«Тәубе» романы таныстырылды
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында белгілі журналист әрі қаламгер Қуат Бораштың «Қазіргі заманғы қазақ романы» байқауында арнайы жүлде иеленген «Тәубе» романының таныстырылымы өтті.
Романда қазақ қоғамының соңғы жүз жылдағы рухани өзгерістері, дін мен дәстүр сабақтастығы және ұрпақтар дүниетанымындағы алмасулар кеңінен баяндалған. Автор сенім мен күмән, адасу мен жаңғыру секілді күрделі үдерістерді көркемдік тұрғыда шебер өрнектеген.
Кітаптың таныстырылымында зиялы қауым өкілдері мен әдебиеттанушылар ой қозғап, пікір алмасты. Белгілі жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының айтуынша, бұл еңбек өте өзекті тақырыпты қозғаған.
– Қуат Борашпен бірге республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет етіп, ортақ мақала жазған сәттеріміз де болды. Содан бері шығармашылығын бақылап келемін. Қуаттың жазу мәнерінде қазақ прозасына тән сабырлылық пен байсалды баяндау стилі бар. Ойын жеткізуге асықпайды, оқырманды аптықтырмайды, керісінше, Ілияс Есенберлин сынды классиктерімізден бастау алған стильмен баурап алады.
«Қазіргі заманғы қазақ романы» сынды ірі бәйгеде жүлдегерлер қатарынан көрінуі қаламгерлік қарымының мықтылығы деуге болады. «Тәубе» романын оқып шығып, көкейде жүрген көп сауалға жауап тапқандай болдым.
Тәуелсіздік алғаннан кейін дін саласында да түрлі ағымдар пайда болып, біздің әлімсақтан келе жатқан дінімізге, ұлттық салт-дәстүрімізге шабуыл жасала бастағаны жасырын емес. Домбыраны харам санап, келін сәлемін жоққа шығарып, жастарымызды жат елдегі «ғазауат майданына» үгіттеген қауіпті үрдістер қоғамның дертіне айналды.
Осы күрделі мәселені үш ұрпақтың тағдыры арқылы шебер ашып көрсеткен. Романдағы атасы, әкесі және немересінің өмір жолы арқылы шебер суреттеген. Әсіресе коммунистік идеология кезінде имандылығын сақтап қалған қарттың бейнесі, оның партия қыспағына қарамастан өз ұстанымына беріктігі айрықша әсер қалдырады. Ал адасқан немересінің басынан өткен жағдайлар арқылы автор оқырманға «түптің түбінде барымызға тәубе дейік, жат ағымға еріп адаспайық» деген үлкен пәлсапалық ой салады. Шығарманың тілі ғана емес, көтерген жүгі де салмақты. Қаламдас бауырымның бұл табысына шын жүректен қуаныштымын. Осы туынды оның есімін елге таныта түседі деп есептеймін, – деді К.Сәттібайұлы.
Кеш барысында автор Қуат Қаһарманұлы сөз сөйлеп, шығарманың жазылу барысы мен негізгі идеясына қысқаша тоқталды.
– Былтыр жарияланған «Қазіргі заманғы қазақ романы» атты республикалық байқау маған өзімді толғандырып жүрген осы бір тақырыпта қалам тербеуге мүмкіндік берді. «Тәубе» романын жазып шығуға сегіз айға жуық уақыт кетті. Мыңнан астам үміткер қатысқан сол додада жеңімпаз атанған сегіз шығарманың қатарынан табылу Әулиеата қаламгерлері үшін де ортақ жеңіс деп білемін.
Шығармаға ХХ ғасырдың басынан бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының рухани тағдыры, ата дініміздіңбасынан кешкен ауыр сынақтары арқау болды. Қаламгер ештеңе ойлап таппайды, ол өз өмірінде көргенін, түйгенін, жүрегінен өткізгенін ғана жазады. Сондықтан бұл туынды – менің ғана емес, баршамыздың ортақ қасіретіміз бен рухани ізденісіміздің жемісі. Алдағы уақытта да осы қасиетті Тараз топырағының тарихы мен тынысын баяндайтын шығарма жазғым келеді, – деді Қ.Бораш.
Басқосу барысында Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұжымы кітап желісі бойынша жасанды интелект көмегімен әзірленген бейнероликті көпшілік назарына ұсынды. Іс-шараға қатысушылар авторға жылы лебіздерін білдірді.
Бұдан кейін іс-шара автордың білім алған мектебінде жалғасып, оған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның Құрметті журналисі Асқарбек Сейілхан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Маралтай Райымбекұлы, жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Көсемәлі Сәттібайұлы, сатира саңлағы Бақытжан Әлімқұлов, облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман, облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, «Аulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы және авторға оқушы кезінде сабақ берген мұғалімдері мен сынып жетекшісі қатысты.
Басқосуда сөз сөйлеген игі жақсылар қатарында қаламгердің ұстазы әрі сынып жетекшісі болған Нұршакүл Нұрсәбірова да болып, ол автордың балалық шағы жайлы естелікпен бөлісті.
– Қуат жастайынан мінезі байсалды, сабырлы азамат болып қалыптасқан. Әр айтқан сөзін ой елегінен өткізіп, асықпай, ойланып сөйлейтін қасиетімен ерекшеленетін. Бос сөзге әуес болмай, әр нәрсеге терең мән беріп қарайтын оқушы болды. Бала күнінен-ақ қолына қалам алып, шығармашылыққа бет бұрды. Кішкентайынан көрген-білгенін қағазға түсіріп, өз ойымен бөлісуді әдетке айналдырды. Әдебиетке деген қызығушылығы ерте оянып, соған жақын ортада өсіп-жетілді. Кітап оқуды сүйіп, сөздің қадірін түсініп өскен Қуаттың болашақта жазушы болуы да заңдылық секілді. Шәкіртімнің жазған дүниелерінен терең ой, өмірлік тәжірибе, адам жанына үңілу байқалады, – деді Н.Нұрсәбірова.
Соңғы бір ғасырдың бедерінде қазақ қоғамындағы ата діннің тарихы мен тауқыметті жолы қандай болғанын былайғы жұрт саралай бермейтіні анық. «Тәубе» романы – осы мәселе үш ұрпақ өкілінің өмір шежіресі арқылы суреттелетін әлеуметтік-психологиялық шығарма. «Қазығұрт» баспасынан 1 000 дана таралыммен жарық көрген «Тәубе» романы алдағы уақытта барлық мемлекеттік кітапханаларға таратылмақ.
Сымбат ҚУАНЫШ