Қоғам

Батырлар рухы цифрлық кеңістікте жаңғыртылады

Ұлы Отан соғысы – ХХ ғасырдағы адамзат баласына зор қайғы-қасірет әкелген тарихи кезеңдердің бірі. Бұл соғыс миллиондаған адамның тағдырын талқандап, сан мыңдаған отбасының шаңырағын шайқалтты. Қазақстан халқы да бұл нәубеттен шет қалған жоқ. Майданға 2 миллионға жуық қазақстандық аттанып, олардың тең жартысы туған жерге қайта оралмады. Әрбір екінші отбасы қара жамылып, әрбір ауыл қайғы арқалады.

Соғыс жылдары елде қалған қарттар, әйелдер мен балалар да қарап қалған жоқ. Олар тылда тынымсыз еңбек етіп, майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен және қару жарақпен қамтамасыз етті. Миллионға жуық адам күн-түн демей жұмыс істеп, жеңістің жақындауына өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан Ұлы Жеңіс тек майдандағы ерліктің ғана емес, тылдағы төзім мен еңбектің де жемісі.

Алайда уақыт өткен сайын сол сұрапыл соғыстың куәгерлері, ардақты ардагерлер қатары сиреп барады. Бүгінде олардың әрқайсысы тірі тарих, көзімізбен көріп, тілдесіп үлгеретін асыл мұра десек, еш қателеспейміз. Сол себепті олардың ерлігін ұмытпай, есімдерін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ парызымыз.

Осы бағытта мемлекет тарапынан бірқатар маңызды жобалар қолға алынып келеді. Соның бірі – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі өткен жылы іске қосқан «Батырларға тағзым» атты онлайн портал. Аталған жоба – соғысқа қатысқан қазақстандықтардың ерлігі мен тағдырын жүйелеп, оны келер ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен бірегей цифрлық алаң.

Порталдың ерекшелігі – кең ауқымды дерекқорында. Мұнда соғыс ардагерлері, Кеңес Одағының Батырлары, «Даңқ» орденінің кавалерлері туралы жан-жақты мәліметтер жинақталған. Әрбір пайдаланушы өзіне қажетті ақпаратты оңай тауып қана қоймай, өзі де осы игі іске үлес қоса алады. Мәселен, кез келген азамат өз туысының соғыстағы өмір жолы туралы естеліктерді енгізіп, фотосуреттерін жүктеп, бұрын белгісіз болған деректерді толықтыра алады.

Аталмыш портал тек ақпараттық ресурс емес, халықтың ортақ жадына айналып келе жатқан маңызды жоба. Себебі әрбір енгізілген дерек бір адамның ғана емес, тұтас бір әулеттің, тіпті ұлттың тарихының бір бөлшегі. Сонымен қатар порталда батырлар галереясы, жаңалықтар бөлімі үздіксіз жаңартылып отырады. Бұл өз кезегінде жас ұрпақтың тарихқа деген қызығушылығын арттырып, патриоттық рухын нығайтады.

Қазіргі таңда соғыс ардагерлерін іздестіру бағытында халықаралық деңгейде де түрлі жобалар жұмыс істеп келеді. Солардың ішіндегі ең ірілерінің бірі – Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі құрған «Мемориал» ақпараттық базасы. 2003 жылы іске қосылған сайтта соғыс жылдары қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен миллиондаған жауынгер туралы мәлімет сақталған. Қарапайым іздеу жүйесі бойынша адамның аты-жөнін, туған жылын немесе әскери бөлімін енгізу арқылы оның тағдыры туралы деректерді табуға болады.

Осындай мүмкіндіктің арқасында көптеген қазақстандық отбасылар ондаған жыл бойы беймәлім болып келген жақындарының тағдырын біліп жатыр. Соның жарқын мысалы – Талас ауданы, Сәду Шәкіров ауылында тұратын Әуелбектер әулеті. Мөлдір Нұрболқызы біраз жылдан бері майдан даласынан хабар-ошарсыз кеткен атасы Өнербек Әуелбекұлы туралы тың мәліметтерді анықтау мақсатында сайттар мен порталдарды шолып келеді. Алайда ешқандай хабар жоқ.

– Атамызды жайлауда жүрген жерінен соғысқа алып кеткен екен. Ол кісінің ары қарайғы тағдыры белгісіз. Мен осы уақытқа дейін сайттардан қарап, іздеп келемін. Бірақ атамның аты-жөні, қай жерде жерленгені, не болғаны туралы ақпарат жоқ. Егер қандай да бір жайтты көзіміз шалса, ұзақ уақыт бойы атамыздың тағдырынан бейхабар болып келген біздің әулет үшін үлкен жаңалық болар еді. Бір таныстарымыз да дәл менікі секілді сайттарға іздеу салып, аталарының қайда, қалай қаза тапқанын біліп қана қоймай, оның соңғы суретін де көрген екен. Бұл жылдар бойы іште жүрген сағыныш пен белгісіздіктің орнын толтырған сәт еді. Мен әлі де болса үмітімді үзбеймін, – дейді Мөлдір.

Дегенмен мұндай халықаралық дерекқорлардың кемшіліктері де жоқ емес. Көптеген қазақ есімдері орыс тілінің заңдылықтарына сәйкес бұрмаланып жазылған. Кейбір жағдайда жауынгердің ұлты көрсетілмейді. Бұл тарихи әділдік тұрғысынан маңызды мәселе. Өйткені Ұлы Жеңіске тек бір ұлт емес, көпұлтты Кеңес халқының барлығы үлес қосты.

Сондықтан отандық бастамалардың маңызы ерекше. Солардың бірі – профессор Майдан Құсайынов жетекшілік ететін «Мемориальная зона» іздестіру отряды. Аталған топ жиырма жылдан астам уақыт бойы Ленинград маңындағы Синявин қыратында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер туралы деректерді жинақтап келеді. Олар тек іздестіру жұмыстарымен ғана емес, жауынгерлердің жерленген орындарын күтіп-баптаумен де айналысады.

Сонымен қатар Павлодар облысының мұрағат қызметкерлері де соғыстан оралмаған жерлестер туралы мәліметтерді жинап, арнайы тізімдер жариялаған. Бұл жұмыстар – ұмыт болған есімдерді қайта жаңғыртып, тарихи әділдікті қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадамдар.

Бүгінгі цифрлық дәуірде мұндай онлайн платформалар ерекше рөл атқарады. Олар уақыт пен кеңістік шекарасын жойып, кез келген адамға тарихқа үңілуге мүмкіндік береді. Әсіресе жас ұрпақ үшін бұл – өткенді танудың, ата-баба ерлігін сезінудің тиімді жолы.

Ұлы Отан соғысының тарихы – тек өткеннің естелігі ғана емес, бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізі. Сондықтан сол бір қиын-қыстау кезеңде жанын қиған батырлардың есімін ұмытпай, ерлігін дәріптеу – әрбір азаматтың адамгершілік әрі азаматтық борышы.

«Батырларға тағзым» сияқты жобалар осы қасиетті міндетті орындауға үлкен мүмкіндік береді. Ол – тек сайт емес, халықтың жүрегіндегі алғыс пен құрметтің цифрлық көрінісі.

Айжан ӨЗБЕКОВА