Қарт майдангерлердің қадірі биік
Ұлы Отан соғысы – адамзат тарихында ең қасіретті кезеңдердің бірі. Адам жанының төзімділігі мен рухының беріктігі сынға түскен сұм соғыс басталған сәттен бастап бейбіт өмірдің, бейкүнә балалық пен жайқалған жастық шақтың тыныштығы бұзылып, мыңдаған мамыражай тағдыр күрт өзгерді. Қаншама арудың ақ көйлегі киілмей, ақ тілегі орындалмай қалды. Боз ала таңда бозбала мен бойжеткеннің ақ некесі қиылудың орнына боздақтардың ғұмыры қыршынынан қиылып кетті.
Қаншама зерек жас ілім соңынан құстай ұшудың орнына зеңбірекке оққа ұшты. Қаншама жауқазын гүлдер өскіні бүр ашпай жатып солып қалды. Кеше ғана алаңсыз өмір сүрген жеткіншектің бір-ақ күнде қару асынып майданға аттануы қасірет еді. Сол сәт олардың бойындағы үрей мен қорқынышты Отанға деген сүйіспеншілік жеңіп шығып, майдан алаңында жеңіске жеткізді. Әр сарбаз өз өмірін емес, елде қалған балауса тіршілік иелерінің болашағын ойлады. Сол себепті олар жан аямай шайқасты. Қан кешкен күндер мен ұйқысыз түндер ерліктің шынайы бағасын көрсетті. Жеңіске деген сенім сарбаздарға күш берді. Бұл соғыс тек қарудың ғана емес, рухтың да майданы болды. Сондықтан да Ұлы Жеңіс – сан мыңдаған ерлердің жанқияр ерлігінің нәтижесі.
Бүгінде сол сұрапыл жылдардың куәгерлері тым аз қалды. Уақыт өз дегенін жасап, батырлардың буынын сиретіп барады. Облысымызда небәрі үш қана Ұлы Отан соғысының ардагері өмір сүріп жатыр. Бұл тұтас бір дәуірдің көз алдымызда алыстап бара жатқанын білдіреді. Әр ардагер – тарихтың тірі парағы, олардың әрбір естелігі – баға жетпес мұра. Ортамызда қалған соғыстың соңғы солдаттарының бірі – Шалданбай Шанбаев. Майдангер 1924 жылдың 10 ақпанында Луговой (қазіргі Тұрар Рысқұлов) ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Қарапайым қазақ шаңырағында тәрбиеленіп, жастайынан еңбекке араласып өсті. Алайда балғын жастығы ел басына күн туған кезеңмен тұспатұс келді. 1942 жылдың 15 тамызында Меркі аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылып, майданға аттанды. Жас сарбаз ішкі істер әскерлерінің 227-полкі құрамында соғыстың соңына дейін алғы шепте болды. Талай ауыр шайқастарды бастан өткеріп, өлім мен өмірдің ортасында жүріп Отан алдындағы борышын адал атқарды. Соғыс аяқталғаннан кейін де әскер қатарында қалып, тек 1949 жылы ғана туған жеріне оралды.

Шалданбай ШАНБАЕВ
Ш.Шанбаев елге оралған соң да бейбіт өмірдің еңбек майданында белсенді қызмет етті. Алғашында трактор бригадасының бригадирі болып, кейін санақшы қызметін атқарды. 1959 жылдан бастап Жаңатұрмыс ұжымшарында есепші, бас есепшінің көмекшісі болып еңбек етті. Ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, 1984 жылы зейнеткерлікке шықты. Шалданбай Шанбаевтың өмір жолы тек майдан даласындағы ерлікпен ғана емес, бейбіт күндегі қажырлы еңбегімен де ерекшеленеді.
Иә, ерлік елеусіз қалған жоқ. II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған. Бүгінде зұлмат күндердің енді қайталанбауын, ел мен жердің амандығын тілеп қана отыратын майдангердің кеудесіндегі әрбір орден, медаль өткен күндердің үнсіз шежіресі іспетті.

Иван МАКЕЕВ
Ал Иван Макеев 1927 жылдың 10 шілдесінде Ресейдің Тамбов облысының Мучкапск ауданына қарасты Мучкап селосында дүниеге келген. Қарапайым орыс отбасында өсіп, балалық шағын ауылда өткізеді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ жауапкершілік пен тәртіпті ұнататын. Алайда Иван Макеевтің де жастық шағы соғыс жылдарының ауыр кезеңімен тұспа-тұс келді. Ел басына күн туған шақта қатарластары сияқты Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.
Мектепті тәмамдағаннан кейін Иван Макеев Забайкалье майданында ерекше мақсаттағы радиодивизион құрамында тек батылдықты ғана емес, зеректік пен сабырды талап ететін барлаушы қызметін атқарды.
Иван Макеев Харбин, Мукден, ЧаньЧюнь қалаларын азат ету жолындағы шайқастарға қатысып, соғысты ЧаньЧюнь қаласында аяқтады. Алайда соғыс аяқталса да 1951 жылға дейін Чань-Чюнь қаласында әскери борышын жалғастырды.
1952 жылдан бастап Иван Макеев облысымыздың ішкі істер саласында ұзақ уақыт бойы еңбек етті.
– Қай салада жүрсем де «халыққа пайдаң тисін» деген ұстаныммен өмір сүрдім. Біреудің отбасын аман сақтау, бір адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл да бір майдан. Тек мылтықпен емес, заңмен, тәртіппен қорғайтын майдан.
Бүгінгі ұрпаққа айтарым, тыныштық деген – ең үлкен олжа. Соғыс дегеннің не екенін көзіммен көрген адаммын. Әкешешесінен айырылған балалар, қираған қалалар, аштық пен үмітсіздік... Мұндай қателіктерге енді жол беруге болмайды. Армияға барсаңдар – адал қызмет етіңдер, маман болсаңдар – елге пайдалы болыңдар. Әр адам еліне қалқан, қоғамға тірек болса, еңбегіміздің ақталғаны, – дейді ардагер.
И.Макеев «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков», «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Әр медаль – бір тарих, бір тағдыр. Ол көрген қиындықтар мен сынақтар бүгінгі ұрпаққа үлкен сабақ. Ол майданда да, бейбіт өмірде де өз орнын тапқан тұлға.

Геннадий ИВАНОВ
Әр қадамы ерлікке толы жанның бірі – Геннадий Иванов. 1926 жылдың 8 шілдесінде Кемеров облысының Яшкинск ауданында дүниеге келген ол қарапайым орыс отбасында тәрбиеленіп, жастайынан білімге құштар болып өсті. Кемеров педагогикалық училищесін тәмамдап, ұстаздық жолға бет бұруға дайындалды. Алайда 1943 жылдың қараша айында небәрі 17 жасында Қызыл Армия қатарына алынды.
1944 жылдың қараша айынан бастап бірінші Украина майданы құрамында шайқастарға қатысты. 13-армияның 350-атқыштар дивизиясы, 917-артиллериялық полкінің құрамында қызмет етті. Г.Иванов 120 миллиметрлік минометті басқаратын есептоптың командирі болды. Бұл қызметте тек әскери шеберлік емес, салқынқанды шешім қабылдай білу қабілеті қажет еді. Жас болса да өз міндетін мінсіз атқарды. Сөйтіп, аға сержант өз полкімен бірге фашистік Германияның астанасына дейін жетті. Бұл оның жауынгерлік жолының ең биік белесі еді.
1945 жылдың маусымына дейін майдан шебінде болып, кейін Боровичск әскери училищесін экстерн түрде бітіріп шықты. Бұл оның білімге деген ынтасын көрсетті. Лейтенант шенін алып, 1956 жылдың қыркүйегіне дейін әскер қатарында болды. Рота саяси бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарды. Бұл қызметте де жауапкершілік пен тәртіптің үлгісін көрсетті. Әскери өмір оны шыңдап, тұлға ретінде қалыптастырды.
Запасқа шыққаннан кейін Г.Иванов Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына қоныс аударды. Бұл қала екінші отанына айналды. Педагогикалық институтты бітіріп, ұстаздық жолды таңдады. Математика пәнінің мұғалімі ретінде қала мектептерінде ұзақ жылдар еңбек етті. Оның сабағы тек формула мен есепке ғана емес, өмірлік тәрбиеге де толы болды.
Осылайша ол бейбіт өмірдің батырларының біріне айналды. 1986 жылы алпыс жасында зейнеткерлікке шыққан майдангер II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Сонымен қатар 12 мерекелік медальдың иегері. Бұл марапаттар – майдандағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі еңбегінің айғағы.
Өмірі тұтас бір дәуірдің көрінісіне айналған жандар соғыстың ауыртпалығы мен бейбіт өмірдің қуанышын қатар көріп келеді. Олардың тағдыры тарихпен сабақтас, ал әрбір өткен күні ел жадында сақталған тағылымды шежіре. Осындай жандардың арқасында бүгінгі ұрпақ бейбіт өмір сүріп отыр. Ерлік ешқашан ұмытылмауы тиіс, өйткені ол ұлт рухының мәңгілік тірегі. Қарт жауынгерлердің өмір жолы кейінгі буынға бағыт-бағдар беретін шамшырақ іспетті. Сондықтан да оларды құрметтеу өткенге тағзым ғана емес, болашаққа деген жауапкершіліктің белгісі.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ