Қоғам

Отан қорғаушы күнінде әскери қызметшілер баспаналы болды

Отан қорғаушы күніне орай Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов әскери қызметшілерге Жоғарғы Бас Қолбасшының атынан жаңа пәтерлердің кілттерін табыстады, деп хабарлайды arainfo.kz

Бұл игі шара – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтарға көрсетілген құрмет пен қолдаудың айқын көрінісі.

ҚР Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев те әскери қызметшілерді қоныстоймен құттықтады.

Жаңа баспанаға ие болған 15 әскери қызметші мен олардың отбасылары үшін бұл ерекше қуаныш пен үлкен көмек. Жаңа үйде тұрмысқа қажет дүниенің бәрі бар. Ішіндегі жаңа жиһаз бен тұрмыстық техника да көзді қуантады.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай қамқорлық әскери қызметтің беделін арттырып, жауынгерлердің ел алдындағы жауапкершілігін одан әрі нығайта түседі. Жаңа қоныста шашу шашылып, үлкен  кісілер бата берді.

Сержант Әлімжан Ырысбековтың кішкентай қызы Айым Рахымберді де қуанышты балалық көңіл-күйімен бөлісті.

Бүгінде Қазақстанның айбынды армиясы батыр бабалардың даңқты жолын лайықты жалғастырып келеді. Әскери қызметшілеріміз – қасиетті Тәуелсіздігіміздің берік қалқаны. Олар еліміздің тыныштығын, жеріміздің тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр.