Батырдың ұрпағы – ел қорғаны
«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» дейді дана халқымыз. Қазақ халқы үшін ерлік ешқашан ұмытылмайтын қасиетті ұғым. Себебі бұл ұлттың тарихы – найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғалған тағдырлы тарих. Бүгінгі бейбіт өмір мен Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы – кешегі батыр бабалардың жанқияр ерлігінің жемісі. Ұлы Жеңіс күні – жай ғана тарихи дата емес, ол әр қазақ отбасының жүрегінде сақталған қасірет пен қаһармандықтың, сағыныш пен мақтаныштың символы.
Ұлы Отан соғысы – адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстардың бірі болды. Сол бір от пен оқтың ортасында миллиондаған адам Отан үшін жанын қиды. Қазақ даласынан да мыңдаған ер-азамат майданға аттанып, туған жердің намысын қорғады. Олар өздерінің батылдығымен, табандылығымен және елге деген адалдығымен тарих бетінде өшпес із қалдырды.
Мен үшін Жеңіс мерекесінің орны ерекше. Себебі бұл күн менің отбасымның тағдырымен, қанымдағы батырлық рухпен, ата-бабамның ерлік жолымен тікелей байланысты. Менің әкем Мараттың екі атасы да Ұлы Отан соғысының майдан даласында ерлік көрсеткен жауынгерлер болған. Олардың өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа үлгі, біз үшін рухани мұра.
Соның бірі – Жолтаев Толғанбай атам. Ол 1924 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Қаракөл совхозында дүниеге келген. Ел басына күн туған шақта, небәрі 18 жасында майданға аттанып, 1942 жылдан 1947 жылға дейін Отан қорғау жолында қызмет етті. Майдан даласында сержант шеніне дейін көтеріліп, бөлімше-взвод басқарған. Оның жауынгерлік жолы ерлікке толы болды.
Толғанбай атам Днепр өзені үшін болған қанды шайқаста алғашқылардың бірі болып өзеннің арғы бетіне өткен батырлардың қатарында болған. Бұл – өлім мен өмір арпалысқан аса қауіпті сәт еді. Сондай ауыр шайқастарда ол қорықпай алға ұмтылып, Берлинге дейін жеткен. Оның ерлігі елеусіз қалған жоқ. Атам ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, Жуков орденімен және көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталды.
Бірақ нағыз батырлық тек соғыста ғана емес, бейбіт өмірде де көрінеді. Соғыстан кейін Толғанбай атам туған жеріне оралып, ауыл шаруашылығында еңбек етті. Елді қалпына келтіруге өз үлесін қосып, адал еңбегімен көпке үлгі болды. Бұл – батырлықтың тағы бір қыры еді.
Ал екінші атам – Алжаппаров Тоқшылық. Ол 1916 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында дүниеге келген. 1942 жылы майданға аттанып, 1945 жылы Жеңіспен туған жерге оралған. Ол 13-танк полкінде гвардия ефрейторы шенінде жүргізуші болып қызмет атқарған.
1945 жылдың 1 сәуірінде Оппельн бағытындағы кескілескен шайқаста Тоқшылық атам ерекше ерлік көрсетеді. Ол алғашқылардың бірі болып жауға қарсы шабуылға шығып, 3 қарсылас сарбаздың көзін жойып, 2 жау әскерін тұтқынға алған. Осындай батылдығы мен қайсарлығы үшін «За отвагу» медалімен марапатталған.
Соғыстан кейін ол да елге оралып, бейбіт өмірдің берекесін арттыру жолында еңбек етті. Мал және егін шаруашылығында маңдай терін төгіп, ұрпағына адалдық пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетті.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дейді қазақ. Осындай ержүрек батырлардың ұрпағы болу – мен үшін зор мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Батыр бабалардың қаны мен рухы бойыңа сенім ұялатады. Олар бізге тек Жеңісті ғана емес, елге қызмет етудің, Отанды сүюдің қандай қасиетті ұғым екенін аманаттап кетті.

Мен — капитан Жақсылық Әліби Маратұлы. Батыр бабаларымның жолын жалғастырып келе жатқан әскери қызметшімін. 2016–2020 жылдары Әскери институтта білім алып, офицерлік жолға қадам бастым. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде 1 жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқарамын.
Әскери форма кию мен үшін жай ғана қызмет емес. Бұл – үлкен абырой, қасиетті міндет, ата-баба аманатын арқалау. Әр әскери анттың астарында халықтың сенімі, елдің тыныштығы, мемлекеттің қауіпсіздігі жатыр. Сондықтан әскери қызметші болу – тек қару ұстау емес, елдің тағдырына жауапкершілікпен қарау.
Кешегі батырлар жаумен шайқасып, елдің тәуелсіздігі үшін күресті. Ал бүгінгі әскери буын сол тәуелсіздіктің тұғырын нығайтып, бейбіт күннің тыныштығын күзетуде. Біз халықтың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуы жолында аянбай еңбек етеміз. Бұл – бейбіт күндегі ерлік.
Менің өмірлік ұстанымым – ата-баба ерлігіне лайық болу. Әскери қызмет арқылы мемлекетке адал қызмет ету, жас сарбаздардың бойына патриоттық рух сіңіру – мен үшін қасиетті міндет. Себебі Отанға деген сүйіспеншілік – әр азаматтың жүрегінен басталуы керек.
Қазіргі жастар батырлардың ерлігін тек кітаптан оқып қана қоймай, оны жүрекпен сезінуі тиіс. Өйткені елін сүйген ұрпақ қана мемлекеттің болашағын жарқын етеді. Батыр бабалардың рухы – бізді әрқашан алға жетелейді, намысымызды оятады, жігерімізді жаниды.

Әр сапқа тұрған сайын, әр әскери міндетті атқарған сайын мен жүрегіммен сезінетін бір ақиқат бар:
Мен – Жеңісті жақындатқан батырлардың ұрпағымын.
Мен – сол ерліктің жалғасымын.
Мен – Тәуелсіз Қазақстанның қалқанымын.
Бабалар қанымен келген бейбітшілік – біз үшін қасиетті аманат. Ал сол аманатты қорғау – бүгінгі әскери буынның қасиетті парызы.
Біз – батырдың ұрпағымыз.
Біз – ел қорғанымыз.
Біз – Тәуелсіздіктің тірегіміз.
Әліби МАРАТҰЛЫ
5513 әскери бөлімінің офицері