Жамбыл жаңалықтары

Жамбыл облысында 6 денсаулық сақтау нысаны ел игілігіне берілді

Жамбыл облысында 6 денсаулық сақтау нысаны ел игілігіне берілді

Жамбыл облысында 25 қазан ұлттық мереке – Республика күнін мерекелеу бойынша шаралар бастау алды. Атаулы күнге орай бүгін облыста 6 бірдей денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Олар: Меркі ауданындағы (2), Сарысу (2), Талас және Т. Рысқұлов аудандарындағы ауылдарда ашылған дәрігерлік амбулатория, медициналық пункттер.

Т.Рысқұлов ауданы Жаңатұрмыс ауылында жаңа дәрігерлік амбулаториясының ашылуын жергілікті тұрғындар көптен күткен болатын. Салтанатты шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, ауылдықтарды қуанышымен құттықтады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтерген нысан 25 келушіге арналған. Дәрігерлік амбулатория заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ернар Есіркеповтің айтуынша, аудандағы барлық елді мекендер медициналық нысанмен 100 пайыз қамтамасыз етілген.

Дәл осындай 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория Талас ауданына қарасты Қаратау ауылдық округінің орталығы Есейхан ауылында да пайдалануға берілді. Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков бұл биылдыққа ашылған аудандағы үшінші медициналық нысан екенін атап өтті. Ағымдағы жылы іске қосылған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің үздік тәжірибелер орталығы да – таластықтар үшін үлкен олжа. Есейхандық тұрғындар мемлекет қолдауының арқасында игілікке қолы жеткендерін айтып, ризашылықтарын білдірді.

Бұдан бөлек, бұл күні Меркі ауданының Гранитогорск ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт, Тәтті ауылында 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, Сарысу ауданының Әбілда ауылында бес келушіге арналған медициналық пункт, Тоғызкент ауылында 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді. Айта кетейік, облыстың кешенді даму жоспарына сәйкес 2025 жылға дейін денсаулық саласында 76,2 млрд. теңгеге 118 жоба іске асырылып, 96 медициналық нысанының құрылысы жүзеге асады деп көзделген. Ал, ағымдағы жылы 24 нысанның құрылысы 9,4 млрд.теңге бөлінген. Бұдан бөлек, «Ауылды жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасына 2023-2024 жылдары облыста 30 денсаулық сақтау нысанының құрылысын жүргізу бойынша ұсыныс жолданған. Қазіргі таңда, 30 елді мекенде жер учаскелері анықталып, құжаттары әзірленуде.