Спорт

Мықтылардың ізін басқан жас талант

Серік Қонақбаев, Болат Ниязымбетов, Болат Жұмаділов, Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев... Бұл есімдер Жамбыл жұртшылығына жақсы таныс. Себебі аты аталған былғары қолғап шеберлері түрлі ірі жарыстарда, Олимпиада ойындарында өңірдің ғана емес, күллі қазақ елінің атын асқақтатып, беделін биіктетті. Аға буынның тәлімінен нәтиже шығарып, ізбасарларына үлгі көрсетті. Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде Жамбыл боксының жай-күйі көпті алаңдатып жүрген болатын. Дегенмен «Ат тұяғын тай басар» демекші, талантымен талайды қуантып жүрген, болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар да жоқ емес. Солардың бірі – Әли Бауыржан.

Жас спортшы 2005 жылы Байзақ ауданының Мырзатай ауылында дүниеге келген. Бокспен алты жасынан бастап шұғылданады. Әкесі де бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ал анасы – бухгалтер. Жалпы отбасында 6 бала болса, Әли үйдің үлкені.

Әли жоғары сыныпта оқып жүргенде алдымен аудандық, одан кейін облыстық сайыстарда танылған. Өз салмақ дәрежесі бойынша аудандық, облыстық жарыстардың бірнеше рет чемпионы атаныпты. Спортшының алғашқы бапкері – Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевты баптаған Нұрлан Ақүрпеков.

 Былғары қолғап шеберімен тілдескенімізде спорттық мансабында ірі жетістіктерге жетуіне жаттықтырушысының тигізген көмегі көп болғанын сөз ете отырып, алдағы жоспарлары туралы да айтып берді.

– Әкемнің өзі де спортшы, бокстан спорт шебері еді. Бала күнімнен әкем жаттығу жасатып, бокс спортының қыр-сырын үйретті.

 Кішкентай кезімнен әуесқой бокске қызығып өстім. Қазір Қазақстанда кәсіпқой бокс қарқынды дамып келеді, сондықтан өз бағымды сынап көруге бел будым. Өскеменде өткен байрақты бәсекеде алғаш рет халықаралық деңгейдегі жеңіске қол жеткіздім. Жекпе-жектен соң әкем хабарласты. Сол сәтте ең алғашқы қуанышымды туған-туыстарыммен бөлістім. «Мен жеңдім» дегенде олардың шексіз қуанғаны өзіме де ерекше жігер берді. Мұның алдағы биік мақсаттарға бастайтын үлкен мотивация екенін сезіндім.

Келесі жарысым Тараз төрінде өтті. Ол жарыста да жеңіс тұғырынан көріндім. Рингке шығар сәтте жауапкершілік жүгі ауыр болды, – деді Әли Әділбекұлы.

Кәсіпқой бокстың тәртібі бойынша спортшылар, ең алдымен, салмақ өлшеу рәсімі, мандаттық комиссия, одан кейін көзбе-көз жүздесуден өтеді. Боксшының айтуынша, сол кезеңдерде қарсыласыңның психологиясын да байқауға болады екен. Сондай-ақ ол өзінің тек жеңіс үшін дайындалатынын жеткізді. Оған қоса спортта жетістікке жету үшін тәртіптің маңызды екенін де тілге тиек етті.

 – Спортта мотивация емес, тәртіп маңызды. Кейде шаршаған сәтте «Осы жолды не үшін бастап едім?» деп ойланасың. Осылайша, ең әуелі, өзің үшін күресу керек екенін түсінесің.

Спортшы болу – өзім үшін үлкен мақтаныш. Өйткені көк ту тек екі жағдайда ғана көтеріледі. Мемлекет басшысы шетелге барғанда және спортшылар жеңіс тұғырынан көрінгенде.

Спортта ешнәрсеге оңай қол жетпейді. Бірде жеңіс, бірде жеңіліс. Сондықтан ешқашан берілмеу керек. Өзім де талай рет дене жарақатын алдым.

Ал полиция академиясын таңдауыма туған жерге, еліме деген махаббат себеп болды. Форма кию, елге адал қызмет ету, тәртіпке бағыну – мен үшін үлкен мақтаныш. Біз алдымен тәртіпті үйренеміз, содан кейін заңды меңгереміз. Өйткені тәртіп өзіңнен басталады.

Құқық қорғау саласында оқу маған әділдікке басқа қырынан қарауды үйретті. Әділдікті тек эмоциямен емес, заң тұрғысынан бағалау керектігін ұқтырды. Қазір қоғам көбіне үстірт пікір айтады, бірақ, шын мәнінде, әр шешімнің артында заң мен дәлел жатыр.

Ендігі мақсатым – академияны аяқтап, Қарағанды қаласында қызмет ету. Сонымен қатар кәсіпқой бокста биік белестерді бағындырып, ел намысын асқақтату, – деді Ә.Бауыржан.

Бүгінде кейіпкеріміз Ішкі істер министрлігіне қарасты Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанты әрі полиция сержанты. Қазір оны КСРО Спорт шебері Мұрат Сапаров баптайды.

– Әлимен жұмыс істей бастағаныма 1 жылдан астам уақыт болды. Қазақта «Болар баланың белін бу» деген жақсы бір тәмсіл бар. Ол бізге ә дегеннен-ақ талабы да, таланты да келіскен жігіт екенін көрсетті. Жаттығуға алғаш келіп танысқан сәттен бастап көзінен от, сөзінен жігері байқалды.

Меніңше, спортта болсын, өмірде болсын, жетістікке жету үшін адамға мінез керек. Талантты еңбекпен дамытып, адамды биік шыңдарға жетелейтін – сол мінез. Осындай мінез Әлиде де бар. Оның әр қимылында, әр ісінде қайрат, асқақ рух байқалады. Сондықтан біз оның болашағынан үлкен үміт күтеміз.

Жыл басында Таразда өткен жарыста қарсыласын бір минутқа жеткізбей сұлатып салғаны осы сөзімнің айғағы болса керек. Өзім де кезінде шаршы алаңда талай шарпысып, жарыстарда бақ пен бабымды сынадым. Сол кезде маған ұстаздарым үйреткен дүниелерді, өз тәжірибемнен түйгендерімді қолымнан келгенше осы бір ізімізді басып келе жатқан дарынға сіңіргім келеді. Алда талай сындармен қатар, біз бағындыратын биік белестердің де көп екеніне сенемін, – деді Мұрат Мұзаппарұлы.

Айта кетерлігі, Әли Бауыржан америкалық «boxrec.com» порталында 24 спортшының арасында 13-сатыда тұр. Алдағы уақытта 21 мамыр күні өтетін Ішкі істер министрлігінің чемпионатында 75 келі салмақ дәрежесі бойынша бақ сынамақ.

Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ