Мәдениет

Ерлік пен еңбектің ғибратты жолы

Сұрапыл соғыс жылдары ел үшін жанын шүберекке түйіп, от кешкен ерлердің бірі – Жамбыл ауданы, Қостөбе ауылының тумасы Әзизбек Тілеубайұлы. Бұл күнде бақилық болған майдангерді ауылдастары құрметпен еске алады.Әзизбек Тілеубайұлы Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысқан санаулы сарбаздардың қатарында.

18 жастағы Әзизбек 1941 жылдың шілде айында әскер қатарына алынады. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған сарбаздар мінген эшелон 20 күн жүріп, Белоруссияның Могилев қаласына жетеді.

Алғашында сарбаздар аз уақыт оқужаттығу дайындығынан өтеді. Содан кейін Әзизбек Тілеубайұлы майданға өзімен бірге аттанған жерлестері Әуезхан, Рәпілдерден бөл ініп, басқа бөлімшеде қалады. Жерлестерінен бөлінген майдангер бірден соғысқа аттанбай, бастапқы уақыттарда барлаушылық қызметте жүреді.

 Бала кезден елгезек жігіт жауынгерлік қызметті жауапкершілікпен атқарған. Жас сарбаз берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, командирлер арасында көзге түсе бастайды.

Әзизбек Тілеубайұлының жасаған барлауының арқасында кеңестік жауынгерлер алдағы бағдарды біліп, қарсы тарапқа ұрыс тәсілдерін дұрыс жасай алды. Кейіннен өзі ширақ, ісі пысық жас жігітті полк командирі шақырып алып: «Әзизбек, сен жақсы жауынгер екеніңді дәлелдедің. Барлау қызметінде де берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындадың. Алғыс жариялаймын. Енді сені өте қиын жаңа соғыс техникасын оқыпүйренуге жібергелі отырмыз. Қалай қарайсың, келісесің бе?» – деп ұсыныс жасайды. Командирдің шешімі талқыланбайды.

Осылайша шұғыл дайындықтан өткен Әзизбек «Катюшаның» зеңбірекшісі болып шыға келеді. Ол №47 ерекше реактивті артиллерия полкінде қызмет етіп, жеңісті жақындату жолында аянбай еңбек етеді.

Майдангер көзі тірісінде газеттерге берген мақалаларының бірінде: «Катюшадан алғаш оқ ату біздің сарбаздарға берілді. Бұл қарудың қаупі көп: кейде зеңбірек кейін шегінбей, өзіңе қатер төндіруі мүмкін. Бірақ мүмкіндік болмай қалған кезде жылдам оқ атуға тура келеді», – деп соғыс жылдарын еске алған.

 Әзизбек Тілеубайұлы Киев үшін шайқаста, Орал, Курск бағыттарындағы ұрыстарда ерлік көрсеткен. Оның майдандағы ерліктері І дәрежелі «Отан соғысы» және жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен бағаланған.

Балаларының айтуынша, Әзизбек Тілеубайұлы майдан тақырыбын көп қозғамаған, көп нәрсені ашық айтпаған. Балалары қанша сұраса да «Оны айтатын несі бар?» деп қысқа қайыратын болған.

 Әзизбек Тілеубайұлы 1947 жылы елге оралған соң білімін жетілдіріп, Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумының «Есеп-санақ» бөлімін бітіреді. Әуелі қызылшашы болып еңбек етеді. Содан 1982 жылға дейін 35 жыл бойы Қостөбе ауылында табан аудармай есепші қызметін атқарады.

Қостөбеде көзі ашық азаматтардың аз кезі. Әзизбек Тілеубайұлы әрі есепші болған, әрі сол ауылды басқарған. Әзизбек ата өмірлік жары Дариға апа екеуі 12 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Перзенттерінің бәрі жоғары білімді. Осы орайда Әзизбек Тілеубайұлының баласы Ақылбек Әзизбекұлы майдангер әкесі жайлы былай дейді.

 – Әзизбек көкем өте білімді кісі еді. Еңбек жолын фермада есепші болып бастап, кейін еңбегінің арқасында басқарушы деңгейіне дейін көтерілген. Еңбек озаттарының қатарында болды. Тіпті еңбегі еленіп, Мәскеуге делегат ретінде съезге барып қайтқан.

Қызылша өсіру бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, арнайы тәжірибелік, селекциялық алқаптарда өте жоғары өнім алған. Есімде, шамамен 600 центнерге дейін өнім жиналған. Соның арқасында бүкіл Одақ бойынша бірінші орынға шыққан кездері де болған, – деді А. Әзизбекұлы.

Осылайша қиын шақта Отан қорғап, бейбіт күнде ауыл халқына қызмет еткен әзиз жан 2007 жылы 84 жасында бақиға аттанды. Майдангердің жасаған ерліктері көпке үлгі.

Сымбат ҚУАНЫШ