Әлеумет

Сертінен таймаған сымбат

Ата-бабамыздың ел мен жерді қорғауына, оны көздің қарашығындай сақтауына қатысты сөз қозғағанда «Тоқымдай жерді қызғыштай қорып..» деп жататынымыз бар. Шын мәнінде, қазақ жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр. Осындай ұлан ғайыр даланы атам қазақ аттың жалында, түйенің қомында жүріп қорғап, ұрпақтан ұрпаққа көздің қарашығындай сақтауды аманат етіп қалдырған. Ел шетіне жау тисе, ер етігімен қан кешкен талай нәубеттің бастан өткені тарихтан аян. Кең-байтақ даламызға көз алартқан жау қыр астынан жасанып келгенде ұлымыз құл, қызымыз күң болмас үшін қазақ тайлы-таяғымен атқа қонып, ел мен жерді қасық қаны қалғанша қорғаған.

Асылында, Отан қорғау ұғымы – ұрпақтан ұрпаққа ананың сүтімен, әкенің тәлімі арқылы берілетін қасиет. Негізінде ашамай мінген баланың ат жалын тартып мінер азамат болар шағына дейін елге қорған болуды жасы үлкендер бұлжымас парыз, бұзылмас борыш ретінде ертегі, аңыз-әпсана, батырлар жыры арқылы дәріптеп отырған. Отан үшін отқа түсудің үлкен мәртебе екені ұрпақ санасына осындай жолмен сіңіп, ер-азаматтың жадында осылай жатталған.

7 мамыр – Отан қорғаушы күні. Аталған мерекенің мәні Отан алдындағы жауапкершілікті жүрегінде сақтап, ел мен жерді қорғау жолында тер төккен, осы салада қызмет етіп жүрген жандарға көрсетер құрмет арқылы айшықталады. Жалпы адам бойынан темірдей тәртіп пен асқан төзімділікті, намыс пен өжеттілікті талап ететін әскери қызметті кез келген адам таңдай бермейді. Бұл қызметті қалтқысыз атқаруға салаға тән ерекшеліктерге төтеп бере алатын адамдар ғана саналы түрде барады. Бүгінде осындай талап үдесінен шығып жүрген ер-азаматтармен қатар, тақырыпқа арқау етер қыз-келіншектер де арамызда жетерлік. Олардың да әскери антқа адал, берілген тапсырманы мінсіз әрі мүлтіксіз орындаудағы болмысы алабөтен. Арысы Тұмар патшайым, Бопай ханым, берісі Әлия мен Мәншүк секілді ержүрек қыздардың жолын жалғаған бүгінгінің нәзікжанды жауынгерлері туралы таңды-таңға ұрып толғауға болады. Соның бірі – Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадада еңбек ететін ефрейтор Сымбат Томбаева.

Ол 1996 жылы Алматы облысы, Жаркент қаласында дүниеге келген. Қазіргі Абай облысы, Аягөз қаласына қарасты Мамырсу ауылындағы С.Ғаббасов атындағы орта мектепте білім алған. Кейін арнаулы орта білімді политехникалық колледжде жалғастырып, «Экономист-бухгалтер» және «1С» мамандығын игерген.

– Әкем Бақытбек Томбаев отбасымыздың ұзақ жыл бойы әскери салада абыройлы қызмет еткен мақтанышы. Қазір зейнеткер. Інім де осы салада еңбек етуде. Әскери салада қызмет етуіме осындай орта айрықша әсер етті. Бала кезден әкеме еліктеп өсіп, «Мен де өскенде әскери адам боламын» деп алдыма мақсат қойдым. Сол мақсатыма қолым жетті.

Еңбек жолымды 2019 жылы Аягөз қаласындағы 10181 әскери бөлімде бастадым. Кейін тәжірибе жинақтап, 2023 жылы Тараз қаласындағы 28903 әскери бөлімге ауыстым. 2024 жылы Үндістанда өткен әскери оқу-жаттығуға қатысып, жақсы нәтиже көрсеттім. Сол жылы 85395 әскери бөліміне, яғни Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадаға ауысып, қазіргі таңда аға маман, аға радиотелефонист лауазымында қызмет атқарып жүрмін. Негізгі міндетім – бөлімді тұрақты әрі сенімді байланыспен қамтамасыз ету.

Жалпы әскерилер арасында «Байланыс барда – жеңіс қолда!» деген сөз бар. Себебі кез келген әскери іс қимыл барысында миссияның мінсіз орындалуы байланысшылардың жұмысына қатысты. Кез келген әскери техникада байланыс құралы болады. Мысалы, бізге жаудың қай жерде, қанша қашықтықта орналасқаны туралы әскери тілде, яғни құпия сөз арқылы тапсырма беріледі де біз сол арқылы жаудың көзін жоямыз. Сол секілді жағдайды тиісті басшылыққа құпия сөз арқылы баяндаймыз. Талап бойынша бөлімде байланыс бір сәтке де үзілмеуі керек. Сондықтан да күнделікті жұмысымыз байланыс құралдарын тексерумен, олардың қалыпты жұмыс істеуін қадағалаумен астасып жатыр.

Көпшілік әскери саланы ер адамдарға тән қызмет деп қабылдайды. Бірақ мен онымен келіспеймін. Әйел адам да бұлсалада өз орнын таба алады. Әрине, жауапкершілік жоғары, қатаң тәртіп талап етіледі, кейде физикалық тұрғыдан да бізге төтеп беру оңайға соқпайды. Бірақ әр жұмыстың өз қиындығы бар. Соған бейімделіп, төзе алсаң, барлық қиындық артта қалады.

Менің ойымша, бүгінгі таңда әскердегі қыз-келіншектердің орны бөлек. Бұрымдылар да өз міндетін ер-азаматтармен қатар әрі олардан қалыспай, лайықты деңгейде атқарып жүр. Өз басым әскери салаға қатты қызығуымның арқасында түрлі техникаларды басқаруды меңгеріп, тіпті танк секілді ауыр әскери техниканы да жүргізуді үйреніп алдым.

Әскери қызметте есте қалған оқиғалар көп. Оның ішінде ауыр техниканы жүргізуді меңгеру барысындағы жағдайлар және Үндістанда өткен әскери оқу-жаттығуға қатысып, тәжірибе алмасу кезіндегі оқиғалар жадымда мәңгі сақталып қалды, – дейді Сымбат Бақтыбекқызы.

Осы әскери бөлімнің штаб бастығы, подполковник Шерхан Тоқбалаевпен тілдескенімізде ол Сымбат Томбаева жайлы жылы пікір білдірді. Айтуынша, ефрейтор еті тірі, білікті жауынгердің бірі.

– Біздің әскери бөлімде әскери қызметші Сымбат Бақытбекқызы 2024 жылдың қараша айынын бастап еңбек етуде. Ол әскери қызмет барысында өзін тек жақсы жағынан көрсетті. Мәселен, далалық жаттығулар кезінде байланыс құралымен жұмыс істеу, әскери техниканы тізгіндеу, таулы жерде арқанмен төмен түсу секілді басқа да тапсырмаларды үнемі сәтті орындап, көзге түсіп жүр. Ел ішіндегі және халықаралық жарыстарға Сымбат секілді таңдаулы жауынгерлер жіберіліп, бақ сынайды. Сондай сәтте әріптестерін жерге қаратқан кезі болған емес. Спорттық жарыстарға да қатысып, бірінші, екінші орындарды иелену арқылы әскери бөлімнің беделін асқақтатуда. Қазіргі таңда осындағы мерзімді әскери қызметшілерге өзін үлгі етіп көрсетуде әрі оларға байланыс құралымен жұмыс істеу жөнінде білгенін үйретіп, сабақ өтеді, – деді Шерхан Әбдірахманұлы.

Кейіпкеріміз бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Оның айтуынша, әскери қызмет пен жеке өмірді қатар алып жүру оңай емес. Соған қарамастан бұл жолды таңдаған адам кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Қызметтің талаптары қатаң, уақыттың дені соған жұмсалады. Дегенмен бос уақытын барынша балаларына арнауға тырысады. Оның өмірге деген құлшынысына, алға ұмтылысына күш беретін де осы екі перзентінің болашағы болса керек.

Сымбаттың өмірлік ұстанымына әсер еткен жандар оның ата-анасы. Әкесі Бақтыбек Ешембайұлының әскери жолы, анасы Гүлбаршын Томбаеваның берген тәлім-тәрбиесі Сымбаттың өмірден өз орнын табуына айрықша әсер етті. С.Ғаббасов атындағы орта мектепте қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берген Гүлбаршын Қаленқызы өзінің ұл-қыздарынан ұстаздың баласы деген атқа лайық болуды талап етті. Бойына өзгеге үлгі боларлықтай қадір-қасиетті сыналап сіңірді.

– Әскери салада қызмет еткісі келетін жас қыздарға айтарым, олар жүрегі осы саланы қаласа, ешқашан тартынбауы керек. Әскери өмірдің қуанышы да, қиындығы да қатар жүреді. Бұл салада адамға алдымен мінез, төзім секілді қасиеттер ауадай қажет. Тәртіпке бағыну, тапсырманы дер кезінде орындау, жауапкершілікті сезіне білу, әскери іс қимылда адамды тығырыққа тірейтін сәттер пайда болса, оңтайлы шешім қабылдай алу секілді қасиеттер әскери маманның ең басты артықшылығының бірі болуы тиіс. Соған дайын болған адам өз өмірін осы саламен ұштастыра алады.

Жалпы халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген нақыл сөз бар. Сондықтан да қай істе болмасын отбасы жайына, бала-шағаның қамы мен болашағына бейжай қарауға болмайды. Біз де боз ала таңнан қара кешке дейін әскери қызметте жүрсек те бала тәрбиесіне әрдайым жеткілікті көңіл бөліп келеміз. Әрбір ана бауыр еті баласына барынша көңіл бөлетініне күмәнім жоқ.

Өзім спортты да қатар алып жүруге тырысамын. Әскери бөлімде волейбол ойнаумен айналысамыз. Түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болдық. Бұл да, бір жағынан, шынығуға, сергек жүруге септігін тигізуде.

Өзім аталған әскери бөлімде қызмет етіп жүргенімді мақтан тұтамын. Ондағы әскери мамандардың қыран құстай көкте қанаты талмай ұзақ самғай бергенін қалаймын. Осы ретте Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригаданың командирі, подполковник Арман Сабыров бастаған барлық әріптесімді, әскери қызметтегі нәзікжандыларды 7 мамыр – Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Аспанымыз ашық болсын! – деп тілек білдірді С.Томбаева.

Отанға адал қызмет ету – әр азаматтың абыройлы борышы. Бұл ретте ер азаматтармен қатар, ел қорғаны болу жолында тер төгіп жүрген Сымбат секілді арулардың да еңбегін елеу, өзінен кейінгілерге үлгілі жас ретінде дәріптеудің маңызы зор деп ойлаймыз. Ел іргесінің беріктігі мен тыныштығы жолында қалтқысыз қызмет етіп жатқан әскерилер қай кезде де құрметке лайық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ