарлағанымыздай бүгін орталық сайлау комиссиясы Қарақат Әбденді президент сайлауына кандидат ретінде тіркеді.